Елордада «AMANAT» партия­сының қолдауымен Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдас­тырған «Алтын домбыра» респуб­ликалық ақындар айтысы өз мәре­сіне жетті.
Еңбек – береке бастауы
фото: Әли ҒАЛЫМ
683
оқылды

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партия­сының Төрағасы Ерлан Қошанов аламан айтыстың ашылу салтанатында сөз алып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың еңбек адамы мәртебесін көтеруді үнемі айтып жүргеніне ерекше назар аударды. 

«Биылғы «Алтын домбыра» ақындар айтысының өзіндік мәні бар. Бүгінгі айтыс қарапайым еңбек адамдарына ар­налады. «Еңбек – ел ырысы» деп отыр­мыз. Себебі берекенің бастауы – еңбекте. Ал оның иесі де, киесі де – қарапайым ең­бек адамдары. Осы ретте Мемлекет бас­шысы «Адал азамат» ұғымын қоғам сана­сына сіңіруді ұсынды. Айналып кел­генде, мемлекетті мемлекет, елді ел қы­лып отырған бай-бағыландар емес, қатар­дағы жұмысшылар, малшылар, диқандар, ұстаздар мен дәрігерлер. Қазір оларға деген қоғамның шынайы құрметі оянып келеді», – деді Е.Қошанов. 

Өз кезегінде, айтыс тізгінін ұстаған белгілі ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай көзіқарақты көрерменге қазылар алқасының құрамын және ақындар қауымын таныстыра келіп:

 «Айтыс – ұрпақтан ұрпаққа әкенің қаны, ананың сүтімен жеткен қастерлі өнер. Бүгін елорда төрінде еңбек адамы­ның қадір-қасиетін, олардың қоғамдағы ай­рықша орнын жырға қосамын деп ойы өрелі, сөзі сүбелі айтулы ақындар бас қосып отыр. Баршаңызға сәттілік тілеймін», – деді.

Айта кетейік, екі күнге созылған ала­ман айтыста еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 16 ақын өнер көрсетті. 

«AMANAT»-тың Атқарушы хат­шысы Дәулет Кәрібек дәстүрлі доданың мәні мен маңызына тоқталып, партия алдағы уақытта да мәдениет пен өнерге барынша қолдау көрсете бере­тінін жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының мәртебесін кө­теру­ді үнемі айтып келеді. Есілдің жаға­сында екі күн бойы ерекше өнер көрсет­кен ақындарымыз да еңбек адамының абыройын асқақтатып, олардың ел да­муы­на қосып жатқан өлшеусіз үлесін жыр­ға қосты. Елді көркейтетін – еңбек. Айтыс деп аталатын асыл өнеріміз төрден түспесін», – деді ол.

Реті келгенде қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова қазылар құрамы әдептен озбай, ардан аттамай, әділ шешім қа­былдағанын айтты. 

«Үндемесем өзіме өзім төре, сөйлеп кетсем өзіме сөзім төре» дейді қазақ хал­қы. Сол сөзге бүгін әділ бағасын берген қазылар алқасының ары таза деген ойда­мын. Күміс көмейінен жақұттай жыр төккен ақын­дарымызға шалқар шабыт тілеймін. Ұлттық өнеріміздің беделі биік, абыройы асқақ болғай», – деді Ә.Беркенова.

Осылайша, қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені қарағандылық Мақсат Аханов иеленді. Оған «Алтын домбыра» және автокөлік табысталды. 

Ал жүлделі 1-орын және «Айтыс ақтаңгері» атағы қызылордалық Мейірбек Сұлтанханға, 2-орын павлодарлық Аспанбек Шұғатайға бұйырды. 3-орынды ұлытаулық Төлеген Жаманов пен Батыс Қазақстан облысынан келген Жансая Мусина өзара бөлісті.

Сондай-ақ жамбылдық Алина Ай­даралы, Батыс Қазақстан облысының айтыскері Мұрадым Мирланов және алматылық Шұғайып Сезімхан арнайы жүлде иеленді.

Сайысқа түскен барша ақынға қомақ­ты сый-сыяпат табысталды.

Берік БЕК