«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жезқазған филиалының басшысы мен бас маманы қала тұрғындары мен шаруашылық субъектілерінен 70-тен 300 мың теңгеге дейінгі мөлшердегі заңсыз ақшалай сыйақы бопсалаған. Бұл туралы Aikyn.kz Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметке сәйкес, олар бұл қаражатты газды қосу рұқсатын және техникалық шарттарды жедел беру үшін талап еткен.
«Өңірдегі газдандыру саласындағы жүйелі проблемалар ҚМА Ұлытау облысы бойынша департаментінің әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізуі нәтижесінде анықталды. Облыс прокуратурасының үйлестіруімен өткізілген жедел шаралардың нәтижесі бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркелді», – делінген ресми хабарламада.
Аталған тұлғаларға қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалып, тергеу жүріп жатыр.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жариялауға жатпайды.
«ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі»,– делінген хабарламада.