Мемлекет басшысының пікірінше, қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап, төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді.
Қоғамдағы проблемаларды жасырмай, ашық айту керек – депутат
814
оқылды

 

Президент бүгін Ішкі істер министрі Ержан Сәденовпен, Бас прокурор Берік Асыловпен, Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевпен, сондай-ақ басқа да салалық ведомстволардың басшыларымен кездеуде Заң мен Тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс екенін айтты.

Мемлекет басшысының пікірінше, қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап, төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді.

Президент осындай келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып күресу керек деп санайды. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты Заң мен Тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажет. Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің батыл түрде жолын кесу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне елорда мейрамханаларының бірінде болған кісі өліміне қатысты резонанс тудырған оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.

«Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел», – деді Президент.

Президенттің сөзін Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза да қолдап, пікір білдірді.

«Заң жөнделмей – ештеңе жөнделмейді. Әділдік принципі күллі қоғамға бірдей болуы – мемлекет тұрақтылығының кепілі. Президент Қасым-Жомарт   Tоқаев та бұл философияны білетініне күмәнім жоқ. Мемлекет басшысының барлық жасап жүрген реформаларының түбінде – Заң мен Тәртіп қағидаты жатыр.

Бүгін Президентіміз сот, прокуратура және полиция басшылығын жинап, әділдік пен теңдік туралы мәселе көтергені хабарланды. Бұл тақырып – идеологияның темірқазығы болу керек. Бай/Кедей, Ер/Әйел, Дін/Тіл, Ұлт/Нәсіл айырмашылығына қарамай, заң бәріне бірдей болуға тиіс.

Қазақ даласын дүр сілкіндірген Бишімбаевтың қылмысы да, Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның шешіміне катализатор болған сияқты. Қоғамдағы проблемаларды жасырмай, ашық айту керектігі де дұрыс. Зорлық-зомбылық, вандализм, әйелдер мен жасөспірімдерге көрсетілетін әлімжеттік – осының барлығы қоғамымыздың дерті.

Ұзын сөздің қысқасы, “Тәртіпке бағынған қоғам – өркениетті болады” деген Президенттің сөзіне бой түзеу керек. Сонда жаман болмаспыз», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Фото: el.kz