Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, командалық әлем чемпионатының қорытындысымен қазақстандық құрама дүниежүзілік рейтингте 9-орынға жайғасты.
Испанияның Севилья қаласында өткен Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңінде командалар үш-үштен төрт топқа бөлініп, шеберлік байқасты. Қазақстан Словениядан қалып қойғанымен, өз тобында Аустралияны артқа тастап, екінші орынға ие болды. Сөйтіп, үздік сегіз команданың қатарына енді. Бірақ барлық құраманың көрсеткіштерін және бұрыннан жинаған ұпайларын есептегенде, қазақстандықтар 9-сатыға тұрақтады.
Қазақстан командасы Германия, Словакия, Румыния, Бельгия, Ұлыбритания, Польша секілді елдерді басып озды.
Қазақстан әйелдер құрамасы биылғы сәуірде өзінің ең үздік көрсеткіші – жетінші орынға көтерілген еді.
Әлемдік рейтингте биылғы Билли Джин Кинг кубогын өз тарихында алғаш рет жеңіп алған Канада көш бастады. Одан кейін Аустралия, Швейцария, Чехия, Италия, Франция, Испания, АҚШ, Қазақстан және Германия командалары орналасты.