«Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды» деп атап өткен Президент, осы жаман әдетке әсіресе жастар әуес екеніне назар аударды, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырған.
Осы мәселе Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының кеңейтілген жиынында да талқыланды. Жиында партияның ойын бизнесі, букмекерлік кеңселер мен лотерея қызметтері бойынша заң жобасын дайындауға бастамашы болып отырғаны сөз болды. Дайындалған заң жобасы бекітілуге тиіс.
Бүгінде 350 мыңнан астам қазақстандық азамат осындай ойындарға тәуелді. Елімізде құмар ойындардың салдарынан дертке шалдыққан 10 отбасының шамамен жетеуінің шаңырағы шайқалып жатыр. Бүгінгі күннің күйіп тұрған мәселесін айтып, қазір еліміздің барлық аймағында дабыл қағылып жатыр.
Жастар мен балалар арасында интернетке тәуелділік пен құмар ойындардың алдын алу шаралары жүруде. Мәселен, Түркістан облысында тұратын 2,1 млн тұрғынның 14-35 жас аралығындағы жастар саны 654 353 жеткен. Яғни, халық санының 30 пайызы.
Түркістан облысының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірінші жедел басқармасының басшысы Диас Тобатаев оңай жолмен ақша тауып, бәс тігіп, құмар ойынға құныққан жастар саны көбейіп жатқанын айтады. «Қоғам дертіне айналған лудомания – бүгін өзекті тақырыпқа айналды. Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тарапынан заңсыз ойын бизнесі бағыты бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Қазір Түркістан облысында ҚР ҚК 307-бабы (Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру) бойынша 20 қылмыстық іс тіркелген (3-бөлігімен – 1 іс, 2-бөлігімен – 3 іс, және 1-бөлігімен – 16 іс). Сонымен қатар заңсыз ойын бизнесі интернет желісі арқылы күннен күнге дамып келе жатыр. Заңсыз сайттарды бұғаттау мақсатында «Кибернадзор» жүйелік базасын пайдаланып, тұрақты түрде талдау жүргізіп жатырмыз. Жыл басынан бері өңірде 483 заңсыз интернет сайттары жабылды»,– дейді Диас Шолпанбекұлы.
Шұғыл іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында өңірде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандардан бірнеше теледидар, жүйелік блок, монитор, моноблоктар, чек сканерлері мен принтерлері, интернет модемі мен ойын терминалдары тәркіленген. Осылайша, «Стоп игра» жедел профилактикалық іс-шарасының аясында заңсыз ойын бизнесіне бұрын-соңды ғимараттарды жалға берген тұлғаларға түсіндірме жұмысы жүргізіліп, ескерту парақтары ұсынылды.
Қоғам дертіне айналған осынау мәселеге Полиция департаменті де қазір ерекше ден қойыпты. Түркістан облысы Полиция департаменті жергілікті Полиция қызметі басқармасының бастығы Асылхан Төреханов халық арасында күдік туғызатын инвестициялық салымдар, қаржы пирамидалары және құмар ойындардың алдын алу бойынша қоғаммен бірлесіп алдын алу шараларын жүргізіп жатқанын атап өтті. Әлеуметтік желілер мен БАҚ құралдарында бұл тақырып төңірегінде бірқатар материал жарияланды. Өңірдің бірқатар ауданында жастар арасында агрессия, зорлық-зомбылық, құмар ойындар және бейәлеуметтік көріністер, буллинг пен кибербуллинг, жат қылықтар, құмар ойындардың алдын алу, жастардың ата-анамен қарым-қатынасы, девиантты мінез-құлықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары барысында оқушылардан аноним сауалдар алынды. Аталған сауалнама қорытындысында қазір жастардың тәуелділік (лудомания) пен ойынқұмарлық дертіне шалдығуының себептерін биологиялық, психологиялық, қоршаған орта, әлеуметтік және рухани жағдайларға байланысты екендігі көрсетілген.
Сонымен қатар облыстық «Жастар Рухы» жастар қанаты тарапынан да белсенді жұмыстар байқалады. Жақында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Жастарды қолдау» жөніндегі кеңесте де осы жайт қызу талқыланды. Кеңес төрағасы, облыстық мәслихаттың төрағасы Ханай Әшірбеков елімізде ойынқұмарлықтың дабыл қағатын жағдайға жеткенін жеткізді. Бастапқыда білместікпен басын тыққан бұл құмар ойынның соңы тәуелділікке жеткізіп, талай отбасының шырқын бұзып отырғаны, мұнымен қоғам болып күресуіміз қажеттігі сөз болды.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, егер заң жобасы бекітілсе, жарнамаға шектеулер қойылып, тыйым салынады. Олардың елімізге заңсыз импорты тоқтатылып, алимент, салық және несие бойынша борышкерлер тізілімінде тұрған жеке тұлғалардың құмар ойын ойнауына тыйым салынатын болады.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы