Елімізде міндетті сақтандыру халықтың жалақысынан жырып алынғанымен, тегін меди­цина­лық көмекке қолы жетпей сан­далған жұрттың қарасы көп.
Тозығы жеткен, озығы біткен
643
оқылды

Басты себеп– мемлекеттік емханалар мен ауру­ханаларда сала дәрігерлері жеткі­ліксіз. Халық тегін көмек ала ал­маған соң жеке­меншік емдеу меке­месіне жүгінуге мәжбүр. Денсаулық саласы бұдан өзге де  өзекті түйткіл­дерден арыла алмай келеді. Тұтас ел аумағында мемле­кет­тік меди­циналық емдеу мекеме­лері ғима­раттарының басым бөлігі­нің тозығы жеткен. Құрал-жабдық­тары мен көлік техникалары жет­кілік­сіз яки әбден ескірген...

Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиі айтып жүр. Пре­зидент еліміздегі емханалар мен ауру­хана­лардың 80 пайызы тозығы жеткенін  мысал еткен. Мемлекет басшысына дейін жеткен бұл мәселе салалық министрлікті айналып өтетін сияқты. Өйткені денсаулық сақтау саласында жан ауыртар дүние жетерлік.

Мұндай жайттар  – Ақмола облысында да күйіп тұр. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірдегі емдеу нысандарының 66,1 пайызының әбден тозығы жеткен. Тіпті, шалғай аудан­дар мен ауылдық жерлерде амбулаториялық емдеу нысандары мен медициналық пунктердің өздеріне тиесілі ғимараты  жоқ. Атап айтқанда, облыстағы 561 емдеу мекемесінің ауылды жерлерде орналасқан 41 нысаны әкімдіктер мен білім беру меке­ме­лерінің жетім бұрышын паналауға мәж­бүр болған. Сондай-ақ 111 медициналық нысан жергілікті шаруа қожалықтарымен серіктестіктерге тиесілі жалға алынған бейімделмеген ғимараттарда қызмет көрсетеді. 

Тақырыпты зерттеу барысында бірнеше аудандық емдеу мекемелерінің бас дәрі­герлерінен ғимараттардың жай-күйінің тым төмен екенін анықтадық. Мәселен, Ерейментау аудандық ауруханасының бас дәрігері Марал Сүлейменованың мәлі­метінше, аудандағы медициналық пунк­тердің 95 пайызы әбден тозығы жеткен. Ғимараттардың барлығы дерлік өткен ға­сыр­дың 70 жылдары салынған. Басым бө­лігі әкімдіктер мен мектептердің  сондай-ақ жалдамалы ғима­раттарда орналасқан. Аудандағы 16 авто­көліктің 95 пайызы тозған. Оның ішінде екі жедел жәрдем көлігі сонау 1997 жылдан бері қызмет етіп келеді. 

Елордадан таяқтастам қашықтықтағы Шортанды ауданындағы жағдай мүлде адам шошырлық. Мұндағы 28 медициналық нысан ғимаратының 16-ның мүлде иесі жоқ. Бес ғимарат жалдамалы және 4 нысан әкімдіктер мен мектептердің ғимаратын паналапты. Сондай-ақ үш бірдей ауылда мүлде ғимарат жоқ. Мұндағы қызметкерлер науқастанып қалған адамдардың үйіне барып ем-дом жасауға мәжбүр. Аудандағы ауруханалар, амбулаториялар мен меди­циналық пунктердің 85,6 пайызы тозған. Алайда жаңадан салынуға тиіс болған құрылыстың әлі қазығы да қағылмапты. Мәселен Новокубанское ауылындағы амбулаторияның салыну уақыты әлде­қа­шан болғанымен жер учаскелері құжаты­ның шым-шытырығынан аудан әкімдігі тағы да «келер жылы салып береміз» деген құрғақ уәдесін ғана берген екен. Мұнда да автопарктің 93,5 пайызы тозған. Авто­көліктердің ең жаңасы  2014 жылы берілген. Сондықтан ауруханалар күнара тозған көліктерге қаржы салып жөндеу жүргізуге мәжбүр болатынын айтады. 

Түйткілді жағдай мұнымен таусыл­майды. Облыстық Денсаулық сақтау бас­қармасы өңірде медициналық емдеу меке­мелері автокөліктерінің де тозғанын мо­йын­дады. Салдарынан қатты ауырып же­дел дәрігерлік көмек көрсетуді қажет ететін науқастарға жүйткіп баратын жедел жәр­дем көліктері де жеткіліксіз. Бар болса да ондаған жыл қызмет еткен автокөліктер күн­ара сынып, күнделікті қолдануға жа­рам­сыз күйге жеткен.

Әсіресе, облыс орталығының дәл ірге­сінен орналасқан Зеренді ауданындағы жағдай төбе-құйқаңды шымырлатады. Аудандағы 54 емдеу нысанының төртеуі ғана келер жылы күрделі жөндеуден өт­кізілмек. Ал қалған 50 медициналық емдеу мекемесінің ғимараттары мүлде тозып кет­кен. Басым бөлігіне тіпті СЭС тиісті қорытынды да бермеген болып шықты. Мә­селен, Красиловка ауылындағы меди­циналық пунктің салынғанына бір ғасыр­дан асып кеткен. Арнайы ғимараттары болуға тиіс болғанымен бірнеше емдеу мекемелері мен медициналық пунктер әкімдік, клуб және мектеп сияқты ғимараттарға орналасуға мәжбүр болған.

– Аудандағы барлық емдеу ғимарат­ының орташа жасы 40 жылдан асқан. Ғимараттар расында да қатты тозып тұр. Сондай-ақ автокөліктердің де жайы аса мәз емес. Аудандағы медициалық жедел жәрдем көліктері 100 пайыз тозған. Биыл ғана облыстан 2 жедел жәрдем көлігі берілген. Алайда қазір мүшкіл жағдайдан шығу үшін тым құрығанда 10 жедел жәрдем көлігі қажет. Техника тозып кеткендіктен үнемі сынып қалады. Сондықтан науқас­тарға жедел жетудің өзі үлкен қиындық тудырады, – дейді Зеренді аудандық ауру­ханасының бас дәрігері Руслан Бөтен­баев. 

Өңірдегі медициналық емдеу нысан­дарын­дағы құрылғылардың да жағдайы сын көтермейді. Алайда дәрігерлер үшін тозығы жеткен, әлдеқашан жарамсыз деп танылуға тиіс құрылғыларды ілдәлдалап күтіп ұстау қалыпты жағдайға айналған. Салидат Қайырбекова атындағы денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орта­лығы шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Ақмола облыстық филиалы мәліметтеріне сенсек, аймақтағы медициналық техника­ның 35,3 пайызы әбден тозған. 

Облыстағы жедел жәрдем көліктері техникаларының жеткіліксіздігін аймақ­тағы жүргізушілер мен дәрігер­лер де осыған дейін бірнеше мәрте көтерген. Жүргізушілердің айтуынша, жала­қы да төмен. Күні-түні кірпік қақпай қызмет еткенімен, жұмыстың ауырлығына алатын ақысы мандымайтындықтан жиі жұмыстан шығып кетеді. Аты-жөнін ата­мауды өтінген Қосшы қаласындағы жедел жәрдем қызметкері автокөлік жеткілік­сіздігін ашына жеткізді. Оның айтуын­ша, бұзылып қалған көлікті жүргізушілердің өзі жөн­деуге мәжбүр. Алайда көлікті жылдам жөн­деу үшін құралдар да, қосалқы бөл­шектер де болмай қалады. Мұндай жағ­дайда көлігі істен шыққан жедел жәр­дем бригадасының жүргізушілері үйіне қай­тарылады. Бірақ жедел көмекті қажет еткен науқастардың тым көп болуы себепті кезекші дәрігерлер басқа бригадалармен кезектесіп барады. Сонда да жалақысының  50 пайызын ғана алуға мәжбүр. 

– Қосшы қаласында 100 мыңға жуық халық тұрады. Бірақ бізде бар болғаны 3-ақ жедел жәрдем бригадасы бар. Өйткені емханаларға тек 35 мың адам тіркелген. Заңға сәйкес, 10 мың адамға 1 жедел жәр­дем бригадасы қызмет көрсетеді. Бірақ мұндағы жұрттың бәрі Қосшыда 100 мың халық тұратынын жақсы біледі. Олардың бәрі де Астана қаласы емханаларында тіркелген. Алайда оқыс қатты ауырып қалған жағдайда олардың бәріне біз қызмет көрсетуге мәжбүрміз. Тіпті, қатты оқыс жағдайларда да науқасқа жедел жетуге үлгермейміз. Қосшыда аурухана болмаған­дықтан науқасты Астанаға тасимыз. Бұған кемінде 1,5-2 сағат уақыт кетеді. Кейде, тіпті екі көлік елордаға бір мезетте кетіп, Қосшы қаласына бір ғана көлік қызмет көрсететін кездер болады. Мұны­мен қоса, Қызылсуат ауылына қызмет көрсетеміз. Көліктеріміз жиі бұзылып қала­ды. Кейде, тіпті екі көлік бірдей сы­нып, тұтас қалаға тек бір бригада  жұ­мыс істейтін кез болады. Кезекпен қызмет етеміз. Бірақ тұтас қала қызмет көрсету бір бригадаға өте ауыр. Түйінді мәселені тиісті Денсаулық сақтау минис­трлігі қаперіне алса екен дейміз, – дейді Қосшы қаласы жедел жәрдем қызмет­кері. 

Өңірдегі медициналық мекемелер ғи­ма­рат­тары, құрылғылары мен техника­сының бүгінгі жайы мен алда қаншалықты түзету жоспарының бары жайлы облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан анық­тамақ болып сұрап көрдік. Дегенмен бас­қарма басшылығы бірден арнайы ресми хат жөнелтуімізді сұрады. Сауалдарымызды қойып арнайы жолдаған ресми хатымызға жауапты бір аптадан астам уақыт күтуге мәжбүр болдық. Ведомствоның мәліме­тінше, тозығы жеткен ғимараттарды аз-мұз болса да азайту мақсатында биыл 14 ны­сан­ға күрделі жөндеу жүргізу үшін бюджет қоржынынан 2,2 миллиард теңге, оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдар­ламасымен 390 миллион теңге бөлінген.   Дегенмен күні бүгінге дейін аталған жөндеу жұмыс-т­ары 4 ғимаратта ғана аяқталған. 

Өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдары­ның инфрақұрылымын жақсарту мақса­тында Целиноград ауданының Қоянды ауылында алғашқы медициналық-санитар­лық көмек орталығының, Атбасар ауданы­ның Новосельское ауылында фельд­шерлік-акушерлік пункт және Сочинское ауылында медициналық пункт, Біржан сал ауданында емханамен біріктірілген аудан­дық аурухананың құрылысы жүріп жа­тыр. Сонымен қатар «Ауылдық ден­саулық сақ­тауды жаңғырту» ұлттық жобасы шең­берін­де аймақта 38 алғашқы меди­циналық-санитарлық көмек нысанының құрылысы жоспарланған. Ол үшін 9 жобалық-сметалық құжаттама жаса­лып жатыр. Медициналық техника­ларды жаңарту мақсатында биыл облысқа 109 бірлік құрылғы сатып алын­бақ. Оның ішінде 5 бір­лік компьютерлік томография ап­параты, 2 дана ангиография­лық құрыл­ғы­лар бар. Қазіргі уақытта келісім­шарттар жасалып, құрылғыларды жеткізу желтоқсан айына жоспарланған. Әрине, об­лыстың медициналық ұйымдарында авто­көліктердің тозғаны рас. Қазіргі уа­қытта облыстық бюджет есебінен 32 авто­көлік сатып алу процесі жүріп жатыр. Оның ішінде 15 санитарлық автокөліктер болса, 17 автокөлік патронаждық қызметке арналған жеңіл көліктер. Қазір конкурстық рәсімдер болып жатыр. Жеткізу осы жыл­дың желтоқсан айына жоспарланған,– деді Ақмола облысы Денсаулық сақтау бас­қар­масының басшысы Нұрлан Ахил­беков. 

 

P.S. 

Қысқасы, денсаулық сақтау саласындағы жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді бірер жылда шешіп тастау мүмкін болмай­тынын анық байқадық. Дегенмен құзырлы министрліктер мен ведомстволар  ең алдымен жемқорлықтың алдын алып, түйінді мәселе­лерді шешуге барынша күш салу қажет деген ойдамыз.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы