Азамат психикалық ауруы бойынша ІІ топтағы мүгедек.
СҚО-да ақыл-есі кем адамның атына несие рәсімделгені анықталды
Фото: egemen.kz
1,250
оқылды

СҚО-да прокурорлардың тексерісі нәтижесінде психикалық ауруы бар адамның атына 300 мың теңгеге жуық несиенің рәсімделгені белгілі болды,  деп хабарлайды Aikyn.kz. 

СҚО прокуратурасының мәліметінше, 2021 жылы елдегі банктердің бірі арқылы жергілікті тұрғынның атына сомасы 279 780 теңгеге несие рәсімделген. Петропавлдық азамат психикалық ауруы бойынша ІІ  топтағы мүгедек. Яғни, ол қабілетсіз тұлға болып есептеледі. Осылайша, ҚР Азаматтық кодексінің талаптары бұзылған.

Несиені заңсыз рәсімдеу дерегін қадағалаушы орган халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау бойынша қадағалау жұмысы аясында анықтады.

Ақыл-есі кем, әрекетке қабілетсіз деп танылған адамға несие рәсімделгендіктен, прокурорлар сотқа несие шартын жарамсыз деп тану туралы талап жіберді.

Сот шешімімен прокурордың талабы қанағаттандырылып, несие шарты жарамсыз деп танылды. Сөйтіп, әрекетке қабілетсіз адамның құқығы қалпына келтірілді.

Алаяқтық фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағы, яғни интернет алаяқтық бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізілуде.