1997 жылы 3 мамырда таратыл­ған Жезқазған облысы араға ширек ғасыр салып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 мамырдағы №887 Жарлығымен Ұлытау облысы болып қайта құрыл­ды.
Жоспарлы жобалар жүзеге асуда
1,072
оқылды

Әрине, халық бұл өзгерісті зор қуанышпен қарсы алды. Бұл тү­сі­нікті де еді. Өйткені өңірде қорда­лан­ған мәселелер жеткілікті бола­тын. Арада біршама уақыт өтті. Елдің көңіліндегі үмітті күдік бас­қандай ма, қалай? Жаңа облыстың атына сын айту, мін тағу белең ал­ды. Әсіресе, әлеужеліде. Осы орай­да «Жаңа облыс қандай жағ­дай­да құрылып еді?» дейтін сұрақ қойғанның артығы болмайтын секілді. 

Экологиялық жағдайы мүлде сын көтермейтін еді. Облыс орталығы Жез­қазған қаласында, басқа қала, аудан­дарды, ауылдарды айтпағанда, заманауи медициналық мекемелер мүлдем дерлік жоқ болатын, әрине халық арасында «Самсунг» аталып кеткен «Жезқазған­медорталығын» айтпағанда. Бұл орталық негізінен «Қазақмыс» корпорациясына қарасты болғандықтан, оған көп адамның қолы жетпейді, ақысын төлеп емделуге қалта көтере бермейді. 

Басқасы басқа, облыс орталығы Жез­қазған қаласындағы ауызсудың сапасы туралы сөз қозғауға да болмайды. Ішуге жарамсыз болса, мұның несін сөз етесің? Дем алатын таза ауа тағы жоқ. Кей күн­дері қаланы мыс зауытының түтіні басып қалғанда, көз ашиды, ми айналады. 

Облыс құрылған тұста облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 23%-ы (277,4 шақырым), қалаішілік және кентішілік жолдардың 30%-ы (163,4 шақырым) қанағаттанғысыз күйде болды.

Азаматтардың жекелеген санаттарын тұрғын үймен қамтамасыз ету де өзекті мәселелердің бірі болатын, атап айтқанда, облыс бойынша тұрғын үй алуға 6 044 адам кезекте тұрған еді.

Бетінен сыдыртып айтқанда, осындай кесек-кесек мәселесі бар өңірді ертегілер­дегі сиқырлы таяқша арқылы ғана бір сәтте өзгертіп жіберуге болатын шығар. Әйтпесе, басқаша мүмкін емесі айқын ғой. 

Облыс басшылығы өңірдің әлеуетін бағамдай отырып, аймақты дамытудың жолдарын қарастырды, тетіктерін іздес­тірді. Мүмкіндіктерді зерделеу барысында облыстың алдында тұрған міндеттер нақтыланды. Сөйтіп, Ұлытау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары жасалды. Ел Президенті тара­пынан қолдау тапқан соң Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 4 қарашадағы № 871 Қаулысымен «Ұлытау облысын әлеуметтік-экономи­калық дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары» бекітілді. 

Кешенді жоспарда облыстың барлық саласы қамтылды. Мұның ерекшелігі де сонда. Егер жоспар толық жүзеге асатын болса, қандай нәтижелерге жеткізуі мүм­кін?

Әрине, қазір экономикада шағын және орта бизнестің деңгейі артып келеді. Халықты жұмыспен қамтуға келгенде де, қызмет көрсету мен өнім өндіруде де кәсіп­керлікке көп үміт артылады. Өйт­кені кәсіпкерлік дамыса, экономика да алға басады. Кешенді жоспарда шағын және орта бизнеске өте қатты маңыз берілгені де сондықтан. Егер ойдағы жос­пар орындалатын болса, облыстағы шағын және орта бизнестегі жұмыспен қамтылғандар санының өсуі  10,8%-ды құрайды. Бұл дегеніңіз – 30 212 адам. Ал бұл цифр 2021 жылы 27 257 адам болған еді. Сол сияқты шағын және орта кәсіп­керлік арқылы өнім өндіру 2,7 есе ұлғайып, 448 826 млн теңгені құрайтын болады. 2021 жылы бұл көрсеткіш 164 381 млн теңге құраған еді. Кешенді жоспар 9,5 мың жаңа, соның ішінде 4 894 тұрақты жұмыс орнын ашуды қамтамасыз етеді.  

Жол жақсармай, облыстың өзге өңір­лермен байланысы жеткілікті деңгейге көтеріле алмайды. Сондықтан кешенді жоспарда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың деңгейі 2026 жылға қарай  98%-ға, ал қалаішілік және елдімекенішілік жолдардың деңгейі 90%-ға дейін жетуі тиіс деп белгіленді.

Облыстың ауыл шаруашылығы са­ласын дамытуға баса назар аударылмақ. Соның нәтижесінде аймақта мал басын өсірудің тамаша мүмкіндігін пайдалана білу керек. Бұл орайда да облыс алдына орасан міндет қойып отыр. Яғни, алдағы үш-төрт жыл шамасында облыстағы сиыр саны – 236,4 мың, қой-ешкі – 419,4 мың, жылқы  193,6 мың басқа дейін көбейеді деп жоспарлануда. Әрине, кешенді жоспарда көзделген барлық шаруаны тізбелеп шығу міндет болмаса керек.

Қош, кешенді жоспар қабылданғалы жылдан аса уақыт өтті. Енді «сол жос­пардың орындалуы қандай?» дейтін сұраққа жауап іздейтін кез де келіп жетті.

Бізге мәлім болғанындай, кешенді жоспарда белгіленген 12 іс-шара қазірдің өзінде орындалды. Нақтырақ айтқанда, Қаражал қаласындағы «Батыс Қаражал» кен орнында тау-кен жұмыстарының шегін 10 шақырымға кеңейтуге бағыттал­ған геологиялық барлау, №1, №2 Жезқаз­ған байыту фабрикасының орта және кіші ұсақтау жабдығын жаңғырту, Жаңа­арқа ауданында 30 орындық қонақүй салу және Жаңаарқа ауданында ет өңдеу және ет өнімдерін өндіру кешенін құру жұ­мыстары 2022 жылы жүзеге асырылды. Ал биылғы жыл басынан бері жоспардағы тағы 8 іс-шара өзінің нүктесіне жетті. Бұ­лардың арасында «Алашпай» кен ор­нына барлау жүргізу, «Қазақмыс» кор­пора­циясы кәсіпорындарында тамақ өнім­дерін есепке алу жүйесін енгізу, Шал­ғы су қоймасын, Манақ бөгетін күр­делі жөндеуден өткеру және т.б. бірнеше шаруа бар. Кешенді жоспарды жүзеге асыру басталғаннан бері 7,5 млрд теңге қаражат тартылып, 485 жұмыс орны ашылды.

2023 жылға жоспарды жүзеге асыру мақсатында барлығы 186 млрд теңге, соның ішінде республикалық бюджеттен – 21,2 млрд, жергілікті бюджеттен – 10,6 млрд теңге, жеке инвестициядан 154 млрд теңге тарту жоспарланған болатын. Қазір осы соманың 162,4 млрд теңгесі бөлінді.

Кешенді жоспардағы 126 іс-шараның 105-і қазірдің өзінде қолға алынды десек, соның 93-і жүзеге асырылуда, мұның 58-і жұмысын келесі жылы жалғастыратын болады. 

Облыстың индустриялық-иннова­ция­лық дамуына зор ықпалын тигізетін Жезқазғанда шикі мыс концентраттарын гидрометаллургиялық өңдейтін және өнеркәсіптік реагент шығаратын химия зауытын салу, «Жомарт» кен орны база­сында мыс өндіру, Жезқазған мыс бал­қыту зауытын газдандырумен жаңғырту жобалары биылғы жылдың соңына шейін іске қосылмақ. Осы үш жобаны іске қосуға ғана 10 млрд теңгеден астам инвес­тиция салынып, 3 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. 

Қай жағынан алсақ та, анықтап қара­ғанда облыста ілгерілеушілік байқалады. Мысалы, облыстың келуімен бірге өңірде құрылыс қарқын алды. 

Мәселен, 2023 жылдың 8 айында облыста тұрғын үйді пайдалануға беру 39,7 мың шаршы метрді құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 56,7%-ға артық. Халық санының өсуін ескере отырып, облыста 2 жалға беру, 1 несиелік және 4 коммерциялық тұрғын үйлер салынды. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 18-ден астам пәтер сатып алынды.

Сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салаларына қатысты жаңа нысандардың бой көтеруі, бұрынғы­лардың қайта жөндеуден өткізілуіне де айрықша көңіл бөлінуде. Сәтбаев қа­ласы­ның орталық ауруханасы, Жаңаар­қа ауданының көпсалалы аудандық ауру­ханасы, Қаражал қаласының орталық ауруханасы және Жезді кентінің ауру­ханасына күрделі жөндеулер жүргізілді. Ал Ұлытау ауданының орталығында бір мезгілде 100 кісіні қабылдауға қабілетті аурухана құрылысы бой көтерді. Аталған нысан келесі 2024 жылдың бас кезінде пайдалануға берілетін болады. Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында 9 фельд­шерлік-акушерлік пункттің құрылысы қарқынды түрде жүріп жатыр.

Облыс орталығындағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интерна­тының оқушылары үшін салынып жатқан 200 орындық жатақхананың жыл соңына дейін үш қабаты толық көтеріліп, шатыры жабылатын болады. 

Жезқазған қаласында тағы бір салы­нып жатқан нысан, бұл – өрт сөндіру депосы мен оның әкімшілік ғимараты. Қазір кәріз, электр желілері мен су құ­быр­лары тартылған нысан келер жылдың ортасында толықтай пайдалануға беріледі. 

Облыстың құрылуы алыс ауылдарға да жақсы жаңалықтарын әкелуде. Мы­салы, Егінді – облыстың ең шеткері ауылдарының бірі. Мұндағы клуб үйінің әбден тозығы жеткен еді. 40 жыл бойы жөндеу көрмегендіктен, азып-тозған клуб биыл кісі танымастай өзгерді. Өйткені клубтың шатыры жаңартылды, еден-терезесі ауыстырылды, жаңадан қазандық орнатылды. 

Сонымен қатар биыл желтоқсан айында ерекше қамқорлықты қажет ете­тін балаларға арналған оңалту орта­лы­ғының ашылуы күтілуде. Республикалық бюджет есебінен шамамен 2 млрд теңге сомаға заманауи медициналық жабдық сатып алынып, оның 500 млн теңгесін ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыртуға бағыттау жоспарлануда. 

Жезқазғанның басты проблемала­рының бірі – халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету екені жоғарыда айтылды. Кешенді жоспарда бұл мәселе айрықша көрсетілген. Жақында өткен алқалы жиын­ның бірінде облыс әкімі Б.Әбдіға­лиұлы келесі жылы облыс орталығындағы ауызсу сапасына қатысты мәселе оң шешімін табатынына тоқталды. Бұл негізсіз айтылған сөз емес. Өйткені қазір шаруашылық ауызсу тазарту кешеніндегі жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Нысан қолданысқа берілген соң ауызсу зама­науи, жаңа технологиялар арқылы тазар­ты­латыны анық. Ал бірақ құрылыс то­лық­тай тек 2026 жылы аяқталатын бо­лады. Дегенмен 1960 жылдан бері ауыс­тырылмай, салдарынан істен шыққан су резервуарларының құбырларын айыр­бастау аяқталып қалды. Бұл Жезқазғанға жеткізілетін су сапасын қазіргіден ана­ғұрлым жақсартатыны сөзсіз. Халық мұны тағатсыздана күтіп отыр.

Облысқа алғашқы шетелдік инвестор­лардың келе бастауы да халықтың ертеңге деген сенімін нығайта түсті. Қытай кә­сіп­керлерімен бірлесе отырып, Жезді кен­тінде кремний зауытын салу, Жаңа­арқа ауданында жел электр стансасын орнату, Жезқазғанда сол стансаға қажетті құрал-жабдықтар өндіретін зауыт ашудың жоспарлануы өңірдің ертеңі бүгінгіден де келбетті  бола түспегінің кепілі іспетті. Халық осылай қабылдап жатыр.

Кімнің де болсын көңілі тойымсыз. Кім болсын қай нәрсенің де тезірек іске асқанын, көз көргенін қалайды. Бірақ уақытқа бағынбауға болмайды. Әрбір істі атқару үшін қаншама құжат жинау қажет. Қаншама кеңсеге кіріп, қаншама шен­дінің алдынан өтіп, рұқсатын алу керегі тағы бар. Осының бәрі уақытты жейді, шыдамды тауысады. Ең бастысы, елдің күткен қажетті шаруасының оң шешімін табуы десек, Ұлытау облысында айналасы екі жылға жетер-жетпес уақытта көптеген іс атқарылғанын аңғару қиын емес. Жоспарлы жобалар біртіндеп жүзеге асып жатыр. Демек, облыс өзінің алдына қойған мақсатының биігіне көтеріліп келеді. 

Майлыбай КЕТЕ,

Ұлытау облысы