Қарашаның үшінші жексенбісі   Қазақстан Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қыз­меткерлері күні.
Өркендесе ауылым, өрге басқан қауымым
1,169
оқылды

Ауыл шаруашылығы – азамат­тарымыздың өмір сапасына тікелей әсер ететін экономиканың басты са­­лаларының бірі. Ауыл еңбек­керлерінің тынымсыз, тіршілікке қажетті еңбегінің арқасында бүгінде отандық аграрлық сектор өзіндік жолымен қалыптасты. Әрине, біздің ауыл еңбеккерлері мен саланың ғалымдары одан әрі, еліміздің игілігі үшін тер төгуде. Ерен еңбекті бағалау – парыз.

«Қуатты Қазақстанның қабыр­­ғасын бәсекеге қабілетті аграрилер қалайды», – деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та үлкен міндет жүктеп отыр. Сонау Тәуелсіздік ал­ған алғашқы күндерінен бастап мем­лекеттің ауылға айрықша көңіл бөлуі – осының айғағы. 

 

Құрметті ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері!

Сіздерді кәсіби мере­ке­леріңіз – Ауыл шаруашы­лығы, тамақ және қайта өңдеу өнер­кәсібі қызмет­кер­лері күнімен шын жүрек­тен құт­тықтаймын!

Мемлекет басшысы атап өткен­дей, адам­ның өз жері мен еліне деген көзқарасы бәрі­нен де жоғары бағалануы тиіс. Осы асыл қа­сиеттер бойында бар жауапты адамдарды «Адал азамат» деп атауға болады. Бұл сіздердің әр­қайсы­ла­рыңызға қатысты екеніне сенімдімін. Өйт­­кені сіздер туған жерге құрмет­пен және ұқыппен қарау дег­енді терең түсінесіздер.

Биылғы жыл АӨК үшін оңайға соқпады. Жекелеген өңірлердегі құрғақшылық пен ұзақ жауын-шашын күзгі жиын-терім науқанына кері әсерін тигізді. Бірақ са­ла қыз­меткерлерінің күш-жігерінің нәти­жесінде астық жиналды. Ел толық кө­лем­де нанмен қам­тамасыз етіледі.

Тамақ және қайта өңдеу саласы қызметкерлерінің еңбегі де өте маңызды. Сіз­­дер­­дің жұмыс­та­рыңыздың ар­қасында ел халқы сапалы сүт, ет, ұн, нан, макарон жә­не бас­қа да көптеген өнімдермен қамтамасыз етілді.

Саланың алдында кли­мат­тың өзгеруі, геосаяси фак­торлар жағ­дайында көп­те­ген елдерде азық-түлік қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету басым­дыққа ие болып отыр. Бұл рет­те біздің серіктес елдердің азық-түлікпен қамтамасыз еті­­луі де Қазақстанға бай­­­ланысты.

Сіздерге зор денсаулық, отбасы­ларыңызға амандық және алға қойылған міндет­терді жүзеге асы­рудаға еңбек­теріңізге толағай табыс ті­леймін.

Мереке құтты болсын!

Айдарбек САПАРОВ,

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі

 

Бүгінде елімізде жалпы 7 мыңға жуық ауыл мен елді мекен бар. Осы ауылдарда республика халқының жартысына жуығы өмір сүріп жатыр. Олай болса, ауылдың әлеуметтік-экономикалық ахуалы, рухани көңіл күйі – ел ертеңінің нақты кепілі бола білмек.

Сонымен, еліміз Тәуелсіздік ал­ған­нан бері 30 жылдан асты. Осы уақыт ішін­де ауыл шаруашылығы қандай же­тістіктерге жетті? Бүгінде аталған сала қа­лай дамып жатыр? Бұл сұраққа жауап іздеп отырып, біршама оң өзгеріске көз жеткіздік. Қазір еліміз ауыл шаруашы­лығын цифрландыру бойынша Орта Азия елдерінің алдыңғы шебінде екен. 

Отандық фермерлер қазіргі заманғы технология негізінде ойлауға және оны­мен бірге жұмыс істеуге белсенді түрде ұмтылады. АШМ жаңа жабдықтарды енгізуді, смарт-жүйелерді сыналап болса да шаруашылықтарға тартып, басқару­шылықта ІТ-шешімдерді пайдалануды жүзеге асыру үстінде. Ауыл шаруашы­лығы министрлігінің таратқан ақпара­тына сай, еліміз бойынша мал шаруашы­лығында смарт-жүйелерді пайдаланып сүт пен төлдеудің көрсеткішін 20%-ға арттыруға мүмкіндік пайда болса, өсім­дік шаруашылығында пилоттық нысан­дардағы енгізілген жаңа технология­лардың арқасында өнім көлемі 30%-ға дейін өскен. Сәйкесінше, фермерлердің шығындары 20%-ға қысқарған екен. Алдағы жылдарда ел экономикасының негізін осы ауыл шаруашылығы саласына аудару көзделіп отыр. Қазақстан Респуб­ликасының ауылдық аумақтарын дамы­тудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы да бекітілген. Мұнда ауыл-аймақты дамытудың түрлі аспек­тілері айқындалған. Әділет министрлі­гінің мәліметінше, 2020–2022 жылдары ша­раларды іске асыру нәтижесінде ауыл­­­­дарды сумен жабдықтау қызмет­теріне қолжетімділік 90,1%-дан 94,5%-ға дейін ұлғайған. Ауылдарда 116 мектепке дейінгі мекеме, 224 жалпы білім беру мектебі, 47 амбулаториялық-емханалық мекеме пайдалануға берілді деп жоспар­лануда. Сонымен бірге Мемлекет бас­шысының Жарлығымен Қазақстан Рес­пуб­ликасының 2025 жылға дейінгі ау­мақ­тық даму жоспары бекітілді. Мұнда ауылды сумен жабдықтау, орта білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік бойынша өңірлер арасындағы алшақ­тықты қысқарту және өңіраралық аумақ­тық байланысты (энергетикалық, көлік­тік және цифрлық байланыс) қамта­масыз ету көзделген. 

Әрине, мұның барлығы жоғарыда Президент айтқан еңбек адамының қо­лы­мен жүзеге асырылып жүйеленетіні белгілі. Десе де, елімізде ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнап, өмір бойына бел шешпей еңбек етіп келе жатқан азаматтардың аты ерек. Мұндай жандардың барлығы сол ауылда өмір сүретіндіктен алдымен ауылдың әлеуетін көтеру мәселесі қашанда күн тәртібінен түспеуі керек. 

 

Юрий АДАМҰЛЫ,

механизатор

Бухгалтер Юрий Адамұлы өмірінің 43 жы­лын тракторшы және комбайн­­шылыққа арнаған. Қазір де сүйікті кә­сібінен қол үзбеген. Күні кеше ғана аяқ­талған егін орағынан кейін тракторын көктемгі тұқым себу науқанына дайын­дап жүр. Юрий атай Теріскейдегі Ақ­қайың ауданы Шағалалы ауылында орналасқан Солтүстік Қазақстан Ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасындағы еңбегін өмірінің мәні санайды. Жұ­­­­байымен бірге 3 бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде баласы Виталий Юрийұлы да аталмыш шаруашылықтың техника­ла­рын тізгіндеп жүр. «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелісімен мара­патталған еңбек адамы Юрий Адамұлы осы уақытқа дейін талай тракторшыны тәрбиелей жүріп, мыңдаған гектар ал­қаптан астық орғанын айтады. Әлі де бол­са елеміздің ауыл шаруашылығы саласына да ғұмыры жеткенше еңбек етіп, талай тракторшы шәкірттер тәр­биелемек. 

 

Бауыржан ҚҰРМАНОВ,

ветеринар

1986 жылдан бастап ветеринария саласында үздіксіз еңбек ете жүріп ғылыммен де айналысты. Ветеринария ғылымдарының докторы. 1986 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы ин­ститутын бітіргеннен кейін 1994 жылға дейін Батыс Қазақстан облысының шаруашылықтарында, ветеринарлық құрылымдарында маман болған Бауыр­жан Авғанұлы мал шаруашылығын да­мыту мен ветеринария саласының еліміздегі болып жатқан кемшіліктерін түзетіп, шаруашылықтарға қолдан келгенше көмек қолын созып келеді. 

«Елімізде ветеринарлар жоқтың қасы. Жастар мал шаруашылықтарына барғысы келмейді. Ол жақта да тың өзгерістер көп. Сол жаңашылдыққа жас­тарымызды үйретіп, білмегенін көрсетіп жүрмін. Бұл жолда ғылыммен айналыс­қысы келетін жастарға жетекші болуды да құп көремін. Ғылым мен өндірісті ұш­тастырмайынша түйткілдің түйінін тарқату қиын», – дейді Бауыржан Авғанұлы.

Қазір V-CON деген атпен ЖШС ашып, Қазақстан, Өзбекстан, Қыр­­­­ғыз­стан агро­­өнеркәсіп кешені субъек­тіле­ріне жануар­­­лардың денсау­лығын сақтау мәселелері бойынша консуль­­тациялар мен ғылыми-практикалық қолдау көр­сетуде.

 

Қанат АҚШАЛОВ,

ғалым

Ол 50 жылдан бері ауылшаруашылығы саласының күрделі мәселелерімен айналысуда. Оның ғылыми зерттеулері халықаралық деңгейде мойындалған және қазақстандық қана емес, әлем фермерлер үшін өзекті. 

Қанат Ақшалов – Солтүстік Қазақ­станның қуаң даласында жаздық бидай, арпа, сұлы және басқа да дақылдарды өсіру технологиясын интенсифика­­ция­лаудың принциптерін айқындаған ғы­лыми еңбектің авторлары. Қазір ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу мен себудің жаңа жүйелері, экологиялық тұрғыдан тиімді өсімдік шаруашылығын әртараптандыру, заманауи ауыл шаруа­шы­лығы машиналарын қолдану мәселе­лерімен айналысады. А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында еңбек етіп жүр. 

Қазір ол – агроландшафты өсіру тех­нологиясы зертханасының меңге­­­рушісі. Ауылшаруашылық дақылдарын өсіру технологиясын, топырақтың құнарлы­лығы, топырақты жел мен су эрозия­сынан қорғау әдістерін әзірлеуге және негіздеуге бағытталған ғылыми зерт­теулермен айналысуда.

Статистикалық мәлімет бойынша, елімізде 6,5 мың ауыл бар екен. Ауылдағы тұрғындардың саны – 7,7 млн адам. Демек, ел тұрғындарының тура 42%-ы ауылда тұрады.

Бүгінде ауылдық жерлерде шешімін табуды талап ететін бірқатар түйткіл бар. Мә­селен, еліміздегі ауылдардың жарты­сы­нан астамында көшелер, білім беру жә­не денсаулық сақтау нысандары жөн­деу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді, ин­женерлік желілері тым тозған. Осы мақ­сатта бірінші кезекте қол­­­даныстағы мем­лекеттік бағдарла­малар мен «Ауыл – ел бесігі» жобасы есе­бінен ауыл инф­ра­құры­лымын жаңғырту жүргізілетін бо­ла­ды. Сонымен бірге агроөнеркәсіптік ке­­­­­шенді дамыту, «Бизнестің жол кар­та­сы – 2020», «Еңбек» және басқа да қол­да­ныс­­­­тағы бағдарлама шеңберінде кә­сіп­кер­лікті қолдау жүзеге асырылуда. 

Ауыл тұрғындарының бүгінде үкі­метке қарап қол қусырып отырғаны жоқ. Бірі малын бақса, енді бірі егінін егіп, не­сібін теріп жүр. Мұндай жандардың дені жастар екендігін көргенде көңіл оры­нына түсіп көп дүниенің көнеліктен жаңалыққа өткеніне қуанасың. 

 

Диана ЕСЕНОВА,

бөдене шаруашылығын алғаш 

құрған кәсіпкер

Елімізде ең алғаш болып бөдене шаруа­шылығын ашқан Диана Есенова еліміздің оңтүстігіндегі Келес ауданында ASYL QUS шаруа қожалығын құрып, бүгінде өзін ғана емес, ауылдастары мен ағайынын жұмыспен қамтып отыр. 

Күніне 100 мың дана бөдене жұмырт­қасын сатып 250-300 мың теңге пайда тауып отырған Диана кәсіптің нәсібі бар екенін айтады.

«Бөденені жұмыртқадан жарып шық­қан соң 25 күн дегенде ет ретінде пай­да­лануға болады. Ал 35 күнде бөде­нелер алғашқы жұмыртқаларын бере бастайды. Әр бөдене күніне 1 жұмыртқа салады. Бұл енді өз кезегінде пайданы еселеуге өз септігін тиігізеді», – дейді жас кәсіпкер. 

Диана Есенованың шаруашылығы қа­зір ұлғайып, еліміздегі ең заманауи бө­дене шаруашылығына айналған. Шаруа­шы­лықта Диананың ата-ана­сынан бө­лек, ветеринар мен құс баптаушылар бар.

Елімізде егін шаруашылығының жағ­дайы соңғы бірер жылда едәуір жақ­сар­ғанымен, орақ науқаны кезінде біршама қиындық туындап, кей шаруа­шы­лық­тар­дың шығымнан гөрі шығынға батып жат­қанын байқап қаламыз. Дегенмен ғылымға сүйеніп, қанша қо­лай­­сыз жағ­дай мен ауа райының тиім­сіздігі әсер ет­кен күнде де өндіріп өнім алып отырған шаруа­лар бар. Мемлекеттік субсидияға ғана сүйеніп қалмай, біршама биікті ба­ғындырып отырған қожалық­тардың бірі ретінде Қарағанды облысы Осакаров ауда­нын­дағы «Найдоровское» серіктес­тігін ай­туға болады. 

 

Павел ЛУЩАК,

үздік шаруашылық 

«НАЙДОРОВСКИЙ» ЖШС басшысы

«Найдоровский» ЖШС-да қатты би­дай­ға басымдық берген. Биылғы мау­­сымда 18 мың гектар егістік алқабының 9 200 гектарын қатты дақылға бөлген. Осылайша, жаздың құрғақшылықпен өтіп, күз келе ылғалдың көп болуы сал­дарының өзінде еліміз бойынша ең жо­ғарғы көрсеткішке қол жеткізген. Мұн­да­­­ғы қатты бидайдың орташа өнімділігі 20 центнер/гектарды құрады. 

«Егін себуден оруға дейінгі ұзақ мау­сымда біздің шаруашылықтың қыз­мет­керлері шаршайтыны шындық. Ал қыста 4 ай ештеңе істемей демалатыны тағы бар. Біз бұл 4 ай уақытта адамда­­рымызды та­быссыз қалдырмаудың жо­лын таптық. Мә­селен, механиза­­тордың жұмыс айла­рында алатын жа­­лақысын 20 пайызға көбейтіп, сол есепті жиналған соманы жұ­мыс істемейтін 4 айға бөлдік. Осы­лай­ша, маманда­ры­мыздың 4 ай бойындағы дема­лысы ке­зеңін­де де ай сайын 100 мың теңге жа­лақы беріп отыр­мыз. Енді ерекше еңбек сіңірген жандар­­дың айлық ақы­сына қосымша 10 мың теңге тағы қоса­мыз. Алдағы уақытта құс шаруашы­лы­ғын құру жоспарын жасап жатырмыз», – дейді «Найдоровский» ЖШС басшысы Павел Лущак.

 

Шаруашылық құрып, шаруасын дөң­ге­летіп жатқандар қаншама? Мұндай шаруалардың саны күн санап өсіп келе жатқанын көріп қуанып та қаламыз. Мемлекеттің қолдауына сүйенсе де, өз­де­­­рінің шаруақорлығына сенсе де, әй­теуір шаруасынан шашау шығармай, біраз белесті бағындарғандардың кейбі­рінің мемлекеттік қолдауға бағдар­лама негізінде іліне алмай жүргендігін айт­қымыз келеді. Дегенмен ел болып еңсе тіктегеннен бері «Ауыл жылы», «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Сыбаға» сын­­­да талай бағдарламалар мен жобалар қабылданып ел игілігі үшін жұмыс іс­­теуде. Одан бөлек, 2025 жылға дейін елімізде 1,8 мың ауылдық елді мекен жаң­ғыртылатын болады. Бұл ретте «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыры­латын те­­тік­тері келесі шараларды қам­тымақ. Бі­­рінші кезекте тірек ауылдық елді мекендер іріктелді, бұл ретте олар­дың даму әлеуетіне және қазіргі эконо­микалық жағдайына талдау жасау не­гізінде, осы ауылдарда іске асырыла­тын жобалар қоса қамтылатын болады. Екін­шіден, әрбір жоба және елді мекен бойынша көзделген мақсатқа жету жө­ніндегі, өңірлік стан­дарттарға сай келе­тін Жол картасын жасау қолға алынды. Үшінші кезекте, жобаларды іске асыру және бақылау мүд­делі мемлекеттік орган­дармен бірге «AMANAT» партия­сын тарта отырып жүзеге асырылатын болады. 

Бердібек ҚАБАЙ