Ел диқандары мен шаруалары атаулы мерекеге биыл да айтарлықтай табыспен жетті.
Бүгін – ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні
1,572
оқылды

Соңғы жылдары мемлекеттік қолдаудың арқасында Қазақстанда көптеген шаруалар мал басын арттырып, кәсібін кеңейтуге көп мүмкіндік алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Айталық, соңғы 10 айда елдегі ірі қара – 9 млн, қой мен ешкі – 23 млн, жылқы – 4 млн, түйе – 277 мың, ал құс саны 54 млн-ға жеткен.

Өсімдік, мал шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау жоғары. Биыл салаға Үкіметтен 7,2 млрд теңге бағытталып, субсидия көлемі 15,7 млрд теңгені құраған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл 115 млрд теңге мал шаруашылығына, 100 млрд теңгеге жуық қаржы егін шаруашылығына, 200 млрд теңге қажетті құрал-жабдықтарға бағытталған.

Субсидиялар, несилендіру бағыты бойынша да қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Елде Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба сәтті жүзеге асуда.

Құжатқа сәйкес 2025 жылға дейін 1 млн ауыл тұрғынының табысы артып, еңбек өнімділігі 2,5 есеге жоғарылауы тиіс. Отандық сарапшылар агроөнеркәсіп кешенінде қазірдің өзінде даму бар дейді. Мәселен, елде азық-түлік өндірісі 3,1 трлн теңгеге жетіп, экспорт көлемі артқан.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты бойынша Қазақстан – әлемде көшбасшы елдердің бірі. Біз бидай мен ұнды шетелге сатамыз, соңғы жылдары майлы дақылдарды да сата бастадық.

Былтыр ет экспорты рекордтық көрсеткішті құрады. Жалпы ауыл шаруашылығының экспорты 5,6 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Таяу жылдары оны 10 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр ел шаруалары.

Ауыл шаруашылығы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру – стратегиялық міндет. Оның дамуына ықпал ету – мемлекеттің ғана емес, фермерлердің алдындағы маңызды міндет.