Ақмола облысында болған алғашқы қарлы боран сапасы сын көтермейтін әрі тым шала істелген нысандарды анықтап берді.
Ақмолада салынғанына үш ай өтпеген электр бағаналары құлап қалды
751
оқылды

Мәселен, Жақсы ауданына қарасты Жаңақима ауылдық округінде салынғанына небәрі үш ай да болмаған электр бағандарының бірнешеуі құлап, көбісі қисайып қалған. Салдарынан тұтас ауылдық округ бірнеше тәуліктен бері жарықсыз қалған, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Дауыл электр бағандарын түп орнымен сұлатып, сымдарын үзіп кеткен. Тіпті бағандардың бірі жол жүріп келе жатқан ауыл тұрғындарының бірінің көлігінің үстіне түсе жаздаған. Жарық бағандарының құлауы салдарынан жаңақималық жұрт бірнеше тәуліктен бері жарықсыз қалған. Тұрғындар осыған дейін жергілікті әкімдікке мердігердің істі шала істеп жатқанын ескерткенін, бірақ еш шара қабылданбағанын ашына жеткізді. 

– Әнеукүні ғана салып кеткен электр бағандары, міне, құлап жатыр. Осыдан үш ай бұрын ғана орнатылған. Міне, өтіп бара жатқанда құлады. Машинаны сындыра жаздады. Мынаның субмердігерлері қайда? Мына жерде сым үзіліп жатыр. Енді кімге жалынатымызды білмейміз. Міне, бір сағат болды дабыл қағып жатырмыз. Анаған-мынаған телефон шалып жатырмыз. Міне, қараңыз! Жерде сымдар жатыр. Қазір бір адамдар өтсе адамдар токқа соғылады ғой. Мынаның бәрін көтеру керек. Мынау не болды өзі?! «Жаңа Қазақстан» дейді, «Жаңа Қазақстан емес, өзі ескі Қазақстанға кетіп бара жатырмыз. Мына бағандардың бәрі өтірік, шалағайлықпен салынған. Жай тастарды балшыққа тыға салған. Ол балшық босап бағандар құлады. Әкім де, учаскелік инспекторлар да болмады. Мұнда лента тағып қою керек қой. Әлден құлап жатыр ертең қатты боран болғанда не болмақ, – дейді ауыл тұрғыны Рамазан Сейтжапаров. 

Аудан әкімдігі барлығы жұмыстың дұрыс жасалғанын айтып, бәріне қатты дауылдың «кінәлі» болғанын жеткізді. 

– Жаңақима ауылдық округінің Жаңақима және Қима ауылдарында көше жарығын салу бойынша жұмыстарды жүргізуге 2022 жылы облыстық бюджет қаражатынан 66 миллион теңге бөлінді. Жұмыстарды мердігер ұйым "Транстелеком" акционерлік қоғамы орындаған. Мемлекеттік сатып алуларға сәйкес, нысанды қабылдау кезінде авторлық және техникалық қадағалауларды жүргізуге шарттар жасалды. Нысанды пайдалануға берілгеннен кейін мәселелер болған емес. Тек 18 қарашадан 19 қарашаға дейін түні бойы қолайсыз ауа райы болып, дауыл кезінде 3 бағана құлап қалды. Қазіргі таңда "Жақсы ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі" мердігерлік ұйымға қатысты дереу шаралар қабылдады. Мердігерлік ұйымның бригадасы қазіргі уақытта жолда. Ауылға келген соң электр жарықтандыру желісін жою және қалпына келтіру жұмыстары басталады, – деді Жақсы ауданы әкімдігінің ресми өкілі.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы