Еліміздегі түбейгелі саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды табысты іске асырудың кешенді ұстанымын білдірген бұл құжат Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру міндетін көздеді.
Бір жылдық кезеңде сайлауалды бағдарлама оң нәтижемен іске асып жатқанына куә болып отырмыз. Бір ғана әлеуметтік саланың өзінде ауқымды реформалар жүріп, әлеуметтік әділеттілік принципінің орнығуына нық қадамдар жасалды. Біздің басты байлығымыз – адам дейтін ұстаным мемлекеттік саясаттың басты тұғыры болып бекіді.
Кеше ғана еліміз 20 миллионыншы тұрғынын сүйіншілеп тұрып қарсы алды. «Адам болар баланың маңдайы жазық келер» дейтін даналықты өзек етіп алар болсақ, бар қазақты қуантқан бес өңірдің қатарында қасиетті, кең жайлау жұртымыз Түркістан облысы болғанын мақтан тұтамыз. Демографиялық өсім қарқыны республикамызда ең жоғары саналатын өлкемізде жыл сайын 60 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Әрбір алтыншы қазақстандық дүние есігін ашатын алтын құрсақты аймақтың тұрғындары Президент жариялаған әлеуметтік реформалардың игілігін көріп, сезініп келеді.
Жақында ғана Мемлекет басшысы «Ұлттық қор – балаларға» жобасын 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосу үшін заңнамалық түзетулерге қол қойды. Оның аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі барлық бала арасында бөлінетін болады. Бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлем беру мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылды. 1 қарашадағы жағдай бойынша, шамамен 632 мың ата-ана 258 млрд теңгеден астам сомаға төлем алды.
Мемлекеттің әлеуметтік саладағы қолдауын Түркістан облысындағы 177 мыңнан аса көпбалалы ана көріп отыр. Оның ішінде 15 мыңнан аса «Алтын алқа» иегері, 43 мыңнан аса «Күміс алқа» иегері санатындағы аналарымыз елдің қамқорлығын сезініп, келешекке нық сеніммен қарайды.
Алтынсары ҮМБЕТӘЛИЕВ,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық
филиалының төрағасы,
облыстық мәслихат депутаты