Атырауда дауылпаз ақын, ақберен батыр Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына орай республикалық театрлар фестивалі аяқталды. Бір аптаға созылған фестивальдың бас жүлдесін Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры иеленді.
Театрлар фестивалі аяқталды
1,031
оқылды

Фестивальға іріктеуден өткен 7 театр қатысты. Олар – Маңғыстаудан Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры, Жезқазғаннан С.Қо­жам­құлов атындағы қазақ музыкалық драма театры, Ақмола облысынан Ш.Құсайынов музыкалық драма теа­тры, Қостнайдан І.Омаров атындағы қазақ драма театры, Шымкенттен Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры, Батыс Қазақ­станнан Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры мен жергілікті Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры.

Өнер ұжымдарының қойылымын бағалайтын қазылар алқасына Қазақ­станның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов жетекшілік етті.

«Махамбет сөздерінің бәрі дерлік  өткір, адуынды. Сол себептен өнер додасы тартысты өтіп, қойылымдар асқан шеберлікпен сахналанатынына үміттендік», – деді Тұңғышбай Жаман­құлов.

Өнер додасының шымылдығы Ма­хам­бет атындағы академиялық қазақ драма театрының Тәкен Әлімқұловтың «Қош бол, Қараой» реквиемін сах­налаумен бастады. Әр театрдың қойы­лымы өзіндік өрнегімен көрерменді тәнті етті.

Қазылар алқасының шешімімен фестивальдың бас жүлдесі «Қош бол, Қараой» реквиемін сахналаған Атырау облыстық Махамбет атындағы ака­демия­лық қазақ драма театрына бе­рілді. «Жұбан» спектаклін ұсынған Батыс Қазақстан облыстық Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры бірінші жүлдеге лайық деп танылды. Екінші орынды «Әлиханның аманаты» қойы­лымы­мен Н.Жантөрин атындағы Маң­ғыстау облыстық музыкалық драма театры иеленді. Махамбет атын­дағы арнайы сыйлықты І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры «Алжир» қойылымымен жеңіп алды.

Сондай-ақ Гаухар Мангулова «Үз­дік режиссер», Темірбек Мұхтаров «Үздік сценограф» атанды. Ал «Үздік ер адам бейнесі» аталымын Медғат Өміралиев, «Үздік әйел адам бейнесі» аталымын Нұрлыгүл Жұбатова ие­ленді.

«Екінші пландағы ер адам бейнесі» аталымына Рауан Таймас, «Екінші план­дағы әйел адам бейнесі» аталы­мына Жібек Үсенова ие болды.