Осыдан тура бір жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әді­летті Қазақстан: бәріміз және әр­­­­қайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағ­дарламасын ұсынған еді.
Басты мақсат – Қазақстанда әділеттілік орнату!
503
оқылды

Бұл ел өміріне тыныс қосып, қоғам өміріне серпін берген тарихи құжат болды. Мемлекет басшысы мұнда жаңа кезеңдегі Қазақстанның негізгі даму бағыттарын белгілеп берді. Соның ішінде экономика, әлеуметтік сала және өңірлік саясаттағы түбегейлі өзгерістер жөніндегі жоспарлар айқындалған.

«Әділетті мемлекет» – «Әділетті эко­­­­но­­­­­мика» – «Әділетті қоғам» атты үш та­­­­­­рау­­­­дан тұратын бағдарламада алдағы 7 жыл­ға арналған мақсат-міндеттер түбе­­гейлі қамтылған деуге болады. Ал оның қалай жүзеге асатынын Президенттің: «Мем­лекет монополияларды жояды, та­быстың әділ бөлінуін қамтамасыз етеді. Қолынан іс келетін еңбектенем деген әр аза­мат өзіне лайықты жұмыс табады. Көмекке мұқтаж кез келген азамат мем­­лекет пен қоғамнан қолдау көреді», – де­ген сөзінен-ақ ұғынуға болады. Осы үш та­раудың соңғысында әлеуметтік сала қам­тылған. Онда «Самұрық-Қазына» қорының таза табысының кемінде 7%-ы «Қазақстан халқына» Қоғамдық қорына жыл сайын аударылатыны, жеке тұл­ғалардың төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы заң қабыл­­данатыны, мамандандырылған балалар мекемелері балаларды қолдау орталық­та­­рына айналдырылатыны, мұқтаж азамат­­­тар үшін коммуналдық қызметтерге жұм­­са­­­латын шығындардың кемінде 30%-ын өтеу тетігі іске қосылатыны және тағы да бас­­қа маңызды жайттар нақты айтылған. Мәселен, осы айтылғандардың ішінде бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдем­­­ақы мен әлеуметтік төлем жасау мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылды. Со­­­ның нәтижесінде, осы жылдың 1 қараша­сындағы жағдай бойынша шамамен 632 мың ата-ана 258 млрд теңгеден астам сомада төлем алды.

Бұрын тауар түрінде берілген атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) монетиза­­ция­ланды, яки аз қамтылған отбасылардан шық­қан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін кепілді әлеуметтік топтама азық-түлік жиынтығынан ақшалай көмек түріне ауыстырылды. Қорытындысында, биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 182 мың балаға 6 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалыпты. 

Сондай-ақ ең үлкен бастаманың бірі – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы. Халқы­­­мыздың саны 20 миллионға жеткен күні Мемлекет басшысы осы жобаны 2024 жыл­­­ғы 1 қаңтардан бастап іске қоса­тын заңнамалық түзетулерге қол қойды. Оның аясында Ұлттық қордың инвес­­­тициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі барлық бала арасында бөлінетін болады. Бала қаражатты кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім алуға немесе бас­­пана сатып алуға пайдалана алады. Одан да өзге, бір жылдың ішінде жүзеге асып жатқан батыл бастамалар аз емес. 

«Сайлауалды бағдарламада Президент әді­летті әлеуметтік саясатты жүзеге асыру­дың заңнамалық тетіктерін бекітуді, әлеу­­меттік саясаттың басты басымдығы ре­тінде адам капиталын қалыптастырып да­­мытуды ұсынды. Оны еліміздің креа­тивті экономикасын өркендетудің негізгі факторы ретінде айқындады. Геосаяси және геоэкономикалық күрделі жағдайға қарамастан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауалды бағ­­дарламасында алға қойылған мақсаттар рет-ретімен, кезең-кезеңімен нәтижелі орын­далып келеді. Тарихи құжатта адами капиталды дамыту экономикамыздың негізгі басым бағыты саналатын әлеу­меттік саясаттың басты мақсаты екені көр­сетілген. Әлеуметтік саясат эконо­­микалық өсімсіз мүмкін емес болса, адами капиталды арттырмай экономикалық өсуге қол жеткізу де мүмкін емес. Осы рет­те ең басты жаңалық, 2023 жылғы 1 шіл­де­ден бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Әлеуметтік кодекс аясында І топтағы мү­ге­дектігі бар адамдарға күтім жасау уақыты зейнетақыны есептеу кезінде еңбек өті­ліне ескерілетін болды.

Отбасының цифрлық картасын (ОЦК) енгізу жәрдемақылар мен әлеуметтік тө­лемдердің 10 түрі бойынша қызметтер про­­активті форматта іске асыруға мүмкін­­дік береді. Сонымен қатар «Әлеу­меттік әмиян» пайдалануға енгізілді. 2023 жыл­дың 10 айында 172,3 мың адам жұмысынан айырылу бойынша жалпы сомасы 37,8 млрд теңгеге әлеуметтік төлем алған. 2023 жылы азаматтарды жұмысқа орна­ластыру жоспарына сәйкес 847 мың адам жұмысқа орналасқан, оның 420 мыңы – жастар. Еңбек нарығының сұранысына дайын болу үшін «Кәсіптік біліктілік ту­ралы» заңы қабылданды. Кәсіптік-техни­калық білім беру күшейтілуде. Осылайша, Мем­лекет басшысының сайлауалды бағдар­ламасы нақты әлеуметтік бағытқа ие боп отыр. Оның нәтижелері адам капи­­талын дамытуға, азаматтарды әлеуметтік қолдауға бағытталған», – дейді Мәжіліс депу­таты, «AMANAT» партиясы фракция­сының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова.

Бұл бастамалар – сайлауалды бағдар­­­ламаның уақыт сынына сай дайындалған құжат екенінің дәлелі. Осыдан тура бір жыл бұрын елімізде өткен кезектен тыс президенттік сайлауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 80%-дан астам дауыс жинап, жеңіске жеткенінің заңды­лығына көз жете түседі. Оның қызметіне баға бергенде, «екінші» президенттігінің бірінші жылы оңай болмағанын атап өт­кен жөн. Расында да, бұл жыл ол үшін де, бүкіл мемлекеттік басқару жүйесі үшін де үлкен сынақ болды.

«Мемлекет басшысының ең зор еңбегі деп мен саяси және экономикалық жүйе­­­дегі үздіксіз және сабақтас реформаларын атар едім. Қазақстанда алғаш рет аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау мүмкіндігі туды. Бұл Пре­зиденттің саяси жүйені өзгерту жөнін­дегі ниетін дәлелдейді. Қазақстанның экономикалық трансформациясы үшін үлкен қадамдар жасалды. Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына қарапайым да түсінікті міндеттер қойып отыр. Ол – жаңа реформалар халықтың әл-ауқатын арттыруға және ұлттық табысты әділ бө­луге бағытталуы тиіс екендігі. Одан бөлек экономикалық реформалардың тағы бір маңызды кезеңі – аймақтық саясат. Мем­лекет басшысы экономикалық реформа­­­ларды жалғастыра отырып, өңірлердің бюд­жеттік дербестік деңгейін арттыруды тапсырды. Бұл шара өзекті мәселелерді жергілікті жерлерде шешуді айтарлықтай жылдамдатып, аймақтардың тұрақты ілгерілеуіне серпін береді.

Мемлекет басшысының реформа­ла­рын жүзеге асыруда саяси институттар үл­кен қолдау көрсетіп отырғанын айта кеткен жөн. Саяси реформалардың нәти­жесінде, Президент партия Төрағасы қыз­метінен кеткенімен, «AMANAT»-қа деген сенімі жоғары деңгейде қалып отыр. Сай­лау кезеңінде Мемлекет басшысының сайлауалды штабының іргелі күші болған «AMANAT» партиясы түптеп келгенде, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңісіне үлкен үлес қосқанын еске сала кетейік. Енді бүг­інде парламенттік көпшілікке ие «AMANAT» фракциясы Мемлекет басшы­­сы­ның бар­лық реформаларына заң­­­­­­на­­­малық қолдау көрсетіп келеді. Осы бір жыл уақытта пар­тия отбасыларды атау­­лы және әлеуметтік қолдау, еңбек на­ры­­ғын ырықтандыру сияқты тағы да басқа да көптеген өзге­рістерді қамтитын Әлеу­меттік кодексті әзірлеуге белсенді атса­­­­лысты. Азамат­тардың төлем қабілет­­­сіз­дігіне қатысты мәселелерді шешуге ба­­­­­­­­ғыт­­­­­­­­­­талған «Жеке тұлғалардың банкрот­­­­­тығы туралы» заң­ның қабылдануын қам­­­та­­­­­­­масыз етті. Әлі де бізді алда еліміздің тұғырын нығайтып, әлемдік қауымдастық­та лайықты орын алуына мүмкіндік бере­­тін барлық сала­дағы күрделі реформалар күтіп тұр», – дейді «AMANAT» партиясы Қоғамдық саясат институтының Әлеу­меттік-эко­номикалық талдау бөлімінің меңгерушісі Алтай Дюсекеев.

Тізбелей берсе, сайлауалды бағдар­ла­маның мүмкіндіктері мол. Мәселен, Қазақ­станда мүгедектігі бар адамдарды әлеу­меттік қолдаудың жүйелі шаралары жүзеге асырылуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметіне сүйенсек, мүгедектігі бар азаматтарға 50 мыңнан астам қызметтер мен техника­лық құралдар ұсынылған. Инклюзивті қоғамды қалыптастырып дамыту үшін мү­гедектігі бар азаматтардың өмір сапа­сын жақсарту және қоғамның тең мүшесі ретінде қолдаудың жүйелі шаралары қа­­­был­­­­дануда. Уақытша жұмысқа орна­­­­­ласты­­­рыл­маған азаматтарды қолдау жүйе­­­сін күшейту, оның ішінде жұ­­мысынан айы­­рылу бойынша берілетін әлеуметтік тө­лем­­­дердің мөлшерін табыстың 45%-ына дейін ұлғайту бас­­­­­­тамасы тағы бар. Жетім балалар мен ата-анасының қамқор­­­­­лығын­­сыз қалған балаларды отбасыларға орнық­­­­тырудың баламалы нысаны – асырап алу­­шы кә­­­­сіби отбасылар институтын енгі­­зу қолға алынған. Мемлекет басшысы­­ның қыз­­­­­метінің бірінші жылын қоры­­­­­­­тындылай келе, көп нәрсе атқарылғанын, бірақ әлі де көп нәрсе істеу керек екенін атап өт­­­кен жөн. Ал мұндағы басты мақсат – Прези­­­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айт­қан­­дай: «Қазақстанда әділеттілік орнату!».

Нұрлан ҚОСАЙ