Айнұр Полатова Еуразия ұлттық университетінде қазақ филологиясы бағытында магистратураның 2-курсында оқиды. Былтыр талантты жас Talapai стартапын құрып, ЕҰУ бизнес-инкубатор байқауында ақшалай сыйлықты жеңіп алған болатын. «Бес тас», «Құмар», «Ағаш үй» бестемшесі, «Тұмар» ұлттық ойындары шетелдіктер арасында қазірдің өзінде танымал. Бұл жолы ЕҰУ магистранты Германияда өткен Bazaar Berlin халықаралық көрмесіне өзінің жобасын көпшілік назарына ұсынды. Ұлттық ойындар функционалдық сөмке түріндегі ерекше дизайнмен жасалған.
«Мен шетелдіктерді қазақтың мәдениетімен, салт-дәстүрімен таныстырғым келеді. Көрме қонақтарының ұлттық ойындарымызға деген қызығушылығы жоғары болды. Олар стратегиялық ойлау мен коммуникацияны дамытуға арналған ойындардың пайдасын атап өтті. Ойындар жасалған дизайн мен материалда жоғары бағаланды. Менің жобама бір жыл болды. Осындай қысқа ғана мерзімде жақсы нәтиже көрсетіп, мол тәжірибе жинақтадым деп есептеймін», – деп бөлісті Айнұр Полатова.
Енді ЕҰУ магистранты Франкфуртте ашылатын шығармашылық хабта өз жобасын таныстыруға дайындалып жатыр.
Сонымен бірге Айнұр Полатова – ерекше қазақ элементтері бар сөмке дизайнының авторы. Оған Louis Vuitton компаниясы қызығушылық танытып, Айнұрды Парижге арнайы шақырған.
Айта кетейік, биыл Bazaar Berlin халықаралық жәрмеңкесіне әлемнің 56 елінен 500 өндіруші қатысты. Ауқымды іс-шарада бірегей өнімдер мен бұйымдар ұсынылған.