Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья бастаған бір топ ғалым Жезқазған қаласында «Ұлытау облысының ғылыми-өнеркәсіптік әлеуетін дамыту: өңірдің перспективалары мен бәсекелестік артықшылықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстел өтті
671
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей қолдау білдіріп, Үкіметке өңірді дамытудың Кешенді жоспарын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Осы мақсаттың үдесінен шығуға ғылым да өз үлесін қосуға тиісті.

Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев, Академияның Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры, PhD докторы Анар Мұхтарова, «Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы» ғылыми-зерттеу институтының сектор меңгерушісі Нұргүл Мелдебекова ауыл шаруашылығына қатысты өзекті мәселелерді қозғап, ғылыми жобалар жайлы ұсыныстарын білдірді. Ал Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «СУ-HUB» директоры Анатолий Рябцев өңірдегі су ресурстарының проблемаларына тоқталды. Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің президент-ректоры Әбділмәлік Тәкішев, техника ғылымының кандидаты Төлеген Бүкіров, «Қазақмыс барлау» АҚ басқарма төрағасы Ғалым Нұржанов, «Ұлытау алтын мұрасы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ғалымжан Әбдібеков өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, өңірді ғылыми негізде дамытуға қатысты ойларын ортаға салды.

Ұлытау облысының алдағы дамуына қажетті бағдарламалар жасауға Ғылым академиясы тиісті қолдаулар жасайды. Облыстың ғылыми әлеуетін дамытудың 8 қадамнан тұратын жоспары бекітілді.

Жиын барысында Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарьяға «Ұлытау облысының Құрметті азаматы» деген лента тағылып, куәлігі табысталды. Ол бұл атаққа 25 қазан Республика күні қарсаңында ие болған еді.

Майлыбай КЕТЕ,

Ұлытау облысы