Павлодар облысының әкімдігі Екібастұзда балаларға қарсы қылмыстардың алдын алу бойынша арнайы жиналыс өткізіп, аймақ басшысы әлеуметтік саладағы бірнеше шенеунікке сөгіс берді, - деп хабарлайды Aikyn.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бесқауға ауылындағы жеті жасар Милана Давыдовамен болған жантүршігерлік оқиға ешкімді бейжай қалдырмады. Мұндай жаңалықтарды естігенде жүрегің езіледі. Миға симайтын, адамға мүлдем жат қылық. Бұл қайғылы жағдайдың алдын алуға болатын еді. Бейбіт уақытта балалар сіз бен біздің кінәмізден, ересектердің кінәсінен қаза болуда», - деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі өткен жылдың ақпан айында «маугли-балалармен» болған оқиғаны еске салып, одан ешкімнің сабақ алмағанын атап өтті. Ол отбасындағы келеңсіздіктерді алғашқылардың бірі болып байқайтын мұғалімдердің назарын аударды: мектепте 17 мұғалім мен 51 оқушы бар. Екібастұздың кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия төрағасының әлсіз жұмысы, учаскелік полиция қызметкері және Бесқауға ауылының әкімі тарапынан олқылықтар бар.
Павлодар облысы Білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаның мәліметінше, жыл басынан бері балаларға қатысты 250-ге жуық заңға қайшы келетін фактілер анықталған, оның 66-сы Екібастұз қаласында. Мамандар мұндай жоғары көрсеткішті қорғаншылық органдары мамандарының және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлардың жеткіліксіз санымен байланыстырады.
Асайын Байханов оқу орындарындағы профилактикалық қызмет жүйесіне талдау жүргізіп, түбегейлі қайта қарауды, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі кешенді жоспарды пысықтауды және тәуекел аймағындағы әрбір отбасы үшін учаскелік полиция қызметкерлері мен әлеуметтік қызметтерге бірлескен әлеуметтік патронаж белгілеуді тапсырды. Бұл ретте өңір басшысы бұл жұмысқа мектеп педагогтерін тартуға шектеу қою керектігін атап өтті. Әрбір осындай отбасын аралап, балалардың өмір сүру жағдайларымен білім беру, әлеуметтік қорғау және полиция қызметінің мамандары танысуға тиіс.
Сондай-ақ жедел көмек беру желісінің нөмірлерін 65-00-60, 8707-491-64-05, бала құқықтары жөніндегі уәкілдің «111 Аманат» бірыңғай байланыс арнасын барлық жерге тарату қажет. Екібастұз әкіміне Давыдовтар отбасын бақылауға алу тапсырылды.
Жиналыста 17 қарашада Шідерті кентінде қайтыс болған сегіз айлық балаға қатысты тағы бір сұмдық жағдай қаралды. Облыс әкімі жағдайды егжей-тегжейлі түсініп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
«Жиналыс қорытындысы бойынша, өңір басшысы лауазымды тұлғаларға жаза қолдану туралы шешім қабылдады. Әлеуметтік саланың жұмысына жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары – Айзада Құрмановаға, Екібастұз қаласының әкімі – Аян Бейсекинге, облыстық білім беру және әлеуметтік қорғау басқармаларының басшылары – Самал Айтқазина мен Альмира Дисюповаға сөгіс жарияланды. Сондай-ақ облыс әкімі кеншілер қаласының басшысына Екібастұз қаласының лауазымды тұлғаларына қатысты тәртіптік шаралар қабылдауды, оның ішінде Қоянды ауылдық округінің әкімі Абай Хакимовтың одан әрі жұмысы туралы мәселені қарауды тапсырды», - делінген хабарламада.
Өңір басшысы барлық қоғам, әсіресе, уәкілетті мемлекеттік қызметшілер балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауы тиіс екенін еске салды.