Ауа райының қолайсыздығынан көп жағдайда барлық әуекомпанияларының жұмысы қиындайды, әсіресе қыста рейстер жиі кешіктіріледі. Әуе рейстерінің кешігуі мен тоқтатылуының негізгі себебінің бірі – қолайсыз метеорологиялық жағдайлар. Air Astana компаниясының биылғы соңғы 10 айдағы рейс уақытылығының орташа көрсеткіші 80%, бұл көрсеткіш былтыр қыстағымен салыстырғанда 10%-ға төмен деген сөз. Рейстердің уақытылы орындалу көрсеткіштерінің маусымдық төмендеуі салалық орташа деңгейге сәйкес келсе де, әуекомпаниясы тобы көрсеткішті одан ары жақсарту мақсатында жұмыс жалғастыруда.
Биылғы күзде әуекомпаниясы екі заманауи мұздануға қарсы машинаны сатып алды. Одан бөлек, 2025 жылдың соңына дейін қосымша төртеуін сатып алмақшы. Астана әуежайының аумағында Air Astana компаниясы мұздануға қарсы сұйықтықты сақтауға арналған жеке қойма салып жатыр. Аталған шаралар қысқы кезеңдегі рейстердің уақытылы орындалуына ауа райының тигізетін әсерін азайтуға бағытталған.
Брифинг барысында Air Astana техникалық қамтамасыз ету жөніндегі аға менеджері Аслан Әбілпейісов мұздануға қарсы өңдеудің маңызына тоқталды.
– Мұздануға қарсы өңдеу күзгі-қысқы кезеңде әуекемелерінің ұшу алдындағы дайындығында басым рөл атқарады. Бұл ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды. AIG Astana қауіпсіздікпен компромис жасамай, уақытылы ұшу үшін қолайсыз метеорологиялық жағдайлардың әсерін азайтуға тырысады. Ұшу қауіпсіздігі біздің тұрақты басымдығымыз болып қала береді, – деді ол.
ҚР заңнамасына сәйкес, Air Astana әуекомпаниясының рейсі кешіккен немесе орындалмаған жағдайда жолаушыларға 2 сағаттан кейін жеңіл тағамдар мен сусындар, 4 сағаттан кейін ыстық тамақ беріледі, 6 сағаттан кейін немесе түнгі уақытта қонақүйге орналастырылады, ал 8 сағаттан кейін (күндізгі уақытта) тегін қайта брондау жүзеге асады. Сондай-ақ рейс 5 сағатқа кешіккен кезде билет құны толық қайтарылады.