Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көші-қон мәселесіне көңіл бөлуі – жақсылықтың нышаны. Биыл Президент бастамасымен елімізде екінші рет өткізілген «Отандастар» форумының да маңызы зор.
Қандастар –  мемлекет қамқорлығында
675
оқылды

Аталмыш форумда жолдаған құттық­тауында Мемлекет басшысы: «Қазақта «ке­лі­сіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Халқымыз қашанда елдік мәселе­лерді алқалы жиында ақылдасып шешкен. Осы орайда шетелдегі қазақтармен жан-жақты байланысты нығайту, ұлттық құн­дылықтарды дәріптеу және басқа да өзекті мәселелерді өздеріңізбен талқылау­­­­дың маңызы зор. Қай мемлекетте мекен етсе де, қазақтың бір ғана Отаны бар – ол Қазақ­­­стан. Сондықтан біз шетелде тұра­тын қан­­дастарымызды қолдауға қашанда мән бе­реміз. Олардың тарихи Отанына қоныс аударуына толық жағдай жасалған. Қазақ­стан азаматтығын және қандас мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді. Шетелдегі қазақ кәсіпкерлері үшін «Ата жолы» картасы енгі­­зілді. Қандастармен қарым-қатынасты дамытуға бағытталған осындай жұмыстар жалғаса береді», – деген болатын. 

Халық саны тығыз орналасқанына қарамастан, көші-қон мәселесі бойынша тиімді іс-шараларды жүзеге асыру бары­­сында Шымкент қаласы да бірқатар бағыт­тағы жұмыстарды атқаруда. Биыл үшінші мегаполисте 766 отбасы, 1 196 адам «қандас» мәртебесін алды, ал 6 айға қандас мәрте­­­­бе­сін ұзартқандар саны 47 отбасынан 62 адамды құрады (барлығы 1 258 адам).

Қоныс аударған қандастар ТМД және шетелдерден көшіп келген, этникалық қазақтардың басым бөлігі Өзбекстаннан келгендердің үлесінде. Өзбекстаннан келген – 1 166 адам, Қытайдан – 16 адам, Ресейден 8 адам Шымкентке біржола қо­ныс­­танып, тұрақтады. Сондай-ақ Қыр­ғыз­­станнан – 1 адам, Ауғанстаннан – 2  адам, Тәжікстаннан – 1 адам, Түркиядан 2 адам атамекенге оралған. 

Тәуелсіздік алғалы бері бағамдасақ, елімізге 1 миллионнан астам қандасымыз оралған. Олар атамекенде ұрпақ өрбітіп, кәсіп игеріп, мемлекетіміздің өркен жаюы­на үлесін қосуда. Президент атаме­кенді аңсап келген ағайындар мәселесін Үкімет­ке, Президент Әкімшілі­гіне шешуді жүк­теп, қосымша іс-шаралар қабылдау туралы нақты тапсырма беруде. Нәтижесінде, қоныс аударған қандастардың басым бөлігі бүгінде құрылыс саласында, сауда-саттық­пен және басқа да жалдамалы жұмыстармен айналысады. Шымкент қаласында қандас­тар мен олардың отбасыларына 6 ай бойы бейімдеу және кіріктіру бойынша қызмет­тер көрсететін «Қандастарды бейімдеу жә­не ықпалдастыру орталығы» жұмыс істейді. Бүгінде бейімдеу қызметін 19 отбасынан 52 адам алуда.

Президент Жолдауында: «Қандастар­дың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда демо­графиялық және экономи­­­ка­лық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ жалпы­ұлт­­тық мүд­дені басшылыққа алу өте маңызды. Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, аза­маттарымыздың денсау­­лығы мықты, білімі терең болуы керек. Кә­сібилік пен еңбек­­қорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы керек. Тағы да қай­талап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады» деуі көп жайттан хабардар екенін де аңғартады. 

Халық санын көбейтіп қана қоймай, сапасын да арттыруға бүгінде нақты қа­­дамдар жасалуда. Қандастарды жұмыс­пен қамту мәселесі назарға алынып, Шымкент қаласы әкімдігінің «Еңбек мо­биль­ділігі» орталығы арыз-шағымдарға сай жұмыс іс­тейді. Бүгінде орталық қызметіне барлығы 135 қандас жүгінген. Олардың ішінен 86 адам жұмыспен қамтудың белсенді ша­ра­ла­­­рымен қамтылған. Шымкент қала­сы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қор­ғау басқармасының мамандары аталған ба­ғыттағы жұмыстар алдағы уақыт­та да жал­ғасатынын айтады. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы