Кеше Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев елордадағы Орталық коммуникация­лар қызметінде өңірдің биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді.
Маңғыстауда зәйтүн өсірілмек
777
оқылды

Оның айтуынша, облыстағы агроөнеркәсіп кешені 10 айдың қорытындысы бойынша, былтырғы есептік кезеңмен салыстырғанда өсім көрсетіп отыр. Биыл жалпы құны 1 млрд болатын 4 жоба іске асып, 80 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның ішінде азық-түлік сақтайтын қоймалар, жылыжай кешені, ет өңдеу комбинаты және ет өнімдерін консервілеу жобалары бар. Жыл жаңалығының бірі – биыл Маңғыстау облысында тәжірибе түрінде зәйтүн ағашы егіліпті.

«Жергілікті кәсіпкерлер зәйтүн көшетін отырғызу мәселесін қолға алып жатыр. Қазір 2 мың түп зәйтүн ағашы егілді, сонымен бірге тәжірибе түрінде Арыс және Жаркент қалаларында да осындай көшеттер отырғызылған болатын. Егер тәжірибе оң нәтиже көрсетер болса, кәсіпкерлер 10 мың гектарға дейін зәйтүн егіп, оның майын шығаруды кәсіп етпек», – деді Н.Ноғаев.

Облыс әкімінің айтуынша, келесі жылға өңірде 5 жоба жоспарланып отыр, оның ішінде 4 жылыжай құрылысы бар. Оның себебі өңірге азық-түліктің 84 пайызы сырттан келеді. Сол тәуелділікті азайту үшін жылыжайлардың көптеп салынғаны дұрыс. Бұл жобалардың құны – 2,2 млрд теңге.