«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы «ҚТЖ» мен «Самұрық-Қазына» қоры басшыларының ұсталғаны туралы ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Компания 12 қарашада тараған ақпараттың сотқа дейінгі тергеу аясында қаралып жатқанын мәлімдеді.
«ҚТЖ» құқық қорғау органдарына тергеу жүргізуге жан-жақты көмектесуге, заңнамаға сәйкес сұратылған ақпарат пен құжаттарды ұсынуға дайын екенін жеткізді.
Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта жарияланған ақпараттан басқа қосымша мәлімет жоқ. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялауға тыйым салынғандықтан, компания өзге түсініктеме бермейді.
Сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» мен оның еншілес компаниялары қалыпты жұмыс тәртібін сақтап отырғанын мәлімдеді. Инвесторлар, кредиторлар, халықаралық қаржы ұйымдары және іскерлік серіктестер алдындағы міндеттемелер қолданыстағы келісімдерге сәйкес орындала береді.
