10 айдың қорытындысы бойынша 5 нысан пайдалануға тапсырылды. Оның ішінде Нұрсат шағынауданындағы оқушылар сарайы, № 8, 45, 65 мектептерге қосымша ғимарат және Майлин көшесі №4 мекенжайында орналасқан өнер мектебі тұрғындар игілігіне берілді. Сайрам шағынауданы №10 колледждің қосымша ғимаратының құрылысы жыл қорытындысымен пайдалануға тапсырылады. Бұдан бөлек, жыл басынан бері 3 спорт нысаны пайдалануға тапсырылды. Олар – металлург стадионы, Бозарық шағынауданындағы ауыр атлетика мектебі және Желтоқсан көшесіндегі №22 медколледж спорт залы. №12 спорт мектебінің қосымша ғимарат құрылысы 2024 жылға өтпелі.
Денсаулық сақтау саласында 1 нысанның (Қазыбек би көшесі, 36 мекенжайдағы стационар құрылысы) құрылысын аяқтауға қаржы қаралып, мекеме құрылысы толық аяқталды. Мәдениет саласындағы 1 нысанның – Шымкент сити шағынауданындағы конгресс-холл құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға беріледі.
Осы тұста айта кетейік, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жуырда жауаптылармен бірге қаладағы құрылысы жүріп жатқан бірқатар әлеуметтік нысанды аралады. Қала басшысы Шымкен сити шағынауданында бой көтерген конгрес-холл ғимаратын аралап, атқарылған жұмыстармен танысты. Қазір мұнда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, нысанның басқару жүйесіне мамандар оқытылуда. Заманауи талапқа сай жабдықталған ғимаратта халықаралық конгрестерді, форумдарды, мәжілістерді, симпозиумдарды, ресми іс-шараларды және пленарлық отырыстарды өткізуге барлық жағдай жасалып жатыр.
Жобаға сәйкес, бірінші блокта мәдени іс-шараларға арналған кәсіби мультимедиалық жабдықтар орнатылған 2 066 орындық көрермен залы орналасқан. Сондай-ақ 190 орындық конференц-зал, 80 орындық салтанат залы, 40 орындық баспасөз залы, техникалық бөлмелер бар. Ал екінші блокта қолөнершілер орталығы, шеберхана қарастырылған. Ғабит Сыздықбеков жауаптыларға озық үлгіде жабдықталған жаңа нысанның мүмкіндігін арттыруда бірқатар тапсырма берді. Конгрес-холл өндірістік кестеге сәйкес жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Одан соң үшінші мегаполис басшысы «Шымкент цирк» жұмысымен танысты. Дәл қазір репертуар қорында 22 бағдарламасы бар циркке жылына 90-100 мың көрермен келеді екен. Штаттағы 11 бөлімде 55 әртіс, 22 эстрадалық оркестр, 10 музыка және жарықпен сүйемелдеуші, өзге де техникалық қызметкерлер жұмыс істейді. Қала әкімі сала басшыларына ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге кедергі болып отырған 3,1 гектар жер телімін пайдалану құқығына қатысты өзекті мәселелерді тез арада шешу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Ғ.Иляев көшесіндегі № 113/5 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы да қала әкімінің назарында. Күрделі жөндеу жұмыстары қыркүйек айында тұрғындар келісімімен қайтарымды қаржы негізінде басталған болатын. Қазір үйдің қасбетін толығымен жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Күрделі жөндеу жұмыстарының 90 пайызы орындалған. Өндірістік кестеге сәйкес қараша айының соңында жөндеу жұмыстарын толығымен аяқтау жоспарланып отыр. Құрылыс барысын қадағалаған қала әкімі Тұрғын үй, Сәулет, Қала құрылысы және Жер қатынастары басқармаларының басшыларына үйдің сыртқы келбетін жөндеу барысындағы кемшіліктерді ретке келтіру бойынша тапсырмалар берді. Сондай-ақ балалар және спорт алаңшаларын салуға жер телімдерін қарастырып, ирригациялық жүйелерді орнатуды жүктеді.
Айта кетейік, үшінші мегаполисте жыл соңына дейін 136,7 мың шаршы метр болатын 1 816 пәтерлі 36 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның 30-кредиттік, алтауы арендалық тұрғын үй. Бүгінде 41,5 мың шаршы метр құрайтын 540 пәтерлі 10 тұрғын үй пайдалануға тапсырылған.
Жалпы, 2023 жылы Шымкент қалалық Құрылыс басқармасы тарапынан концепция аясында мемлекеттік бюджет есебінен 46,4 млрд теңгеге 330,4 мың шаршы метрді құрайтын 4 306 пәтерлі 100 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Олардың 18-і – Тұран, 56-сы – Бозарық, 26-сы Ақжайық шағынауданында бой көтермек. Жоспарға сәйкес, 100 көпқабатты тұрғын үйдің 8-і арендалық болса, 92-сі кредиттік нысан.
Мамандардың айтуынша, мемлекет бюджеті есебінен құрылысы жүріп жатқан тұрғын үйлерден бөлек, жыл соңына дейін 1 405 пәтерді нарықтан сатып алу жоспарланған. Бұл пәтерлердің 900-і жұмыс істейтін жастарға, ал 505-і халықтың әлеуметтік осал тобындағы азаматтарға беріледі. Бүгінде жұмыс істейтін жастарға 450 пәтер, халықтың әлеуметтік осал тобындағы азаматтарға 363 пәтер сатып алынған.
Жоспарланған 100 тұрғын үйдің 36-сы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қазір 10 көпқабатты тұрғын үйдің кілті табысталып, тұрғындар орналасып үлгерген.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы