Ел экономикасын еселеп, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында Президент пен Үкімет 2021 жылдан бастап біршама басым бағыттарды қолға алып, халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселесімен бел шеше айналысып кеткенін білеміз.
Екі қолға бір күрек табылады
553
оқылды

Жалпы, халықтың әлеуетін арттыру мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 7 қазанда 10 бірдей ұлттық жобаны бекіткен болатын.

Қол қойылған осы құжаттың барлығы дерлік халықтың тұрмысын оңалтып, елді тұрақты әрі қолайлы жұмыспен қамтуға бағытталған десек, артық емес. Бүгінде ел Үкіметі аталмыш жобалардың басым бағыттары бойынша жұмыс істеуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігі Халықты жұмыспен қамту депар­­­таментінің мәліметінше, жұмыспен қамту бағыттары бойынша 2022 жылға респуб­­­ликалық бюджеттен 33,2 млрд теңге, ал жергілікті бюджеттен 8,5 млрд теңге қа­рас­тырылған екен. Бұл қаражаттың бар­­­лығы ұлттық жобада көрсетілген 10 бірдей міндетті түгел қамтып отыр. 

Еңбек нарығындағы ахуал қандай?

Министрліктің мәліметінше, ұлттық жобалар шеңберінде 2021-2025 жылдар аралығында жалпы ел бойынша 2,5 млн жұмыс орны құрылмақ. Оның ішінде тұрақты жұмыс орны 803,7 мың болса, уақытша жұмыс орны 1 727,9 мыңды құрамақ. 

Ұлттық Статистика бюросына сүйен­­­сек, халықтың жұмыспен қамтылуын іріктеп, зерттеу деректері бойынша 2023 жылдың I тоқсанында Қазақстан эконо­микасының түрлі саласында 9 млн адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл жұ­­мыспен қамтылғандардың 76,4%-ын құ­раса, жалдамалы жұмыспен 2,1 млн адам қамтамасыз етілген. Демек, еліміздегі уақыт­­­ша жұмыспен қамтамасыз етіл­­­гендердің пайыздық үлесі 23,6%-ды құ­­­райды. Былтырғы I тоқсанмен салыстыр­­­ғанда елімізде жұмыспен қамту 250,8 мың адамға өскен. Елімізде жұмыспен қам­­­тылғандардың ең көп үлесі сауда-саттық саласы болып отыр (17,2%), одан кейінгі орындарда білім беру (12,9%), өнеркәсіп (12,6%), сондай-ақ ауыл шаруашылығы (11,5%) салалары тұр. 

Басым бағыттар – басты назарда

2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында сол жылға дейін барлығы 266 мыңнан аса жұмыс орнын құруды көздейтін негізгі 847 инвес­­­тициялық жобалар пулы қалып­тасып үлгерген. Олар дайын өнімнің импортын алмастыруға және экспортына бағыттал­­ған. Өнеркәсіпті дамыту қоры қарсы мін­дет­темелерді орындау шарттарында жеңіл­­дікті мөлшерлеме бо­йынша 305 млрд теңге сомасында қаражат бөлуді көздейді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жоспарланған бағдарламалар негізінде «Жастар практикасы» жобасына 23,5 мың адамды қамту көзделсе, тағы­лым­­­дамадан өтетін мамандардың тәжі­рибе алу уақытын 6 айдан 12 айға дейін ұзартқан. «Алғашқы жұмыс орны» жо­басы бойынша 96 мың адамды қамту бо­йынша жұмыстар жүргізілуде. Мерзімі 12 айдан 18 айға дейін ұзартылып отыр. Бұл өз кезегінде мамандардың қалып­­тасып, өзінің бейімділігін арттыруға зор мүмкіндік болып отыр. 

Халықтың тұрмысын оңалту мен әл-ауқатын арттыру бастамасын «AMANAT» партиясы да өзінің сайлауалды бағдар­ламасының негізгі басымдықтарының бірі ретінде қарастырып, біршама іске мұ­­­рындық бола білуде. «AMANAT» пар­­тия­сының сайлауалды бағдар­­ламасының бірінде 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» жобасы сәтті жүзеге асуда. «Лайықты жұмыс пен еңбек жағ­­дайы» жобасына еңбек нарығындағы кейбір келеңсіздіктерді жоюда партия тарапынан ерекше назар аударылып, халық тарапынан оң баға берілуде.

Өңірлердегі көрсеткіш көңіл көншітерлік

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы Спабек Нұрсейітұлының айтуынша, министрлік күн сайын еліміздегі еңбек нарығына бай­ла­нысты мониторинг жүргізіп оты­рады. 

«Дәл қазір еліміз бойынша 4 600-ге тарта түрлі жоба дайындалып, 70 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланып отыр. Мұны электронды еңбек биржасы арқылы да бақылауға мүмкіндік бар. Осы күнге дейін еліміз бойынша 640 мың азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Ал уақытша немесе мемлекет тарапынан субсидия­­ланған жұмыс орындарына 180 мыңнан астам адам орналасқан. Одан бөлек, 10 мың жас азамат жастар практикасы бо­йын­­­ша жұмысқа тартылып, олардың 5 мыңы тұрақты жұмысқа қалдырылды. Мұның барлығы – Мемлекет басшысы бекіткен ұлттық жоба жүйесі бойынша ат­қарылып жатқан шаруалар», – дейді С.Нұрсейітұлы.

Біз еліміздегі басты үш қаладағы жағ­­­дайды жан-жақты бағамдаған бо­­­ла­тынбыз. 

Астана

Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшы­­­сының орынбасары Ерлан Жүсіповтің мәлімдеуінше, биыл жұмыспен қамтуға жә­рдемдесу шараларына 22 312 адам тар­­тылды. Оның ішінде 11 591-і – 35 жасқа дейінгі жастар. Жұмысқа орналас­­­ты­­рыл­­­ғандар саны бойынша тұрақты жұмыс орындарына – 7 407, қоғамдық жұмыс­­тарға – 2 278, жастар практикасына 968 адам жіберілсе, әлеуметтік жұмыс орын­дары бойынша – 303, бірінші жұмыс орны – 297, «Күміс жас» – 789, ұрпақтар ке­лісімшарты – 6, ЛСИ-1 үшін арнайы жұмыс орындары – 1, кәсіптік оқыту – 209, «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқыту – 8 628, сұранысқа ие дағдыларды онлайн оқыту 971 адамды құрап отыр», – дейді Ерлан Жүсіпов.

Алматы

 Алматы қаласы бойынша жыл басы­­­нан бері 7 мыңға жуық адам жұмысқа орна­ластырылған екен. Бүгінде қалалық электронды еңбек биржасында жұмыс берушілер 4 225 бос жұмыс орны бойынша хабарландыру орналастырған. 

 «Азаматтар мен жұмыс берушілерге ыңғайлы болу үшін барлық көрсетілетін мемлекеттік қызмет электронды фор­­­матқа көшірілді. Қазір барлық қызмет онлайн форматта ұсынылады, бұл – жұ­­­мыс іздеушіні жұмыссыз ретінде тіркеу және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің ерекше мүмкіндігі. Биылдан бастап қала­­­мызда 21 865 адам жұмысқа орналас­­­ты­­­рылды, оның ішінде тұрақты жұмысқа 9 370 адам, субсидияланатын жұмыс орын­­­­­дарына 12 495 адам орналасты­­­рыл­ды», – дейді Алматы қаласының еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Са­ғындық Кенжебаев.

Шымкент

Шымкентте жыл басынан бері 61 мың­нан астам адам жұмыспен қамту шара­лары­­мен қамтылған. 

«Биыл 6 065 адамға жұмыспен қамту шараларын көрсету жоспарланған. Қазір 8 349 адам жұмыспен қамтылды. Жұ­­­­мыс­­­сыз азаматтар әлеуметтік жұмыс орында­­­рына, жастар практикасы, ақылы қоғам­­­дық жұмыстар мен «Алғашқы жұ­­­­мыс орын­­дарының жобасы», «Ұр­­пақтар келісім­­­шарты» жобасы, «Күміс жас» жо­­­ба­­­сы бойынша жұмысқа ор­­­­налас­­­­­­­ты­­рыл­­­ған. Сонымен қатар қазір жұмыссыз аза­­маттарды қысқамерзімді кәсіптік оқы­­­ту жүзеге асырылуда. 800-ге жуық азамат жұ­­мыс беруші мекемелерде және 1 500-ден астам адам оқу орталықтарында тегін кәсіптік білім алып жатыр», – дейді Шым­­­­кент қаласы Жұмыспен қам­­ту және әлеу­меттік қорғау басқар­­масы басшы­­­сының орынбасары Са­­быржан Арапбай. 

Жалпы, Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бойынша биыл 23 420 жұмыс орны (тұ­­­рақты – 22 044, уақытша – 1 376) құры­­­латыны жоспарланған.

Бердібек ҚАБАЙ