Жамбыл облысында жасөспірім қыз­дың зорлануы көптің жағасын ұстатты: 7-сынып­тағы жеткіншекке 55 жастағы күдікті азғын­дық жасап, жүкті еткен.
Қорланған баланың обалы кімге?
© коллаж: Елдар ҚАБА
801
оқылды

Ал 12 жасар балғын білім алып жатқан оқу ордасы аталған қылмысты жасыру үшін қолдан түсік жасат­қан. Бауыр еті баласының бұлайша қорла­нуына шыдай алмаған ана шырыл қағып, құқық қорғау органдарына арызданған. Осыдан кейін барып жауаптылар қамау­ға алынып, «жылы жабамыз» дегендердің жымысқы ойы жүзеге аспай қалған. 

Ең сорақысы, оқушының ойын бұзып, көңілдес еткен азғын аудандық мәслихат депутатының күйеуі болып шыққан. Бастап­қыда күдікті жасөспірімге телефон сыйлап тілін тапса, жүкті екенін естігенде жарының беделін айтып қорқытқан көрінеді. Бұл жа­йында жыныстық зорлық көрген жасөспірім­нің анасы Мариям Смадиярова баян етті. 

– Қызым қатты қорқып қалған. Баламның аяғы ауыр екенін білгенде бірден құқық қорғау органдарына шағымдануға бел буғам. Алайда қызым: «Мама, оның танысы көп. Әйелі – депутат. Балабақшада меңгеруші болып істейді» деп шырылдап жылады, – дейді анасы.

Қызыма түсік жасатқанын да білмедім. Күштеп түсік жасату үшін баламды Жаңатастан Қаратау қаласына апарған екен. Сонда жеке­мен­шік гине­колог жалдап, қылмыстарын жү­зеге асырған. Бар­лық іс біткеннен кейін баламның төсін шарфпен орап үйге әкеп тастады. Құрсақтағы бала шамамен алты айлық болатын, – дейді көз жасын төккен ана.

Жалпы, 12 жасар жеткіншек былтыр жүкті бо­­лып қалған екен. Мұны тергеу амалдары анықтаған. 

– Тергеу амалдары жасөспірім өткен жылы жүкті болғанын анықтады. Алайда мұны мектеп басшылығы барынша жасырған. 

Қазір айыпталушының кінәсі толықтай дәлел­деніп, іс сотқа жолданды. Сондай-ақ мектеп басшылығына қатысты Қылмыстық кодексінің 434-бабы (Қылмыстық істі хабарламау) бойын­ша қылмыстық іс тіркелді, – деді Жамбыл облыстық Полиция депар­таменті бастығының орынбасары Алмаз Саламатов. 

Осылайша, тіс жармай түсік жасатамыз деген­дер­дің жаға ұстатар әрекеті әшкере бо­лып отыр. Ал Сарысу аудандық білім бөлімінің басшысы Ілияс Баймағамбетов күдікті «Айгө­лек» балабақшасында қарауыл болып жұмыс істегенін айтады. Аталған бөбекжай мемле­кеттің қарауында. Ал оның мең­герушісі – ха­лық­тың қалаулысы атанған айып­талу­шы­ның әйелі.

Қазір тергеу амалдары жүріп жатуына байла­нысты көп нәрсе ашып айтылмауда. Әлеуметтік желі қолданушыларының да пікірі сан алуан. Бірі жеткіншекке жыныстық сипат­тағы азғындық көрсеткен күдіктіні қатаң жа­за­лауды талап етсе, енді екіншілер қылмысты жасырған мектеп бас­шылығын да жазасыз қалдырмауды сұрауда. Енді тағы бір топ ата-ана­сының рұқсатынсыз түсік жасаған гине­кологқа іздеу салуда. 

Айтпақшы, кеше Тараз қаласында «Бала­лар­дың қауіпсіздігі – қоғам міндеті» атты ашық форум өтті. Аталған жиында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев осы жылдың он айында кәме­леттік жасқа толма­ған­дардың арасында 78 қылмыс тіркел­генін баян етті. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға төмен­депті. Алайда аймақ басшысы жасөс­пірімдерге қарсы жасалған қылмыстардың нақты санын атап өтпеді. Тек «Балаларға жасалатын қылмыстар бақылауда болуы керек» деп түйді. Енді бұл түйін­нен кімдер қандай сабақ шыға­ратыны белгісіз. Сондай-ақ Тараз қаласында 2019 жылы дәретханада зорланған оқушының оқиғасынан кейін қызметтен кеткен талай шенділердей осы жолы да әкім-қаралар был­ғары орындығын босата ма, жоқ па – ол жағы да анық емес.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы