«Жабайы табиғатты түсірген Жыл фотографы» сыйлығын Лондондағы Табиғи тарих мұражайы өткізеді. Биылғы байқауға ұсынылған еңбектердің эмоционалды күшін newatlas.com сайты үлкен шабытпен жазды. Aikyn.kz эмоциялық әсерлері ерекше суреттерді сайт материалына сілтеме жасап ұсынып, ең үздігін анықтауға қатысуға шақырады.
Ақ аюдың уайымсыз ұйқысы. Фото nhm.ac.uk сайтынан алынды. Авторы: Nima Sarikhani
Лондон мұражайы 60-рет өткізетін «Жабайы табиғатты түсірген Жыл фотографы» байқауына 95 елден 50 000-ға жуық жұмыс келіп түскен. Осылардың ішінен 100 жеңімпаз таңдалған.
2023 жылдың жеңімпаздары қазан айында жарияланғанымен, қазылар таңдаған 25 есте қаларлық қысқа тізімге енгізілген суреттердің ішінен ең тартымдысын таңдау мүмкіндігі көрерменге берілді.
Қысқа тізімге енгізілген суреттердің барлығы керемет, бірақ көрермен таңдауы қандай суретке берілетін әлі белгісіз. Дауыс беру келесі жылдың 31 қаңтарына дейін ашық болады.
«Ауыр болсаң мені суға батырып жіберші». Фото nhm.ac.uk сайтынан алынды. Авторы: Tzani Finkelstein
Табиғат тарихы мұражайының директоры доктор Дуглас Гурр: «Көрермен таңдаған «Жабайы табиғатты түсірген Жыл фотографы» марапаты әрқашан суреттердің таңғажайып таңдауын ұсынады және биыл да осылай болады деп күтеміз. Біз жұртшылықты қазылар алқасына қосылуға және сүйікті фотосына дауыс беруге шақырамыз. Бұл таңғалдыратын сұлулық немесе күшті оқиға болсын! Мұндай таңдау қиын болатыны сөзсіз!», – дейді.
«Кешегі пати керемет болды! Балық көп екен. Неге келмедіңдер?». Фото nhm.ac.uk сайтынан алынды. Авторы: Stefan Christmann
Рим мен оның маңындағы қараторғайларды бақылап, олардың ауадағы керемет көріністерін түсіру үшін Даниэль Денческу ең жақсы орынды ұзақ іздеген. Әуедегі қараторғайлардың тобы зәулім құстың кейпіне еніп, таңғаларлық шуылдап жиналып жатқан сәтін түсіріп алған.
Фото nhm.ac.uk сайтынан алынды. Авторы: Daniel Dencescu
Офер Леви өз аумағын қорғап жатқан балшық скиппері мен басқыншы краб арасындағы шиеленісті суретке түсіріп алған.
Аузын ашып, жотасындағы қанатын көтеруі скиппердің қорқынышты болып көріну әрекеті.
Дегенмен шаян да берісе қоймайтын сияқты, екеуі де тайсалмай ұрысқа дайын тұр.
«Менің шалшығыма аяқ баспа...». Фото nhm.ac.uk сайтынан алынды. Авторы: Ofer Levy
Эфиопиялық қасқыр – әлемдегі ең сирек кездесетін иттің түрі, олардың бірнеше жүзі ғана қалған.
Аксель Гомилла олардың бірін Эфиопиядағы Бэйл-Маунтинс ұлттық паркінің биік жерде ғана өсетін таулы өсімдіктердің арасында демалып жатқан жерінен түсіріп алған. Жазғы жасыл және көк түстер каштан түсті қасқырға тамаша фон болып тұр.
«Сұлумын, ә!». Фото nhm.ac.uk сайтынан алынды. Авторы: Axel Gomille
«Қара тышқан, жеп қояйын ба?». Қатыгездік пен дәрменсіздік күресі. Фото nhm.ac.uk сайтынан алынды. Авторы: Ayala Fishaimer
2023 жылғы People's Choice Awards номинациясы бойынша «Жабайы табиғатты түсірген Жыл фотографының» суретіне осы жерден онлайн дауыс беруге болады. Дауыс беру 2024 жылдың 31 қаңтарына дейін жүргізіледі. Жеңімпаз бен төрт финалист 2024 жылдың 7 ақпанында жарияланады.