Өнерді қолдаған елдің өресі биік

Қазіргі жаңа заман әдебиеті түрлі тақырыпқа түрен салып, жаңа бағыттар мен соны соқпақтар пайда болып, қарқынды дамып келеді.

Мазмұн мен пішіндік ізденістер, тілдік, стильдік табиғатындағы сонылықтар, ондағы әлеуметтік қоғамдық мәселелер, соны көзқарастар легі жыл сайын жаңару үстінде. Олай болса, уақыт талабына сай, адам өмірі мен мұраттарына орай өзгерген заманауи тақырыптарды арқалаған шығармалардың дүниеге келуі де заңдылық. Әдеби үдеріс үздіксіз жүріп отыратындықтан, тәуелсіздік жылдарынан кейінгі әдебиеттің жаңа туындыларын саралау, түйсіну, олардың жалпы әдебиет тарихындағы орнын бағамдау – бүгінде қазақ әдебиетінің қай бағытқа бет бұрып жатқанын, қандай деңгейде екенінің басты көрсеткіші болмақ. Өз кезегінде мұндай әдеби процестерді бағамдаудың бір жолы  әдеби байқаулар дер едік. Әлбетте, бірді-екілі әдеби байқаумен бүгінгі қазақ руханиятындағы үздік туындыларды, бағыттарды, жаңалықтарды анықтай алмаспыз. Десек те... 

Күні кеше Нұрсұлтан Назарбаев қоры ұйымдастырған «Алтын то­былғы» республикалық әдеби байқауы мәресіне жетіп, жеңімпаздар мара­патталды. Биыл тоғызыншы рет өткізіліп отырған бұл әдеби байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен қолына қалам ұстап, көңілін шабыт тербеген 18-35 жас аралығындағы жас қалам­герлер өтінім берген. Биыл үздік қа­ламгерлер «Жылдың үздік проза­сы», «Жылдың үздік поэзиясы», «Жылдың үздік драматургиясы», «Жылдың үздік балалар шығармасы», «Фантастика жанрындағы үздік шығарма», «Жылдың үздік кино­сценарийі», сонымен қатар  «Жаңа Қазақстанның жасампаз ұрпағы» (арнайы номинация) сияқты жеті номинация бойынша өз шығарма­ларын ұсынған. Бірақ осы жолы «Жылдың үздік киносценарийі» және «Жаңа Қазақстанның жасампаз ұрпағы» номинациясының жеңім­паздары анықталмапты. Дәстүрлі әдеби додаға биыл 126 шығарма ұсынылған. Туындылар адамның рухани қасиеттері мен ұлтжандылық, ауызбіршілік тақырыптарына арналған. Белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлерінен жасақталған қазылар алқасының мүшелеріне жеңімпаздарды анықтау қиынға соқты. Себебі ұйымдастырушылар атап өткендей, шығармалар бірінен-бірі өтеді. Бармақ басты, көз қысты әрекеттердің алдын алу үшін ерекше бағалау жүйесі де қолданылыпты. Байқау барынша әділ өткен. 

Мемлекеттік тілді дамыту қоры­ның директоры Азат Шауеев байқауға өтінімге түскен шығарма­ларды қалай бағамдайтынын атап өтті.  «Мысалы, байқауға түскен 126шығарманы арнайы нөмір­лейміз. Әр ақынның, жазушының, автордың аты-жөнін білмейміз. 10 әділқазы мүшесі бәріміз бөліп аламыз да, бір ай бойы оқимыз. Оқып шығамыз да, 1-ден 10-ға дейін балл қоямыз. Сосын барлығымыз бір ай өткеннен кейін жиналамыз да, балдарды қосамыз. Сонда жеңімпаз өзінен-өзі шығады. Бізге түсетін байқауға шығармалар әлеуметтік желіде, басқа жерлерде жарияланбау керек. Жаңа туынды болу керек», – дейді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы­ның айтуынша, байқауда белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, БАҚ басшы­ларынан жасақталған қазылар ал­қасының мүшелеріне жеңімпаздарды анықтау қиынға соққан. Өйткені ұйымдастырушылар атап өткендей, шығармалар бірінен-бірі өтеді. Қазылар алқасы оларды өзіндік ерекшелігіне, көркемдік деңгейі мен тақырыпты жан-жақты терең аша алуына қарап бағалаған.

«Алтын тобылғы» – Нұрсұлтан Назарбаев қорының дарынды жастарды анықтауға және қолдауға бағытталған маңызды жобасының бірі. Бұл байқауды 2015 жылдан бері өткізіп келеміз, жастар тарапынан қызығушылықтың азаймайтынын көріп отырмыз. Жыл сайын байқауға қатысуға 100-ден астам туынды ке­леді», – деді марапаттау рәсімі ба­рысында қордың атқарушы дирек­торының орынбасары Әлкей Мар­ғұланұлы.

Сонымен, байқауда «Жылдың үздік прозасы» номинациясы «Оазис среди боли» шығармасы үшін Диана Мырзағалиева мен  «Өмір» галереясы» атты әңгімелер топтамасы үшін Нұр­жан Нұрбекке бұйырса,  «Жыл­дың үздік поэзиясы» аталымына «Өмір қаласындағы өмір» өлеңдер топтамасымен – Әмәлият Арқалық бәйгеден оза шапты. Ал «Жылдың үздік драматургиясы» аталымы бойынша «Шындық пен жалған» драмасы үшін  Қыдырбаев Ілияс жеңіс тұғырынан көрініп, «Жылдың үздік балалар шығармасы» – Жадыра Жанарбек («Мен мысық емеспін») және Әлихан Иманғазин («Эллиот») сияқты қос қаламгерге бұйырды. «Фантастика жанрындағы үздік шығарма» – Есбол Социалханға  «2026» романы бойынша берілсе, «Жылдың үздік поэзиясы» номи­нация­сы аясында ынталандыру жүлдесі ретінде 1 миллион теңгені Файзолла Алпамыс «Жүректің жауһар жырлары» шығармасы  алды. Әр номинацияның жеңімпазына 2 млн теңге, ал арнайы номинацияның жеңімпазына 3 млн теңге табыс етілді. Ұйымдастырушылар бұл қа­лам тербеген жас дарындарға пәте­рінің алғашқы жарнасына едәуір кө­мек екенін атап өтті. 

Жазушы Ілияс Қыдырбаев дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Алтын тобылғы» әдеби байқауы жас қаламгерлерге берілген үлкен мүмкіндік екенін айтады. «Өнерді қолдаған елдің өресі биік, өрісі кең болады деп ойлаймын. Бізге дейін де қаншама өнерпаздың жұлдызын жаққан бұл байқау бізден кейін де әлі талай жастың көкейіне сенім ұялататыны сөзсіз. Өзімнің байқаудағы жүлделі болған шығармам туралы айтар болсам, бұл бір отбасы­ның тағдыры баяндалатын екі бөлімді әлеуметтік-психологиялық драма. Қо­ғаммен байланысын үзген, қара­пайым моральдық құндылықтардан алшақтаған күйеуі мен әйелі оқиға барысында төртбұрышты қабырғаға қамалып отырады. Және өздерімен қоймай, ұлдарын да сыртқы әлемнен оқшаулаған. Олар үшін есіктің арғы бетіндегі өмір жауыздық пен қаты­гездікке, әділетсіздік пен заңсыз­дыққа толы. Бірақ сол өздері мекен ететін төртбұрышты бөлменің тек санадағы шектеу екенін өкінішке қарай екеуі де білмей кетеді. Бұл туынды театр сахнасына шығып жатса, көрермен өз бағасын берер деп ойлаймын. Мүмкін, кейіпкер­лерімді жек көріп те кетер, бірақ олар (кейіпкерлер) көпшілігімізге қарағанда шынайырақ. Себебі олар өз шындықтарына адал», – дейді ол. 

Ал «Фантастика жанрындағы үздік шығарма» аталымын жеңіп алған  Есбол Социалхан «2026» романы туралы ойын білдірді. «Бұл – фантастикалық, футурологиялық, антиутопиялық роман. Адамзат игілігі үшін ойлап табылған дүниелер­дің қоғамға кері әсері төңірегінде, жақсы деп есептелген көзғарастардың керісінше жаман екенін немесе біз үшін нашар болған заттардың жақсы болғанын осы шығармада суреттеуге тырыстым. Философиялық иірімдері де бар. Роман әлі толық аяқталмады. Бұл байқауға романымның екі тара­уын жібердім. Алдағы уақытта ро­ма­нымды толық аяқтап, көктемге дейін баспаға берсем деп отырмын», – дейді ол. 

Иә, «жүйріктен жүйрік озар ша­бысқанда» дегендей, әдеби ала­манға бағы мен бабын қатар сынаған қаламгерлер осылайша ұзақ уақыт еңбектенген шығармаларының жемісін көрді десек болардай. Мұндай жас қаламгерлерге шабыт пен жігер сыйлайтын, материалдық қолдау болатын байқаулар, әлбетте әдебиетке үлкен көмек болмақ. Танымдық тұрғыдан жаңаша көзқарастар, парадигмалардың пайда болуы, көркем образ, жеке тұлға мәселе­сіндегі жаңаша түсініктер тудырып отырған бүгінгі әдебиет өз қарқынын бәсеңдетпек емес.

Наурызбек САРША