Салық кодексін халыққа қарапайым түсінікті тілмен жеткізбесе кедергілер көбеймесе азаймайды.
Дүние-мүлкін ата-әжесінің атына тіркеп, салық төлемейтіндер бар – экономист
2,600
оқылды

Қазақстанда салық салу мен жинауда мәселе көп. Жиналмаған салық әлеуметтің тұрмысын жақсартуға тұсау салады. Бұл проблеманы Мемлекет басшысы Жолдауында айтты. Үкіметке Салық кодексін жетілдіруді тапсырды. Салық салу, жинау, Ұлттық қордың қаржысын үнемдеп пайдалану туралы қаржыгер, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, экономика ғылымдарының докторы Алтай Болтайханұлымен сұхбаттастық. 

– 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың есепшотына аударылады. 18 жасқа дейін доллармен жиналған қаржы балаға баспана алу немесе оқу ақысын төлеуге жете ме? 

– Көп жыл Есеп комитетінде еңбек еттім. Шынын айтсақ, Ұлттық қорды жас ұрпақты болашақта қаражатпен қамтамасыз ету үшін құрды. Ұлттық қордың маңызды екі міндеті бар. Бірі – келешек ұрпақ үшін қаржы жинау, екіншісі – экономиканың тұрақты дамуына үлес қосу. Қазақстанда 6,5 миллионнан астам бала бар. 18 жасқа дейін аударылған қаржы балалар үшін жеткілікті ме? Ол өз алдына бөлек мәселе. Қазіргі уақытта Ұлттық қордың жалпы активінің көлемі шамамен 55 миллиард доллардан асады. Президент қор қаражатын 100 миллиард долларға дейін жеткізуге тапсырма берді. Егер осы межеге жете алсақ, басқарудан түсетін табыс та көбейеді. Балалардың есепшотына аударылатын қаржы көлемі де арта түседі. Түсім көбейсе, балалардың еншісіне бөлінетін қаражат та көбейеді. 

– Жуырда Президент Ұлттық қордан алатын қаржы көлемін азайтуды тапсырды. Қор қазынасын молайтудың жолы бар ма?   

– Қордан республикалық трансферттерге жиі қаржы алады. Ұлттық қордан қайта-қайта қомақты қаржы алмау үшін жиналған қаржыны тиімді басқару процесін жетілдіру керек. Кірістен шығыс артып кетпеуі тиіс. Мемлекет басшысы Ұлттық қордан алатын қаржы көлемін қысқартуға тапсырма берді. Алайда бүгінгі күнде қордан алынатын қаржының күрт қысқарғаны байқалмайды. Демек, әлі де болса Ұлттық қордағы қаржыға иек артып отырмыз. Өйткені кейінгі жылдары салық түсімінде мәселелер туындады. Сондықтан Президент Үкіметке Салық, Бюджет кодексін жетілдіруді тапсырды. Салық жүйесін жан-жақты зерделеп, сараптау керек. Себебі біздегі салық жүйесі қазіргі заманның талаптарына сәйкес келмей жатыр. 

– Салық кодексі Парламентте талқыланды. Пандемия кезінде кәсіпкелерге салық төлеуде жеңілдік жасады. Соның жемісін көре алдық па? Салықты тұрақты жинау үшін нақты қандай ұсыныс айта аласыз? 

– Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттарына Салық кодексі мен Бюджет кодексі әрдайым қатар жүруі керек деген ұсынысымды айттым. Себебі, екеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Салық жүйесін реттеу үшін бұл саланың жұмысына түпкілікті талдау жасап, баға беруіміз керек. Біздің кемшілігіміз – салық жүйесін жан-жақты толық талқыламаймыз. Мәселе туындаған кезде ішінара кейбір бөлігін қарастырамыз. Сондықтан салық жүйесінің жұмысында нәтижеге қол жеткізе алмайды. Атап айтқанда, қосымша құн салығы, жеке табыс салығы, корпоративтік табыс салығы бар. Салықтың керегін алып, салық салу, оны мерзімінде жинау тетігін жетілдіру қажет.  

Әсіресе, ірі кәсіпорындар төлейтін корпоративтік табыс, қосымша құн салығын салу, жинау тетігі бүгінгі күннің талаптарына сай келмейді. Республикалық бюджеттің 60-70% осы екі салық түсіміне тәуелді. Мәселен, корпоративтік табыс салығы жиналмай келе жатыр. Шамамен 400 миллиард салық жиналады деп жоспарладық. Алайда 11 айда бұл меже 50% қана орындалды. 

 

Салықты алдын ала төлеу механизмі бар. Менің ойымша, осы төлемді 70-80%-ке жеткізсек дұрыс болар еді. Мұнай, тау-кен өндірісі саласындағы кәсіпорындар салықты алдын ала төлесе, қаржыны мақсатымен жұмсауға уақыт жеткілікті болады. Бізде ірі кәсіпорындар салықты желтоқсан айында төлейді. Қазынаға қомақты қаржы құйылады. Ал жылдың басында ай сайын салықтан 170-200 миллиардқа дейін ақша түседі. Ірі өндіріс орындарынан салық желтоқсанда түскенде бұл көрсеткіш 500-600 миллиардқа дейін жетеді. Жыл соңында түскен ақшаны игеру керек. Жиналған қаржыны игеру үшін шұғыл басқа субъектілерге бөліп бере салады. Сондықтан салықтан түскен қаржыны игергенімен тиімділігі болмайды. Себебі, нысаналы мақсатқа жұмсауға жыл соңында уақыт тығыз болады.

– Таяуда Ұлттық экономика министрі қосымша құн салығын 12%-тен 16%-ке көбейту туралы ұсыныс айтты. 16%-ке көбейткен тиімді ме?

– Қосымша құн салығын 12%-тен 16%-ке көбейткенге қарсымын. Еуропада 20%-тен де көп деген уәж айтады. Қазақстанды шетелмен салыстыруға келмейді. Себебі біздегі салық алу механизмі шетелдегідей емес. Еуропаның тәсілі Қазақстанға сай келмейді. 

Ең өзекті мәселе – бізде қосымша құн салығы бір кездері 20% болған. Біз оны 12%-ке дейін түсірдік. Көлеңкелі экономиканы жою үшін 20%-тен 12-%-ке азайттық. Нәтижелі болды. Керісінше, көбейткен уақытта бір күндік фирмалардың саны артты. Салықтан жалтарудың оңай жолын тапты. Қосымша құн салығын 20%-тен 12%-ке дейін азайтқан уақытта бір күндік фирма ашу тиімсіз болып қалды. Қосымша құн салығын 12-%-тен 16-%-ке дейін көбейтсек, күні ертең бір күндік фирма ашу қайтадан етек жаяды. Бір адам бірнеше фирма ашып, республикалық бюджеттен көбірек ақша алуға ұмтылады. Сондықтан осындай фактілерді талдап, баға беріп, одан кейін барып шешім қабылдаған жөн. 

– Бізде салықты қадағалаушы орган көп. Соған қарамастан, салықтан жалтаратындардың саны неге азаймайды?

– Үштағанда – мемлекет, шаруашылық субъектілері, адам тұр. Яғни, айналмалы шеңбер. Шаруашылықтың кірісі көбейген сайын Үкіметке пайдалы болады. Бізде салық жүйесінің сағат секілді тоқтаусыз жұмыс істеуіне кері әсер ететін факторлар көп. Мәселен, салық алу тетіктерінің халыққа түсініксіз болуы да жағдайды қиындатып отыр. Қазақстандағы ең бірінші Салық кодексін дайындауға атсалыстым. Сол кезде «100 шақты адам Салық кодексін талдап, ұсындық. Салық төлеушілердің саны миллиондап саналады. Олар бізден әлдеқайда көп. Сондықтан салықтан жалтарудың сан түрлі әдісін тауып алады» деп айтқан едім. Қолданыстағы Салық кодексін қаржыгердің өзі оқыса да түсінбейді. Күрделі жазылған. Айталық, бір тараудың өзі ұшы-қиыры жоқ, бірнеше заңға сілтеме жасай отырып түсіндіріледі. Сол үшін Салық кодексін халыққа қарапайым сөзбен жеткізбесе кедергілер көбейе береді. 

– Қазір жеке кәсіпкерлікті (ИП – ред.) мобильді қосымша арқылы 15 минутта рәсімдеуге болады. Қағаз құжат жинап уақыт жоғалтпайды. Мәселен, ауылда 5 гектар жерді 49 жылға алған адам ЖК ашады. Ол жерге бидай егеді. Егінді отбасын асырау үшін ғана пайдаланады. Ол өзге біреуге жұмыс беріп отырған жоқ. ЖК саны көбейгенімен шағын кәсіп дамымайды. Бес гектар жерге еккен егінмен мал-жанын асырап отыр. Осындай жеке кәсіпкердің есепшотын «салық төлемеді» деп бұғаттап тастайды. Осы мәселені қалай шешуге болады?  

– Бүгінде жеке кәсіпкерлікті онлайн ашу жеңіл. Медальдің екі жағы бар. ЖК-ны ашуды жеңілдеткен дұрыс. Бұрын ЖК-ны тіркеу үшін салық органдарына баратын. Арнайы құжат тапсыратын. Қазір мобильді қосымша арқылы құжат рәсімдеуді жеңілдеттік. Енді ол кері әсер етіп жатыр. Ірі кәсіпкерлердің өзі салықтан жалтарудың жолын тауып алған. Салық органдарының қызметкері тексеріп келеді. Бір ай ішінде «салық төле» деп хабарлама жазып береді. Кәсіпкер бір ай ішінде салықты төлемейді. Сол бір айда өзінде бар дүние-мүлікті жолдасының немесе туысының атына құжат жүзінде рәсімдеп бере салады. Бір айдан соң салық басқармасынан тексеріп келсе, «менің активім жоқ» деп қол қусырып тұрады. Сондықтан халыққа жеке кәсіпкер салық төлеуі тиіс екенін түсіндіру, салық төлеу мәдениетін қалыптастыру өте маңызды.

– Салық төлеуде жеңілдік жасалатын санаттар бар. Соғыс ардагері, Алтын, күміс алқа иегерлері, мүгедектер және т.б. Жеңілдігі бар туысының атына дүние-мүлкін рәсімдеп, салықтан жалтаратындарды азайтуға бола ма?

– Иә, салық төлеуге жеңілдік бергеннен кейін оның тиімділігін бағалайтын жүйе болуы тиіс. Шетелдің тәжірибесі бізде бар. Президент Жолдауында 280-нен астам салықтық жеңілдік берілгенін атап өтті. Оның ақшалай көлемі 4 триллионнан асып кетеді. Қазір жеңілдіктер одан да көп. Қаржы министрінің айтуынша, салықтық жеңілдіктерден кейін жиналмаған салық көлемі 8 триллионға дейін жетті. Президент айтқандай, салықтық жеңілдікті жан-жақты тексеру керек. Тиімсізін қысқартқан дұрыс. Қаншама жеңілдікті екі-ақ көрсеткішпен саралауға болады. Біріншіден, жеңілдік бергеннен кейін бюджетке қыруар қаржы түскен жоқ. Екіншіден, қанша тұрақты жұмыс орнын ашқанын есепке алу қажет. Жеке кәсіпкердің қарамағында жұмыс істейтін адам салық төлейді. Ол қазынаға түседі. Осылай талдап, сараптаған жоқ. Бұл негізінен, салықты ұлғайту тетіктерінің бірі. 8 триллионнан тым болмаса 2 триллионға жеңілдік берсек те жеткілікті болар еді. 

– Қазір ЖК-ны (ИП – ред.)  жалға беретіндер бар. Мәселен, айына 2 миллион теңге алуға келіседі. ЖК-ны жалға алған адамның тауар айналымы миллиондаған қаржы  болуы мүмкін. Есесіне, жеке кәсіпкер төлейтін салық та көбейеді. Салықты ЖК иесі төлеуге міндетті. Себебі бүкіл дерек жеке кәсіпкерге тиесілі ЖСН-ға жинақталған. Осындай дау-дамайлардың алдын алудың механизмі неге қарастырылмайды?

– Өте орынды мәселені көтеріп отырсыз. Мұны заң шеңберінде шектеу керек. «Онлайн ЖК тіркеп, оны өзге біреуге жалға берме...» деп жеке адамның құқығына қол сұғуға хақымыз жоқ. ЖК-ны жалға алған адам қомақты табыс тапса, салығы да көбейетінін қаперіне алмайды. ЖК иесіне өзара келіскен қаржыны төлесе болды. Ай сайын пайда тапса да, салық төлегісі келмейді.  Ол үшін халыққа салықты не үшін төлейтіндігін түсіндіру бағытында жан-жақты жұмыс жүргізілуі тиіс. Еуропада тұрғындар өз бетінше келіп, ескертусіз-ақ өзі үшін салық төлейді. Салық басқармаларында өзіне-өзі қызмет көрсететін арнайы кабинеттер бар. Үй, көлігін салық органдарына келіп өзі тіркейді. Қадағалаушы органның өкілі барып, салық төлеуді ескертіп жатқан жоқ. Мысалы, жаңа көлік сатып алса, өзі деректер қорына енгізеді. Бізде салық төлеу мәдениетін қалыптастыру үшін түсіндіру жұмысын мектептен бастаған жөн. Салық төлеу арқылы мемлекеттің дамуына үлес қосатынын жастайынан сезінуі керек. Біз қаржылық сауаттылықта тек ақшаны санау, игеруді ғана үйретеді. Салыққа мән бермейді. 

– 2021 жылдан бастап жалпыға бірдей декларация тапсыру басталды. Бай мен кедей теңеспесе де, декларацияның салық жинауға септігі тие ме? 

– Кіріс пен шығыстың декларациясын тапсыру мәселесін қолға алып жатыр. Қазір мемлекеттік қызметкерлер ғана декларация тапсырады. Менің ойымша, мұны кезең-кезеңімен жүргізсе нәтижелі болады. Қазір мемлекеттік қызметшілердің табысын талдап, содан қорытынды шығару керек. Квазисектордың жұмысын қорытындылай отырып, жеке азаматтардың есепшотын тексеруге көшкен жөн. 2025 жылы жеке азаматтардың қаржы аударымы тексеріледі (3 айда 100 аударымнан асқан жағдайда ред.).  

Одан бөлек зейнет жасына таяп қалған азаматтардың декларация тапсыру мәселесін де анықтап алған абзал. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда сатылап жұмыс істемесе болмайды. 

– Қаңтар оқиғасынан кейін Президент Ұлттық банк шығаратын 5, 10, 20, 50, 100 грамм алтын құйманы, 10 мың доллардан асатын қолма-қол ақшаның шетелге алып кетуге тыйым салатын жарлыққа қол қойды. Қоғамда байлық салығын енгізу мәселесі жиі айтылып жүр. Оның нақты механизмі қандай болуы керек?

– Бай-бағланның дүние-мүлкіне салық салу тәжірибесі көрші Ресейде бар. Негізі бұл салықтың әділдік орнату принципіне келеді. Біз шетелдің тәжірибесін жан-жақты талдай отырып, байлыққа не жататынын нақтылау керек. Ұшақ, кеме, зәулім сарай, алтын құйма...  әуелі байлықтың өлшемін анықтап алған жөн. Жеке адамға тиесілі коттедж үйге салық төлей ме? Қазір не көп, коттедж көп. Иесі салық төлеген бе? Беймәлім.  

2017-2019 жылдары қалталы инвесторлар іргетасы құйылып жатқан үйдің бірнеше пәтерін, тіпті подъезін басы бүтін сатып алды. Құрылыс компаниялары үй сатып алайын деп барған адамға, «пәтер жоқ» дейді. Бір кәсіпкер 20-24 қабатты үйлердегі барлық пәтерді сатып алады. Осы мәселені бірнеше рет «Неге осындай инвесторларға салық салмайды?» – деп ұсыныс айттым. Жеке адамдардың құрылысқа инвестиция салғаны дұрыс. Бірақ неге салық төлемейді?.. Өйткені бұл мәселенің нақты тетіктері жоқ. 

Ол үшін біз байлықтың кретийлерін заңда нақтылап, анықтап жазып, бекітуіміз керек. Егер сіз айтып отырған алтын құйма, қолма-қол қаражаты бар адамдар салықты қандай мөлшерде төлеуге міндетті екені де нақты жазылуы тиіс. Декларация тапсырса, жиған дүние-мүлкінің қайсысын көрсетуі керек екені де анық жазылғаны жөн. Сол кезде халыққа түсінікті болады.      

– Әңгімеңізге рақмет!