Қазақ кейіпкерлері ағылшынша сөйледі

Бала күніміздегі сүйікті кейіпкеріміз – бұзық Қожа ағылшынша сөйледі. Тақиялы періште Тайлақ та өзін ЖенПИ-дің қыздарына шетелше таныстырып, «Махаббат бекетіндегі» Орал да Гүлназының сұлулығын өзге тілде сипаттайды. «Қыз Жібектегі» Сырлыбай би ағылшынша насихат қылып, Ермек Серкебаев бұл тілде ән салды. Қалай дейсіз бе?

Еліміздің Тәуелсіздік күні қар­саңында АҚШ елшілігінің қызмет­кер­лері классикалық қазақ көркем фильм­дерінен ағылшын тіліне үзінді аударып, дубляждаған. Елшілік 14 жел­тоқсаннан бастап Instagram желі­сіндегі ресми парақшасына дайын бей­не­роликтер жариялап, көптің ыстық ле­бізін алып жатыр. Әлі бірнеше бөлімі көрермен назарына ұсынылатын жо­баға АҚШ елшілігінің ресми өкілі Крис­тофер Соренсен де өз үлесін қос­қан. 

«Біздің елшілікте әлеуметтік желі­лерге контент даярлайтын америкалық және қазақстандық жастардан құралған дарынды шығармашылық ұжым бар. Олар АҚШ саясатын түсіндірумен қатар қазақ тіліне, мәдениетіне және тарихына шынайы құрметімізді паш ететін медиа өнім жасау үшін жұмыла жұмыс істейді. Қызметкеріміздің көбі 80-90-жылдары Қазақстанда туып-өскен және дубляж үшін таңдалған классикалық көркем фильмдердің көрермені болды. Осы орайда Тәуелсіз­дік күніне тарту болсын деп әрі қазақ мәдениетін америкалықтарға әсем үлгіде таныстыру мақсатында осындай идеяны жүзеге асырдық.  Қазақ кино­сының сүйікті кейіпкерлерін ағыл­шынша сөйлеткеніміз қазақ­стандық аудиторияға ұнаған сияқты. Әлеуметтік желіде жылы лебізін білдіріп жатыр. Бұл АҚШ-тың Қазақстандағы дип­ломатиялық миссиясының екі елімізді жақындастыратын қазақ тілін­дегі ме­диаконтентке қолдау көрсету жөніндегі ұзақмерзімді міндеттемесінің бір көрінісі және біз болашақта осындай көптеген жобамен сіздерді қуантамыз деген үміттеміз. Тәуелсіздік күні құтты болсын!», – деп атап өтті Крис­тофер Соренсен. 

Елшілік ұжымының таңдауы қазақ киносының алтын қорына енген бірегей туындылар – «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште», «Қыз Жі­бек», «Махаббат бекеті», «Гауһартасқа» түскен. Желі қолданушылары қолдай­тын болса, алдағы уақытта әлі де бір­қатар фильмнің үзіндісі аударылуы мүмкін. Елшіліктің Instagram желі­сіндегі ресми парақшасындағы лү­піл­дер мен комментарийлерге зер салсақ, қазақ киносының жанкүйерлері бұл бастаманы жылы қабылдағанын бай­қауға болады. «Қазақ фильмдерін осы­лай қызықты етіп аудара алса, ауыл балалары үйде отырып, тіл үйренер еді», «Ермек ағамыздың «Сүйем мен» әнін ағылшынша тыңдағанның әсері тіптен бөлек екен, толық аударса­ңыз­дар», «Қазақ классикасын толық­қан­ды ағылшын тіліне аударатын уақыт болды» дейтін мазмұндағы пікір көп. 

Асыл ТҰМАР