Мықтыларды тануға мүмкіндік береді
Жалпы, праймериз арқылы бір ғана үміткерді де, партиялық тізім арқылы заң шығарушы органға сайланатын азаматтарды тұтастай тізім де жасақтауға болады. Сондықтан бұл тәсілді біржақты қарастырудың қисыны жоқ. Мәселен, кейде праймериз арқылы демократиялық құндылықтарды жақтаушылардың пікірін де біле аламыз. Сол арқылы азаматтардың, қоғамның көзқарасын білдіре алатын саяси қайраткерлер тізімін де жасап алудың мүмкіндігі бар. Одан бөлек қандай да бір жауапты орынға бірнеше кандидаттың біреуін таңдап, соны ұсыну үшін де праймериз өткізуге болады.
Бұл тәсіл арқылы сайлаушылардың назарын бір үміткерге аударуға да мүмкіндік туады. Дегенмен кей жағдайда бар мәселе партия ішіндегі бәсекені қыздыруға келіп тірелетіні бар. Тіпті, кейбір партиялар өз ішіндегі праймеризге сайлаушыларды да қатыстырып тұрады. Бұл өз кезегінде үміткерлерді партия бюрократиясы арқылы таңдай салуға жол бермейді. Демек бұқараның көңілінен шығатын азаматтардың заң шығарушы немесе өзге де сайланбалы органдарға өтуіне жол ашады деген сөз. Қазақстан тәрізді демократиялық процестерді дамыту шежіресі тым тереңге кете қоймайтын, дәлірек айтқанда пост кеңестік елдерде партиялардың халыққа жақын болуына да бұл тәсіл айтарлықтай септігін тигізетіні бар. Екіншіден, партияның түрлі деңгейдегі құрылымдарында қызмет атқарып жүрген, іскер, көпшілікке белгілі тұлғаларды да елге танытып, олардың саяси мәнсабын өсіруге бұл тәсілдің тигізер көмегі көп. Демек жергілікті бастауыш партия ұйымында жүрген азамат праймериз арқылы әріптестерін де, сайлаушыларды да мойындатып, саяси ұйымның орталық аппаратынан, басқарушы құрамынан, мемлекеттің заң шығарушы органынан бір-ақ шықса, таңқалудың қажеті жоқ. Өйткені ол өзін барашға мойындатқан азамат деген сөз. Әрі саяси ұйым қолынан іс келетін азаматтарды белгілі бір салаға бағыттап, алға қойған жоспарларды жүзеге асыру үшін тың күш алады. Үшіншіден, праймериз саяси құрылым ішіндегі түрлі топтардың өз қолайына жағатын үміткерді алға жылжытып жіберуіне жол бермейді. Баршаның аузынан түспейтін АҚШ-тағы праймериздің да тарихы осындай мәселелерге барып тірелетіні содан.
Түрі де көп тәсіл
Әдетте бұқара праймериздердің жаһандағы талай елде өткізіліп тұратынын білмейді. Бұл тәсіл Еуропа елдерінде де бар. Кейінгі жылдары Ресейдің де бірнеше рет осындай тәсілге жүгінгенін білеміз. Қазақстан тура АҚШ-тағыдай праймериз өткізіп көрген жоқ. Бәлкім олардың нұсқасын қайталаудың қажеті де жоқ шығар, тіпті мүмкін де емес. Бірақ енді бұл тәсілді елдегі билік партиясы өткізіп, белді деген партия мүшелерін Мәжілістің келесі сайлауы үшін қазірден бастап даярлап алмақ ниет танытып отыр. Бұл жерде заң шығарушы орган ғана емес, партия ішіндегі құрылымдарға да қан жүгіретінін назарда ұстау керек. Ал жалпы праймериздің түрлеріне келер болсақ, оның жабық, ашық, аралас типі бар. Әрқайсысының сипаты мен өзіндік тәсілдері қарастырылған. Айталық, жабық праймеризде үміткерді тек сол партияның өкілдері таңдайды. Мәселен, АҚШ-тағы республикалық партиядан үміткер шығару керек болса, дауыс беруге тек сол партияның мүшелері қатысады. Алайда бұқараның арасында дауыс беру ұйымдастырылған кезде сайлаушылардың қай партияның мүшесі екенін анықтау қиынға түсетін сәттер де кездеседі. Дауыс бергендердің ішінде өзге партияның мүшесі де, партиядан аулақ жүретін азаматтар да болуы мүмкін. Осы тұста АҚШ-тың кейбір штаттарында «партияға адалдық» тесті ұйымдастырылатынын да атап өткен жөн. Мұндай тәсіл бәлкім адамның таңдау құқын аяққа таптайтындай көрінуі мүмкін, бірақ ондай әдіс бар.
Праймериздің тағы бір түрі жартылай ашық болып есептеледі. Мұнда сайлаушы қай партияға дауыс беретінін айтпайды. Ал жеке адамдарға дауыс берер болса, үміткердің партиясын сұрауы керек. Көптеген елдерде белгілі бір лауазымды тұлғаны тағайындаған кезде осы жартылай ашық праймериз өткізіп тұрады. Run-off дауыс беруде бюллетен қандай да бір партиямен шектелмейді, үміткерлер қай партияның өкілі екеніне қарамастан сайланады. Әрине, америкалықтар сайлау кезінде бір партияның өкілдері дауысты бөліп, мүмкіндікті азайтпас үшін алдын ала праймериз өткізсе, Қазақстанда өтетін праймеризде партия өз ішінен үлкен бәйгеге қатысатын мықтыларды таңдап алуды көздейтін тәрізді. Әрі заң шығарушы органға кәсіби, біліктілігі жоғары, мәселені айта алатын, оны шешу жолдарын ұсына алатын мамандар тартуды да мақсат еткені байқалады.
Артықшылықтары неде?
Негізі праймериздің қандай түрі болса да, артықшылықтары аз емес. Әсіресе, бұл тәсіл партияның бастауыш ұйымдарының жұмысын жандандырады. Ал бастауыш партия ұйымдары белсенді болса, орталық аппараттың ықпалы азаяды да, саяси ұйым мен халықтың арасы жақындай түспек. Өйткені бастауыш ұйымдар бұқарамен тығыз байланыста жұмыс істейді. Біздің пайымдауымызша, мұның тағы бір артықшылығы бастауыш ұйымдардың көмегімен аймақтардағы мәселелерден толық хабардар болып, қоғамның палитрасын көріп отыруға мүмкіндік туады. Әрі бұқараның да саяси белсенділігі әжептәуір артуы тиіс. Қарапайым адамдардың түрлі қызметтерге сайлану мүмкіндігі артады. Екіншіден, праймериз азаматтық қоғам үшін жақсы мектеп. Өйткені бұл тәсіл қарапайым адамдардың саяси процестерге араласып, белгілі бір шешімдерді қабылдауға атсалысу деңгейін арттырады. Үшіншіден, праймериз саясаттағы «ауыр салмақтылардың» салғырт тартып, «қалғып кетуіне» мүмкіндік бермейтін беймаза «қызғыштарды» анықтауға көмектеседі. Яғни, белсенді, өткір, іскер, саяси амбициясы бар тұлғалар партия ішінде қарқынды жұмыс істейді де, бұрыннан келе жатқан, саяси салмағына сеніп қана қалған тұлғаларды өздерімен бәсекелсуге мәжбүрлейді. Бұл дегеніңіз саяси ұйымның «бойына қан жүгіртудің», ұйымды саяси нарықта бәсекеге қабілетті етудің тиімді тәсілі.
Амангелді Құрмет