Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне өтіп бара жатқанына биыл ширек ғасыр толды. Ол өзінің қалыптасып, дамуының біраз сатысын артқа тастап, дұрыс бағытта келе жатқанын жыл сайын дәлелдеп келеді.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесі: 2023 жылға шолу
1,310
оқылды

Қош айтысқалы тұрған 2023 жыл да жинақтаушы жүйе үшін жемісті болды. Еліміздің жинақтаушы зейнетақы жүйесінде биыл орын алған елеулі оқиғаларға тоқталсақ.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) ұйымшыл ұжымы 2023 жылы алға қойған мақсат-мін­деттерін жоғары кәсіби деңгейде орындап, әрбір отандасымыз үшін, тұтастай алғанда мемлекет мүддесі үшін маңызды бірқатар стратегиялық міндетті жүзеге асырды. 

2023 жылы зейнетақы жүйесін реттейтін еліміздің басты құжаты – Әлеуметтік кодексті әзірлеу бойынша үлкен жұмыстар жүргізілді. Қор мамандары жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жұмысын жақсарту, бұрын қолда­ныста болған заңнамалық ережелерді жаңа өзгерістерге бейімдеу барысында қызу белсен­ділік танытып, іргелі ұсыныстарын енгізді.         

Әлеуметтік кодекс зейнетақы жүйесіндегі бірқатар жаңашылдықты қарастырады. Атап айтсақ:

• Салымшылардың инвестициялық мүмкін­діктері кеңейді  

Міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын инвестициялық порт­фельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік бас­қаруына беру кезінде зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі ескерілмейді. Әлеуметтік кодекс күшіне енген кезден бастап салымшы аталған зейнетақы жинақтарының 50%-ға дейін, ал ерікті зейнетақы жинақтарын 100%-ға  дейін ИПБ-ның сенімгерлік бас­қаруына беруге құқылы.

• Зейнетке әскери қызметтен шыққан зейнеткерлер зейнетақы жинақтарын тұрғын үй және емделуге толық көлемде пайдалана алады  

Зейнетке еңбек сіңірген жылдары бойынша шыққан зейнеткерлер міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының 100%-ға дейін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге пайдалана алады.  

• Жерлеуге арналған төлем ұлғайды

БЖЗҚ-да, ЕЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда жерлеуге ар­нал­ған біржолғы төлем сомасы тиісті қаржы жы­­лына арналған республикалық бюджет ту­ра­лы заңда белгіленген АЕК-тің 52,4 еселенген мөлшерінен 94 еселенген АЕК-ке дейін, бірақ қайтыс болған адамның жеке зейнетақы шо­тында бар қаражаттан аспайтын мөлшерге ұлғай­ды. Ол қайтыс болған адамның отбасы мү­шелеріне төленеді.  

• Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары

 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-ның міндеттеріне қосымша жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) тарту жүк­телді. ЖМЗЖ тек 1 975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған жұмыскерлер үшін жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылатын бо­ла­ды және жұмыскердің ай сайынғы табысынан: 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,5% мөлшерінде бе­л­гіленіп, 2028 жылы 5%-ға жеткенге дейін жыл сайын 1%-ға ұлғайып отырады. ЖМЗЖ-ны осы­лай кезең-кезеңмен енгізу жұмыс берушіге түсе­тін жүктемені жеңілдетуге мүмкіндік бере­ді.

• Зейнетақы жарналары барлық азаматтар үшін міндетті 

 Салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғалармен нысанасы жұмыстарды орындау (қызмет көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар және Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетелдік мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін жеке тұлғалар БЖЗҚ-ға МЗЖ төлеуге міндеттелді. Осылайша, болашақта лайықты төлемдермен қамтамасыз ету үшін халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамту шегі кеңейе түсуде. 

• БЖЗҚ комиссиялық сыйақысының төмендеуі  

 БЖЗҚ комиссиялық сыйақысының шамасы зейнетақы активтерінің 0,01 пайызынан айына 0,008 пайызға дейін азайды. Бірақ респуб­ликалық бюджет туралы заңда белгі­ленген және тиісті қаржы жылының 1 қаң­тарында қолда­ныста болатын 0,04 еселенген айлық есептік көрсеткіштің көбейтіндісі ретінде айқын­далатын шамадан және Бірыңғай жи­нақтаушы зейнетақы қорында тиісті күнтізбелік айдың 1-күніндегі жағдай бойынша міндетті зейнетақы жарналары есепке алынатын зей­нетақы жинақ­тары бар салымшылардың (алу­шылардың) жеке зейнетақы шоттарының са­нынан аспауы тиіс.

Әлеуметтік кодекс қабылданып, қолданысқа енгізілген күннен бастап Қор мамандары түрлі байланыс арналары арқылы халыққа ақпарат­тық-түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп келеді.  Жинақтаушы зейнетақы жүйе­сіне Әлеуметтік кодекске байланысты енгізілген өзгерістер туралы егжей-тегжейлі ақпаратты Қордың ресми сайтынан алуға болады. 

2023 жылы қазақстандық жинақтаушы зейнетақы жүйесі 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл – атқарылған қыруар жұмыстың нәти­жесін бағдарлау, сонымен бірге оны жалғастыру, дамыту, жетілдіру және жаңа міндеттерді белгілеу белесі болды. Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен (ХӘҚҚ) бірлесіп өткізілген «Міндетті жинақтаушы және аралас зейнетақы жүйелерін дамыту келешегі» атты жоғары деңгейдегі халықаралық дөңгелек үстелге 150-ге жуық отандық және шетелдік жетек­ші сарапшылар қатысты. Аталмыш іс-шара әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшылар, саясаткерлер мен мүдделі тараптар үшін пікір бөлісіп, озық тәжірибе алмасу мен зейнетақы жүйесінің болашағына бағыт-бағдар берудің бірегей платформасына айналды. Үздік әлемдік үлгілерді талдау, тәжірибе алмасу – бұл бүкіл жүйені дамытуға, сондай-ақ зейнетақымен қамсыздандыру саласы мамандарының кәсіби өсуіне ықпал еткен маңызды қадам болды. Дөңгелек үстел барысында инновациялық шешімдер мен технологиялар талқыланды. Осылайша, жиын тарих бедерінде Қазақстан үшін ғана емес, зейнетақы жүйесін дамытуға мүдделі әлемдік қоғамдастық үшін де маңызды шара ретінде айшықталды.          

2023 жылы Қазақстанның зейнетақы жүйесі алғаш рет халықаралық рейтинг – Mercer CFA институтының жаһандық зейнетақы индексіне енгізілді. Талдау және жан-жақты бағалау нә­тижелері бойынша еліміздің зейнетақы жүйесі осы рейтингте 47 қатысушының арасынан 20-орынға ие болып, көптеген дамыған елдерді шаң қаптырып кетті. Зейнетақы жүйелері түрлі талап тұрғысынан бағаланып, өз кезегінде Қазақстан «тұтастық» және «тұрақтылық» сынағы бойынша ең жоғары баға алды. Жалпы ха­лық­аралық зерттеу нәтижелері әртүрлі мем­лекеттердегі зейнетақы жүйелерінің мәселелерін ше­шу мүмкіндіктері мен даму әлеуетінің әр­қилы екенін көрсетті. Бірақ біз орта жолда тоқ­тамай, озық нәтижеге жету жорығын жалғастыра беретін боламыз.

Жаңа Ұлу жылы қарсаңында Қорда тағы бір  ірі тың жобаны іске асыруға белсенді дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске асырылмақ. Отанымыздың барлық жеткіншек азаматтарына жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50% мөлшері есептелетін болады. Осындай аса жауапты шараны іске асыру барысында Қорға бағдарламаның операторы болу және балалардың шоттарындағы нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтардың есебін жүргізу міндеті сеніп тапсырылды. Бұл жаңа сынақ. Бұл  жобаның да абыроймен жүзеге асырылатынына кәміл сенім мол. «БЖЗҚ» АҚ-да бірегей ақ­парат­тық-технологиялық жүйелер мен дамыған өңір­лік желілер ғана емес, сонымен қатар теңдесі жоқ тәжірибеге ие кәсіби мамандар легі  бар.  

 «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы – Қазақстандағы жинақ­таушы зейнетақы жүйесінің есебін жүргізетін жалғыз қаржы институты. Қордың қызметі – ашық, бағыты – айқын, міндеті – күрделі құры­лым. Халықтың қаржылық сауатын ашып, қа­зы­налы қарттығына қаржы жинауына жүйелі түрде жол көрсетіп келе жатқан еңселі ұйым.