Марқұм Б. Өзбекова аудан әкімдігіне 28 желтоқсанда сағат 17.00-18.00 шамасында қобалжыған күйде келіп, қандай да бір дәрі-дәрмек қабылдағанын айтқан.
Жетісу облысындағы көпбалалы ананың өлімі: оқиғаның мән-жайы айтылды
Фото: Halyq Uni
1,495
оқылды

Жетісу облысында көпбалалы ана өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. Жедел жәрдем бөлмесінде ол 10 қорап аспирин ішкенін мойындап, бір күннен кейін көз жұмды. Бұл туралы Aikyn.kz редакциясына Ақсу ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақсу ауданының әкімі Берік Тынышбаев қабылдау кестесіне сәйкес азаматтарды жеке мәселелері бойынша әр дүйсенбі сайын сағат 14.30-дан 18.00-ге дейін, сондай-ақ азаматтардың өтініштеріне сәйкес қажеттілігіне қарай қабылдайды. 

Былтыр 22 желтоқсанда аудан әкімінің жеке қабылдауына Б. Өзбекова өзінің туысы, азаматша М. Серікпен келген, ол азық-түлік түрінде көмек сұраған. Аудан әкімінің тапсырмасы бойынша демеушінің қолдауымен М. Серікке азық-түлік берілді. Бұл ретте Б. Өзбекованың өзі атаулы әлеуметтік көмек алып отырған.

Марқұм Б. Өзбекова аудан әкімдігіне 28 желтоқсанда сағат 17.00-18.00 шамасында қобалжыған күйде келіп, қандай да бір дәрі-дәрмек қабылдағанын айтқан. Әкімдік ғимаратынан ешқандай өтініш, талап қоймаған күйде шығып кеткен. Оның мұндай күйге түсу себептерін білу үшін оның тұрғылықты мекенжайына аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жіберілді, бірақ Б. Өзбекова үйінде болған жоқ. Сол күні сағат 19:00 шамасында азаматша Б. Өзбекова орталық аудандық аурухананың жансақтау бөліміне түсіп, 29 желтоқсан күні таңертең қайтыс болды. Бұл факт бойынша құқық қорғау органдары тарапынан тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Бұған дейін көпбалалы ана өзіне өзі қол салғаны туралы жазған болатынбыз. 

Болат АБАҒАН