Қыштан бұйым жасау – ертеден келе жатқан өнер.
Кәсіп бастауға миллион теңгеден бұрын махаббат керек – қыш құмыра шебері
Дизайнер: Нұрсұлтан Жорабаев
1,026
оқылды

Бастауы неолит дәуірінен келе жатыр деседі. Өйткені қыштан жасалған түрлі мүсіндер мен ыдыстар қанша уақыт өтсе де, қалпын жоғалтпай, күні бүгінге дейін сақталған. Қарап тұрсаңыз, бұл – сол кезеңнің мәдениетінен, тұрмыс салтынан хабар беретін дүние, тұнып тұрған тарих.

Қыш бұйымдардың сол қалпында сақталуы оның сапасына, беріктігіне, айналып келгенде сол кездегі технологияның мықтылығында болса керек. Қазір бұл көне кәсіппен қаржы тауып жүрген жандар аз да болса кездеседі. Соның бірі – бүгінгі кейіпкеріміз Қарлығаш Оралбаева. Шеберден кәсібінің қыр-сыры туралы сұраған едік. 

 

Қарағанды облысы Балқаш қаласында дүниеге келген Қарлығаш бала кезінен шығармашылыққа жақын болғанын айтады. Сөйтіп, домбыра, би, актерлік шеберлік, сурет өнерін үйрететін түрлі үйірмелерге қатысқан. Бірақ оныншы сынып оқып жүргенде ғана өз ісін тауып, бағытын таңдапты. Ол қыш өнері болатын. Бұдан артық жанына жақын дүние жоқ екенін түсінген ол арманына жету үшін тынбай еңбек еткен. Әрине, оның нәтижесі де жоқ емес.

 

«Алғашында анам қолдау білдіріп, қолыма қармақ берді. Айтып отырғаным – көзе жасайтын ұршық. Cоны алып берді. Сөйтіп қолыма саз балшығымды алып Арбатта тұратынмын. Өткен-кеткендерге шеберлік сағатын өткізіп, құмыра жасаудың қыр-cырын үйретемін. Адамдардың көбі қуана келетін. Бұл маған жақсы болды. Тоқтамай жұмыс істей бердім. Ондағы ойым ақша жинап, пеш алу еді. Тынығуды ұмытып, таңнан кешке дейін тынбай жүргеннен болар, арқам ауырып, денсаулық сыр берген кездер болды. Бірақ жас болғандықтан тез қалпыма келіп аламын да, алға қарай жүре беремін. Сөйтіп ақыры мақсатыма жеттім. Аса үлкен емес, көлемі орташа, өзіме ұнайтын 18 литрлік пешті 600 мың теңгеге сатып алдым», – дейді құмырашы қыз. 

 

Бүгінде Қарлығаштың өз шеберханасы бар. Шығармашылықта шекара жоқ. Қазір орталыққа еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін келеді. Олардың жасы, көңіл күйі, мінезі де әртүрлі. Бірі ашық-жарқын, бірі тұйық. Біреуі қуанып тұрса, енді бірі мұңлы кейіпте келуі мүмкін. Бірақ бәрі бір сәт күйбең тіршіліктен алыстап, өзін мазалаған ойдан арылып, өнер әлеміне саяхаттайды. Кейіпкеріміздің айтуынша, саз балшықтан құмыра жасау үлкендердің жүйке жүйесін тыныштандырып, демалыс сыйласа, балалардың ойлау қабілетін дамытады әрі шығармашылық қабілетін ашады. 

Әрбір туынды автордың идеясынан хабар беріп тұрады емес пе?! Қарлығаштың қолынан шыққан бұйымдар ерекше. Ыдыстар ұлттық нақышта безендірілген, кейбіріне жазу жазылған. «Өзіміздің қазақша сөздердің естілуі ерекше ұнайды. Сондықтан адамға жылулық сыйлайтын сөздерді жазып қойдым», – дейді ол.

 

Қыш өнері асқан шыдамдылықты, сосын қол икемділігін қажет етеді. Құмыраның көлемі қандай болады, қай жері жұқа, қай жері қалың болуы қажет? Мұны сезімтал саусақ қана сезе алады екен. Ал керамикалық ыдыстардың жасалу жолына келсек, бұл бірнеше процестен тұрады. Ең алдымен, саз балшықты жақсылап таңдау керек. Одан кейін қалыпқа келтіріп, пішін беруіңіз қажет. Қарлығаш бұл кезеңде әрбір жұмысына 2 сағаттан 6 сағатқа дейін уақыт жұмсайтынын айтады. Үшінші процесс – кептіру.

 

Қалыпқа келген зат келесі кезеңге дейін кемінде бір апта кептірілуі керек. Одан кейінгісі – күйдіру. Кептірілген бұйымдар пеште 800 градус температурада 12 сағат күйдіріледі. Бұл сазды қатырып, беріктік береді. Күйдіргеннен кейін керамикалық бұйымдарға жылтыр мен түс қосу үшін глазурьмен жабуға болады. Содан кейін екінші рет 1 100 градусқа дейін 10 сағат шамасында күйдіріледі. Бұл шыдамдылықты, шеберлікті, әрбір бөлшекке мән беруді талап етеді. Өйткені дұрыс істемесеңіз, зат пеште сынып қалуы мүмкін. 

 

Қарлығаш Оралбаева ыдыстар сапалы шығуы үшін қажет материалды Франция, Испаниядағы зауыттардан тапсырыс беріп алдыратынын айтады. Тәжірибе алмасу үшін шетелге жиі шығатын қыш құмыра шебері қазір елімізде ертеден келе жатқан көне кәсіп кенжелеп тұрғанын айтады. Десе де, кейінгі кезде қолөнер бұйымдарына сұраныс артқан. 

«Қазір адамдар қолөнерді бағалай бастағаны қуантады. Керамикалық бұйымдар шебердің даралығын айқындап тұратынымен де құнды ғой. Шет елдерде бұл сала әлдеқайда дамыған. Біз де ақырындап алға жылжып келеміз. Басқа елдердегідей бізде де үлкен керамикалық зауыттар салынатынына сенімдімін», – дейді құмырашы.

 

Қарлығаш Оралбаева көп уақытын шығармашылыққа арнайды. Осы орайда көбімізде заңды сұрақ туындайтыны рас. Қазіргідей нарық заманында қолөнермен күнелту мүмкін бе? Бұған әркімнен әртүрлі жауап алып жатамыз. Ал кейіпкеріміз бұл сұраққа көп ойланбады. 

 

«Мен тек қолөнермен өмір сүремін. Басқа дүниемен айналысуым мүмкін емес. Елімізде керамика саласын дамытып, өзге елдерде көрмемді ұйымдастырғым келеді. Құдайға шүкір деймін, жағдайым жаман емес. Негізі, бір істі бастар кезде миллионнан бұрын оған деген махаббат керек», – дейді ол. 

 

Бұған дейін  ағаштан түйін түйіп, айына миллион теңге табыс табатын шебер туралы жазған болатынбыз.