«Тестілеу 10 ақпанға дейін өтеді. Естеріңізге сала кетсем, тестілеуге қатысуға 136 мың өтініш келіп түсті. Қазір сынақ тапсырушылардың басым бөлігі, атап айтқанда 19%-ы «Математика-Физика» пәндерін, 14%-ы «Биология-Химия» комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 22 адам тапсырған», – деп атап өтті Р.Емелбаев.
ҰБТ басталғалы шекті балды 67%-ға жуық талапкер жинаған. Орташа көрсеткіш 59 балды құрады. Ең жоғары балл – 133.
Айта кету керек, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға бірінші аптада 52 талапкер қатысқан.
Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Бүгінде 12 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 5 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.
Еске салайық, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда тлапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.