Топталған төбелеске байланысты екі күдікті қамауға алынды.
Атырау облысында төбелес кезінде жарақат алған жасөспірім көз жұмды
Фото: pixabay
963
оқылды

Атырау облысы Құлсары қаласында жастар тағы да топталып төбелесті. Төбелес кезінде жарақат алған бір жасөспірім аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды, – деп хабарлайды Aikyn.kz AtyrauPress порталына сілтеме жасап.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, төбелес 19 қаңтарда түнгі уақытта болған.

«Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында түнгі сағат 03:05 шамасында топталған төбелес болғаны анықталды. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шарасын жүргізді. Құқық бұзушылыққа қатысы бар күдіктілердің бәрі ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Төбелес салдарынан 3 адам түрлі дене жарақатымен Жылыой аудандық орталық ауруханасына жеткізілген. Солардың бірі – 2006 жылғы жасөспірім аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

«Полиция қызметкерлері топтық төбелеске байланысты 2000 және 2007 жылы туған күдіктілерді қамауға алды. Қазір күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды», – деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.