Бұзақылар бір жылдан соң мүмкіндігі шектеулі баланы тағы соққыға жыққан.
Маңғыстауда он бала жабылып ұрған жасөспірім мүгедек болып қалды
763
оқылды

Бір топ балаға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Aikyn.kz.

КТК телеарнасының жазуынша, Қарақия ауданының Құрық ауылында 15 жастағы оқушыны он бала жабылып ұрған. 

“Мейрамбекті 10-12 бала сол жерде сабайды. Қасындағы дос баласы сізге пышақ тығамын деп дос баласын қорқытқан. Сол үшін құтқара алмаған. Сағат 19:56-та үйге келгенде бірден жедел жәрдем шақырдым.Оның алдында, 24 сәуірде күні тура осындай жағдай болған. Тағы он бала сабады. Ол кезде баланың жағдайы өте нашар болды. Төрт-бес күн комада жатты”, – дейді жәбірленушінің анасы Әсем Рахымбердиева.

Оқиға өткен аптада болған. Досымен бірге тамақтануға бара жатқан 15 жастағы жасөспірімді қатарластары соққыға жыққан. Жәбірленуші екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан екен. Алған жарақатына байланысты бала ауруханада жатып ем-дом алып, қазір үйіне шығарылған. Мұндай оқиға былтыр да болған көрінеді. Ол кезде де 9 сынып оқушысын он шақты бала соққыға жығып, бес күндей комада жатқан. Осыдан кейін жиі талмасы ұстап мүгедектік беріліпті. Тіпті сабақты үйден оқитын жағдайға жеткен.

Былтырғы төбелестен кейін ешқандай әрекет етпеген полиция енді бапты өзгертіп жатыр дейді анасы. Айтуынша, жақында бірінші іс бойынша сараптамадан өту үшін баласы Астанаға кетуі керек болған. Алайда соның жолын кескісі келген бұзақылар баламды тағы таяқтап кетті деген анасы күдігін жасырмайды.

“Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Полиция кінәлі адамдарды анықталды. Қылмыстық іс департамент бастығының бақылауында. Ал 2023 жылы болған оқиға бойынша қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданды. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейді”, – дейді Маңғыстау облысы ПД бастығының орынбасары Байжан Байгелді.