Ұлттың сапасы саяси тұрақтылығымен, экономикалық қау­қарымен бағаланады. Еліміздің алдағы басты міндеті де – сапалы ұлт қалыптастыру.
Сапалы ұлт ұрпақ тәрбиесінен басталады
905
оқылды

Осы тақырып аясында «Сапалы ұлт: білім, ғылым және мәдениет» атты зиялы қауым өкіл­дерінің Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универсиетінің Ғылыми кітапханасында студенттермен кездесуі өтті. Тағылымды жиынға Ұлттық ғылым академиясының ака­демиктері Уәлихан Қалижан, Кәрімбек Құрманәлиев, «Қазақ газеттері» серіктестігінің Бас директоры Дихан Қамзабекұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі Амантай Шәріп қатысты.

Жиынға келген зиялы қауым сапалы ұлт пен озық ойлы мемлекет болудың алғышарттары хақында, қазіргі білім мен ғылымның қоғам дамуындағы рөлі, ұлттық құнды­лық­­тарды ұлықтау төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салып, сту­дент­­термен өз тәжірибелерін бө­лісті. Университеттің академия­лық мәселелер жөніндегі прорек­торы Серік Мақыш сапалы ұлт болу үшін жас ұрпақтың бойына рухани адамгершілік құндылық­тарды қа­лып­тастыру мен жоғары сапалы біліммен қамтамасыз ету керегін айтты. 

Академик Уәлихан Қалижан «ұлт­ты қай салада да ілгерілететін ол – адам бойындағы махаббат» деп әсерлі эссесін студенттерге оқып берді. Жазушы-филолог Тұрсын Жұртбай Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының астарлы, шетін мәселелеріне, ұлт­тық дәстүр төңірегінде сапалы ұлттың болмысы мен шығармадағы көркем шындық­тың мән-жайына тоқталды.

«Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында бірде-бір абзацта шындық жоқ, оның барлығы – көркем шындық. Көркем шығарма – көркем шындық. Абайдың өмірін Мұхтардың еңбегіндегі оқиғалармен еш байланыстырып оқуға болмайды. Содан қазір біз Абайдың жалған, жаттанды өмірбаянын қалыптас­тырдық. Мен соған таңғалам. Мұны неге айтып отырмын? Өмірлік шындық бар, тарихи шындық бар, көркем шындық бар. Әуезов күнделігіне «Абай Қодар-Қамқа оқиғасын естіген болуы керек» деп жазған. Оны көрмеген», – деп студенттердің танымын кеңейтетін романдағы біраз оқиғаларды айтты.

Академик Кәрімбек Құрман­әлиев рухани кездесудің Ғылыми кітап­ханада өткізіліп жатқанының символикалық мәні бар екенін жеткізді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықты ұлықтау, сапалы ұлт, тарихи тұлғаларды дә­ріптеу мәселесін Ұлттық құрылтайда күн тәртібіне енгізген болатын. Кейінгі Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында да осыған баса мән беру керегін айтты. Шетелдік әлеу­меттанушы ғалымдардың мәлі­метінше, келешекте компьютерде отырған­дар­дың орнын кітап оқи­тындар ба­сады деген болжам бар. Сондық­тан мүйізі қарағайдай ака­демик ағаларымыздың алдарыңызға келуі кітапқа деген құмарлықты арт­тыруға, кітапханаға деген көз­қарасты қалыптастыруға бағыт­талған. Білім, ғылым және мәдениет – әлемдік тренд. Білімді екінші орынға қойған мемлекет ешбір салада бірінші орынға көтеріле ал­майды деген тұжырым бар. Эко­номика болсын, ауыл шаруа­шылығы болсын барлығы ғылымға негізделуі керек. Біз жастарға се­неміз», – деді ғалым К.Құрман­әлиев. 

Дихан Қамзабекұлы кездесуге жиылған жастарға ел болашағын қалыптастырудағы негізгі міндеттер мен санасында сәулесі бар жастар сапалы ұлттың негізі екенін айтты.

«Өздеріңіз білесіздер, Прези­денттің сұхбаты жарияланды. Бұл – саяси танымдық сұхбат. Қазір әлем­де кейбір нәзік мәселелер бар. Мемлекет басшысы соны бізге, қоғамға түсіндірді. Оны Президент айтпаса, білімді азаматтар айтпаса, кім айтады? Екінші мәселе, сапалы ұлт туралы айтылды. Қазіргі заманда сапалы ұлтты қалыптастыратын дүниелер­дің бірі – ғылым мен технология. Білімнің бүгінгі астарын сіздер білуіңіз керек. Жастарға мүмкіндік көп қазір. Тәжірибесі мол әлемдік деңгейдегі ғалымдардың дәрістері ашық жүйеде тұр. Қанша білімді болсаңыздар да, рухани дәстүр мәселесі алдыңыздан шығып отырады. Сапалы ұлт – табысты ұлт. Табысты ұлт болу үшін білімді ұлт болу керек. Ата-ана да, қоғам да бәсекеге қабілетті ел екенін түсініп, сезінсе, болашаққа сенетін ұлт қалыптасады», – деді Д.Қамза­бекұлы.

ҰҒА корреспондент-мүшесі Аман­тай Шәріп сапалы ұлтты қа­лып­­тастыратын жастарға сене­тінін білдірді.

«Әр ұрпақ өзінің қолынан келгенін жасап, кейінгіге табыстап кетеді. Біз де өз тәжірибемізді айтып, ойымызды ортаға салып жатырмыз. Ақын Есенғали Раушановтың «Үстінде тұрып алтынның, басқаның күмісіне таңғалдық» деген сөзі бар. Біздің жеріміздің асты да, үсті де алтын. Сондықтан алтынымызды бағалауымыз керек. Біз болашаққа, жастарға сенеміз. Әрқайсысыңыз мықты болсаңыздар, ұлтымыз да мықты болады, сапалы ұлт сонда қалыптасады. «Ақыл – бастан, асыл – тастан» деген бар, сондықтан бастарыңыз ақылға, білімге, мәдениетке толы болсын», – деді ғалым А.Шәріп.

Іс-шараның соңы TURKSOY халықаралық ұйымының атаулы медальдарын тапсырумен қорытын­дыланды. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ