Драматургиялық шығармалары бір төбе, қазақ журналистикасын дамытудағы рөлі де бір төбе. «Қалтайдың қалжыңдары» да бөлек жанр десек, артық айтқандық емес. Ел аузында қалған әзілдері, қалжыңдары жеке жинақ болып, «Атамұра» баспасынан жарық көрген. Баспаға жинақтап, әзірлеген – ақын Сейфолла Оспан. Бүгін біз әріптестері, қаламдас достары айтқан Қалағаңның қалжыңдарын жариялауды жөн көрдік.
Екі елі нанға төрт елі май
«Заман-Қазақстан». ...Жаңа ашылған газет. Әлі бір нөмірі шыққан жоқ. Әлі Түркияға ешкім кеткен жоқ. Әлі кадр да толық жасақталған жоқ. Редакциядағы барымыз – екі Әбекең (Әбілмәжін, Әбіраш), бір Нұрқасым, бір Жұмагүл және... Көлбай екеуміз. Осы барымызды жинап алған Қалағаң Қазақстан мен Түркия арасында жасалған газеттің жарғысы мен шарттарын таныстыра келіп:
– Мұнда бәрі бар: екі елі нанға төрт елі сары май жағып жегізетін еңбекақы, қаламақы, аяқ артар, бұт артар қос-қостан көлік, жан сарайындай редакция үйі, тіпті тілшілердің Түркияға командировкасы да бар. Алла қаласа, ертеңгі күні осы отырған барлығың Алматы мен Анкараның арасында ұшып-қонып жүресіңдер. Тек бір өтінішім – осы газеттің бір нөмірін шығарып алып, бір-ақ кетіңдерші тегі, – дейді.
Қысқа сөйлейтін әдетіңе басшы
Кезекті нөмірдің лездемесін өткізіп . Телефон шыр етті. Тегі арғы жақтағы адам әңгімені Адам ата – Хауа ана заманынан бері жылжытып келе жатса керек. Ақыры Қалағаң шыдамады білем:
– Айна-а-алайын, сенің қысқа сөйлейтін өте жақсы әдетің бар еді ғой, сол әдетіңе басшы енді, – дейді.
Құйрығы бар адам
Қалағаң Зейнолла Қабдоловтың 70 жасқа толуына байланысты онымен кабинетте телефонмен сөйлесіп отыр.
– Зеке-е, сен туралы мақала жазуды Қалиханға тапсырдым. Өйткені оның құйрығы бар ғой.
– Құйрығы несі? – десе керек, арғы жақтан Зекең:
– Ау, академик басыңмен соны да білмейсің бе? Қалихан лауреат емес пе? Лауреаттың фамилиясының соңында бір құлаш «құйрық» болмай ма?..
Неше күнде ойлап тапты екен?
– Менің бір құрдасым ғажап мақал шығарыпты. Қандай дейсің ғой? Мынадай: «Жазушысы халықтың – уылдырығы балықтың». Ақылынан айналайын сабазым, мұны неше күнде ойлап тапты екен?..
Атымтай жомарттар бар екен ғой әлі
1996 жылдың жазында Павлодардан Ханафия Асқаров деген қарт адам редакцияға келді. Бір күліп, бір жылап отырып, Қалағаңа сыр тиегін ағытты. Таяуда ғана азамат болған бір баласынан айырылып қалғанын жыр етті. Сөз арасында қаншама жылдан бері қазақ тіліне жанашыр боп жүргенін де баян қылды.
– Ә, солай ма? Сіз ендеше түстен кейін маған қайта келіңіз, ұмытпаңыз, – деді Қалағаң.
Айтқандай-ақ Ханекең түстен кейін қайта келген. Қалағаң қалтасынан бір уыс 50 теңгелікті дудыратып шығарып, шалға ұсынды.
– Ойбай-ау, Қалекең-ау... бұныңыз не? Мен сізден ақша сұраған жоқпын ғой, – деп шал абдырады да қалды.
Алыңыз, ақсақал, алыңыз... Жолыңызға ұстаңыз, – деді Қалағаң.
Ертеңінде енді шалым шапқылап маған келген.
– Бұл Қалекең деген қандай адам, а?!. Бұл өмірде де Атымтай жомарттар бар екен ғой, а?. Кеше үйге барып санасам, тұп-тура 4 мың теңге. Өзім кіруге ұялып тұрмын, менің атымнан көп-көп рақмет айта салшы, а! – дейді шалым дәудірлеп.
Қалағаңа барып, шалдың «рақметін» айтып тұрып:
– Бұл кісіні бұрыннан танушы ма едіңіз? – деймін.
Жоға, – дейді Қалағаң.
Ендеше неге ақша бердіңіз?
«Қазақ тіліне жанашырмын» дегеніне риза боп кеттім....
Иә пәтерсіз, иә ақшасыз қалмас еді
Адамгершілік демекші, бүгінде марқұм боп кеткен жазушы Ахмет Жүнісов өмірінің соңғы екі жылында редакциямызға жиі келетін.
– Аха, не шаруа? – деймін келген сайын.
– Қалекең пәтер алуға көмектесем деп еді, – дейді ол.
Қалағаң «жоғары жаққа» жиі барады. Бір қап уәде арқалап, қуанып келеді. Бірақ... сол уәделердің түбіне жеткенше... Ахаңа «мәңгілік пәтер» қала сыртынан бұйырды. Қайтесің, бір құзыр Қалағаңның қолында тұрса, жер бетінде бір қазақ иә пәтерсіз, ақшасыз қалмас еді-ау...
Шалбайдың сүрінуі
О кезде Шалбай Құлмаханов – Алматы қаласының әкімі. Қалекең алдында бір кіріп, Túrkistan газетіне қаржы сұрап ақша алған. Шалбайға тағы да кірудің сәтін ойластырады. Бір күні Шалбайдың бөлмесіне артымен біреу кіреді, беті есік жақта. Шалбай орнынан ұшып тұрып:
– Сіз кімсіз?
– Мен – Қалтаймын. Әнеукүні алдыммен кіріп, Túrkistan-да көп қаржы алғанмын. Енді артымның құнын білгім келеді. Артыма не көмегіңіз бар?
Шалбай күлкіден есін жия алмай:
– Сізге қанша қаржы керек, – дей беріпті. Қалекеңнің сөйтіп олжалы оралғаны бар екен.
Аяғымды бетіме басқаны бар...
– 90-жылдардың бас кезі. «Заман-Қазақстан» деген газет пен «Ара» деген журналға тел редактормын. Со тұста бір аяғымды ақсаңдай басып, сылти қалғаным. Бір құрдасым айтты: «Ай, «Қалтай, бірі – ауру, бірі – сау андағы аяқпен ұжым, ұйым басқару қиын ғой, біреуін бізге берсеңші. Иә газетті, иә журналды», – деді.
– Кім?
– Е, бір әкең!!!
– Ойбай, жақсы, құлағым сізде.
...Сосын мен айттым: «Бермеймін сендерге. Екі аяғы жоқ Рузвельт Американы 10 жыл билегенде, тулақтай бір газет пен тоқымдай бір журналды басқара алмайды дейсің бе бір аяқпен».