Түркістан басылымының дүниеге келу кезеңіне көз салар болсақ, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдары елде бұрынғы кеңес заманындағы байланыстардың барлығы үзіліп, тоқыраудың нағыз зардабын тартып, экономикалық қиындықтарға ұшырап жатқан аса бір қиын кезеңде осындай рухани үлкен жобаны қолға алу қазақтың қадірлі қаламгері Қалтай Мұхамеджановтың жанында серік болып, Шәмшидин Пәттеевтің осы басылымның қаз-қаз тұруына сіңірген еңбегі деп айтар едім.
Тәуелсіздіктің көк байрағы желбіреген соң, «Түркістан» идеясының қолға алынуы заңды. Бұл «Түркістан» – кеше Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов армандап жете алмаған, барша түркі елінің басын қоссақ, түбі бір туыс елдер бірігіп отырса, өзгеге сес көрсететін мемлекет құрар едік деген идея еді. Әрине, ол идея кешегі 70 жыл билік орнатқан кеңес заманының саясатына кереғар болды. Сондықтан да, бұл идеяны тамырына балта шапты деп айтсақ және оны қолдағандардың көпшілігінің тағдыры тауқыметке айналды десек ақиқаттан алыстамаймыз.
Осындай аумалы-төккелі заманда Қазақстан кешегі кеңес мұрасы болып қалған қиындықтардың құрсауынан босай алмай тұрғанда, «Түркістан» басылымын шығару қазақ руханиятындағы үлкен сілкініс, үлкен белес болды. Осы кезеңде Қалтай Мұхамеджанов қолға алған басылымға алдымен Шәмшидин Пәттеев орынбасар болып келіп, сол заманның ағымына сәйкес, басылымның қаржылық жағдайының жақсаруына көп еңбек сіңіргенін әріптестері жақсы біледі. Қалағаңнан кейін басылымның тізгіні Шәмшидин Пәттеевке бұйырды. Сол кезде Түркістан қандай басылымға айналды деген сауал туындауы заңды.
«Түркістан» бұл уақытта бағыт-бағдарын айқындаған, өзіндік орны бар басылымға айналды. Ол бағыт – Қазақстан нағыз дербес ел, шынайы тәуелсіздікке жеткен, сыртқы саясатта да өзіндік көзқарасы, өзіндік жолы болуға тиіс деген бағыт. Жасыратыны жоқ, мен өзім сол кезде еліміздің бас басылымы «Қара шаңырақ», «Егемен Қазақстан» газетінде басшылық қызметін атқарып жүрдім. Біздің басылымдар мәселенің дәл осы тақырыбына ашық қарай қоймайтын. Әлемде болып жатқан жаңалықтар, көршілес елдердегі саяси өзгерістер мен оларға саяси баға беріп, өзімізбен салыстыру «Түркістан» газетінен басқа басылымдарға тән болған жоқ. «Түркістан» қазақ баспасөзінің осы олқылығын толтырды.
Шәкең басқарған жылдар ішінде «Түркістан» нағыз халықаралық тақырыпқа жазатын, түркі бірлігіне үндейтін, жұрт санасатын басылымға айналды деп айта аламын. Бір айғағы – кезінде елдің Сыртқы істер министрі қызметін атқарып жүрген Қасым-Жомарт Кемелұлының осы басылым бетінде өткір мақаласының жарияланғаны біздің есімізде. Дәл осындай форматта ол кісі баспасөзге мақала, сұқбат берген емес.
Бір мәселені айтайын, осыдан 15 жылдай бұрын «Түркістан» басылымында «Путинді кім тоқтатады?» деген сараптама мақала жарық көрді. Ол кездегі геосаяси жағдай қазіргімен салыстырғанда мүлде өзгеше. Басылым бетінде жарияланған бұл мақала үшін басылым басшылығы сөгіс алғанынан хабардармын. Ал қазір біздің журналистикада халықаралық тақырыптарға мақала жазатындар некен-саяқ. Оның үлкен мектебі кезінде Шәмші тұсында қалыптасқан еді. Қазіргі басылым да елдің ертеңіне болжам жасайтын, геосаяси жағдайдағы Қазақстанның орнын айқындайтын батыл пікірлерін айтатын болса, Шәкең салған жолдың даңғылға ұласатыны ақиқат.
Шәкең ойын кесіп, жасырмай бүкпей айтатын жан ғой. «Түркістанның» тізгінін ұстап тұрған кезде, жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің үйіне бардық. Ауызашардың кезі еді. Шәкең ыстық шәйін күтпей, бірден салқын газды суды ішті де, артынан қазы-қартаның бір-екі кесегінен жеген ғой. Содан май қасқа суық сумен қосылған соң оңа ма? Үй-үйімізге тараған соң, шамалы уақыттан кейін жұбайы Зәуреш хабарласып, жедел жәрдем шақырғанын айтты. Нұртөре Жүсіп бізден бұрын жетіп, асқазаны ауырып жатқан Шәкеңді көріп, «кісі тани ма?» деп сұрағаны бар. Сонда асқазаны түйнеп жатқан кісі күліп жіберсе керек. Бұл Шәкеңнің қарапайымдылығын, аңқаулығын білдірсе керек.
Шәкең 50 жасқа толған кезінде «Егемен Қазақстан» газетіне топтама дайындадық. Топтамада Қазақстанның халықаралық журналистика саласын дамытып келе жатқаны қамтылған. Айтайын дегенім, курстастарының да лебізі қатар берілді. Олардың арасында Шәкеңнің жақын досы қайраткер Амалбек Тшанов та тұр. «Курстастар лебізі» деген айдар қойылған. Газет шығып, тойына апарып, таратып жүрген кезде «Амалбек Тшанов та сіздің курстасыңыз екен ғой» деді басқалар. Ол қазір сексеннің сеңгіріне көтерілді. Шәкең Қалтай ағаның қасында жүрді, оның досы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен де араласты, үйінде әңгімесін тыңдап, өзімен қатар адамдай жүрді.
Шәмшидин Пәттеев студент күнінен-ақ сыртқы саясатқа сараптама жасауға құштар болатын. Сол кездің өзінде әлі тәуелсіздікке жетпеген қазақ елінің болашағы туралы әңгімелер қозғайтын. Айтып отырған болжамы жас жеткіншіктерге аңыз-ертегі сияқты көрінетін. Бірақ болжамы дәл келгеніне куәміз, еліміз тәуелсіздік алды.
Еркін ҚЫДЫР,
«Astana akshamy» газетінің редакторы