Алматының апорты әлем нарығына шығады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 19 қаңтарда Италияға ресми сапарында БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) Римдегі штаб-пәтеріне арнайы барып, ұйымның бас директоры Цюй Дунъюйге әйгілі апортты таныстырды.
Алматының алмасы күннің қызыл түсіндей...
554
оқылды

– Қазақстан алманың отаны ре­тінде кеңінен танымал. Апорт сұр­бы еліміздің ең ірі мегополисі – Алматының маңайында өседі. Біз алманың осы түрін өздеріңізбен күш біріктіре отырып, әлем нары­ғына шығаруға ниеттіміз. Осы бастамамызды іске асыру бары­сында сіздің жеке қолдауыңызға арқа сүйейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

FAO-ның бас директоры Цюй Дунъюй Қазақстанның нарттай қызыл алмасын бір тістеп, дәмін алған соң бас бармағын көрсетті. Алматының апорты талайдың таң­дайын қақтырғанына тарих куә. Мысалы,1908 жылы Германияның Мангейм қаласындағы көрмеде апорт Верный (Алматы) қала­­сын­дағы бақтың өнімі ретінде та­ныс­тырылыпты. Көз тартар тар­тым­дылығы, қайталанбас дәмі арқылы европалықтардың таңда­нысын ту­дырған.

Қазақстан жергілікті бірегей ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу үшін тұрақты өндіріс және сауда тізбектерін жетілдіруді көз­дейтін FAO-ның «Бір ел – бір не­гізгі өнім» (One Country One Priority Product) бастамасына қаты­сады. FAO-ның Қазақстандағы кеңсе­­сіндегі бағдарлама үйлестірушісі Жаңыл Бозаеваның айтуынша, «Бір ел – бір негізгі өнім» бастамасы өндірістік процестерді оңтай­лан­дыруға, қоршаған ортаға өндірістің кері әсерін бәсеңдетуге және жо­ғары өнімділікке қол жеткізуге ба­­ғытталған. «Ол мамандан­дырыл­ған ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлттық, аймақтық және тіпті жа­һандық нарықтарға шығару үшін өндіріс пен сауда тізбегін қайта құру жолында ғылым, инновация және технология саласындағы дәстүрлі білім мен жетістіктерді біріктіреді. Арнайы ауылшаруа­шылық өнімдеріне назар аудару стратегиялық жоба болып сана­лады – FAO оларға лайықты көңіл бөлуді көздейді», – дейді Ж.Бо­заева.

«Бір ел – бір негізгі өнім» бас­тамасы 2021 жылдың қыркүйегінде енгізіліп, содан бері әлемнің әр мемлекеті өзінің брендік өнімін ұсына бастаған. Мәселен, Қазақ­­стан оған апорт алмасын ұсынса, Албания – каштан жемісін, Арме­ния – аскөк /зелень/, Қырғызстан – грек жаңғағын, Түркия – інжір, Өзбекстан – шие, Тәжікстан – аб­ри­кос, Сербия таңқурайды таныс­тырып отыр.

«Бір ел – бір негізгі өнім» баста­масы қазақстандық экспортты әлем­­дік нарықтарға танымал ету және ілгерілетудегі елдің орасан зор әлеуетін іске асыруға көмек­те­сетін жоба. Бастамаға қатысу бо­йынша басты талап: тропиктік, құр­ғақ және таулы аймақтарда ор­наласқан елдерге басымдылық бере отырып, өздерінің сұраныс­тары мен салыстырмалы артықшы­лығы негізінде OCOPР (One Country One Priority Product) қосылуға құқы­лы», – деп түсіндірді маман.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы са­парында ұйымды Арал бассей­нін­дегі жерлердің топырағын ме­лиора­циялауға және су ресурс­тарын бас­­қаруға қатысты жобалар әзірлеу ісіне жан-жақты қолдау көрсетуге шақырды. Сондай-ақ Президент елімізде FAO-ның Орта­лық Азия­дағы өңірлік бөлімшесін ашуды ұсынды. 

АПОРТ – БРЕНД 

Былтыр 13 қазанда апорт – Ал­матының алма сұрпы ретінде па­тенттелді. Қазір апортты халық­ара­лық брендке айналдыру, әлемдік нарыққа кеңінен таныту жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Оған БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруа­­­шы­лығы ұйымының бастамасы да сеп болмақ. 

Әлемге аты мәлім ботаник ға­лым Аймақ Жанғалиев кезінде «Біз­дің бабаларымыз осыдан 165 мил­лион жыл бұрын өздігінен өсіп тұрған жабайы алмаларды жеп жүрді. Осы жерден өткен Ұлы Жі­бек жолы керуені арқылы алма әлем­ге тарал­ды» деп жазған екен. Академиктің зерттеуінше, 1793 жы­лы әйгілі биолог Иоганн Сиверс Тарбағатай тауын аралап, Үржар ауылына барғанда алманың белгісіз түрлерін көргенін сипаттап жазып қалды­рады. Осылайша, тұтасқан Алатау мен Тарбағатай жоталарында теке­меттің түріндей құлпыра өскен алма­­лар ғылымға Сиверс атымен енді. 

Қазақ жеміс-көкөніс шаруашы­лығы ҒЗИ-ның «Талғар» аймақтық филиалының директоры Сағи Сол­танбековтің түсіндіруінше, Сиверс алмасы – апорт алмасына ең жақ­сы, ең дұрыс тамыр, яғни телітуші деп саналады.

«Жалпы, Сиверс алмасына кел­сек, ол бір ғана түр болғанымен, оның орманды популяциясында әртүрлі алма формаларын кездес­турге болады. Бұл жабайы алманың генетикалық ерекшелігін, поли­морф­­­тылығын көрсетеді. 2002 жы­лы әлем ғалымдары «Қазақстан – ал­­маның Отаны» екенін мойындап, ғылыми тұрғыда дәлел­деп шықты. Біздің жердегі жабайы Сиверс алмасынан жер бетіне алма тарады деген қағидат бекітілді. Ол моле­­куларлы-генетикалық талдау­лар ар­қылы да дәлелденді», – дейді С.Солтанбеков. 

Қазақстанда алма жемісін кө­бейту, бау-бақша өндірісін дамыту ісі 1959 жылдан бастап жылдам қарқын алды. 1965 жылы ғалымдар Алматы апортын ел аумағында пай­далану бойынша селекциялық же­тістіктер тізіліміне енгізді. 1970 жыл­ға қарай республикадағы алма бақтардың жалпы аумағы 107 мың гектарға жеткен. Сол жылы же­­­міс дақылдары санағының де­рек­тері бойынша Қазақстанда 10 113 395 түп жеміс ағашы болған, оның ішінде 3 851 193 түп ағаш – апорт сұрпы деп тіркеліпті. 

Әйгілі «Алматым менің» әні дү­ниеге келетін кез де осы жылдар. Белгілі компазитор Мансұр Сағатов 1972 жылы Алматыдағы Мұқан Тө­лебаев атындағы көшенің бойы­мен қыдырып келе жатқанда бір әуен ойына оралады, ыңылдап ай­тып жүріп, дереу үйіне келген соң күй­сандыққа отырады. Ақын досы Нұр­сұлтан Әлімқұловқа телефон соғып, сөз жазып беруін сұрайды. «Арасында «Қыз Жібек пен Баян­дай» деген сөздер болса деген өтіні­шін де қоса айтады сазгер. Осылай­ша, жұрт­шылықтың жатқа айтатын «Алматым менің» атты әні туады:

«Алматымның бағы қандай,

Алмасының дәмі балдай.

Алма дидар арулар,

Қыз Жібек пен Баяндай».

Мамандар апорт теңіз деңгейі­нен белгілі бір биіктікте өсетін­­­­дік­тен өзінің ең жақсы қасиетін сақ­тауы­на да таулы аймақтың әсері бар деген тұжырым жасайды. Алма же­місін ұзақ жыл зерттеген акаде­­мик Аймақ Жанғалиев 2008 жылы ақпа­рат құралдарына берген сұхбатында «Апорт тек жабайы тамыр саба­­ғын­да және тек тау бөктерінде ғана апорт болады. Одан төменге түсіріп ексеңіз апорттың дәмі кәдімгі кар­топтың дәміндей болып қалады» деген екен. 

ҚАЙТА ОРАЛҒАН ӨНІМ

Алайда әйгілі апорттың да басы­нан бағы тайған кездер болды. Мысалға, 1970 жылы Қазақстанда 3,8 млн түп апорт ағашы болса, 1984 жылы оның 1,4 млн түбі ғана қалған. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда, кейінгі бейберекет дүние бөліс кезінде де Алматының тау жағында алма ағаштары түгел­дей оталып, орнына коттедждер түсіп кетті. 

Қазақ жеміс-көкөніс шаруа­­шылығы ҒЗИ-ның «Талғар» ай­мақтың филиалы ұсынған мәлі­­мет­ке сүйенсек, қазіргі сәтте апорт­­­ алқаптары көлемінің Алматы және Жетісу облыс­­тарындағы жалпы аумағы 2 000 гек­тарды құрайды, өнімнің жалпы жиынтығы – 20 000,0 тонна шама­сында. 

Былтыр 10 өндірушіні қамтитын «Алматы апортын өндірушілер қауым­дастығы» заңды тұлғалар бір­лестігі құрылды. Бірлестіктің мәлі­метінше, бүгінде өндірісте 150-ден астам адам жұмыс істейді, алдағы уақытта 300 адамды қамтиды. Өн­діріс аумағы қазір 50 гектар десек, алдағы кезеңде 200 гектарға дейін ұлғаяды. Бұл апорт сортының бақ­та­рын ұлғайтуға мүдделі болып тұр­ған шаруа қожалықтардың баста­масы. «Біз 2011 жылы Іле Алатауы, Жоңғар Алатауы және Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи парк­тердегі Сиверс алмасының популя­циясынан 30 құнды формаларын іріктеп жинап алдық. Іріктелген формалардан ДНҚ бөлініп, молеку­ларлы-генетикалық талдау нәти­жесінде 11 форманың апорт сорты­на жақын екені анықталды. Сол 11 формадан гермоплазмалық тұ­қым алып, одан соң тамырсабақ дайындалып, 2012 жылы Апорт сор­тына телініп көшеттік өсірілді. Аталған көшеттермен 2015 жылы 5 гектар аумаққа алма бағын отыр­ғыздық», –дейді Сағи Сайранұлы. 

Қазақ жеміс-көкөніс шаруашы­лығы ҒЗИ-ның «Талғар» аймақтың филиалы құрған эксперименттік бақ жемісін бере бастаған. Нәти­жесінде, қоршаған ортаның күйзе­лістеріне, бактерялық күйік және тазқотыр ауруларына төзімді (моле­кулалық талдаулармен расталған) 1 сұрып-телітуші комбинациясы алы­­ныпты. «Осылайша, біз 2021-2022 жылдары алғашқы өнімді ал­дық. Бақтан алған бір алманың сал­мағы жарты келі тартты, жемі­сінің дәмдік және сапалық көрсет­кіштері де өте жақсы. «Алматы апорт­ы» сұрыбын қайта жандан­ды­руда ғылыми-негізделген зама­­­науи әдістердің көмегімен біршама нә­тижеге жеттік және «сұрыпты жа­сарттық» деуге болады», – дейді фи­­лиал директоры.

Қазақ жеміс көкөніс шаруа­­­шы­­­лығы ҒЗИ соңғы 10 жылда Грант­­тық және нысаналы қаржы­ландыру бағ­­дарламасы аясында 4 жоба іске асыр­­ған. Он жылдық зерттеулердің нәти­­желері жас ға­лым Сағи Солтан­­­­беков­тің диссерта­­циялық жұмы­­сын­да жинақталған. Ғалым биыл «Алма­­ның апорт сор­тын микро­клон­дау, телітушілер таңдау арқылы жан­­дан­ды­­ру және оның негізгі ауруларға тө­­­зім­­ділігін бағалау» тақы­рыбында философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін диссертация қорғағалы отыр.

Сағи Солтанбековтің сөзінше, филиал жұмыстың келесі кезеңінде іріктеліп алынған апорт алмасын теңіз деңгейінен 900-1200 метр биік­тікте көбейту, бақтар отырғызу қа­рас­тырылған. «Осындай биіктік бел­деуін­де өскен апорт бақтары же­­міс­­тері ірі, дәмдік сапасы жоға­ры, хош иісті өнім бере алады. Одан төменгі бел­­деулерде болса жеміс­тері ерте пісіп, еті бор­пылдақ болып кетеді, ал жоғары болса – өзіне қажетті қант мөлшері жи­налмай, сапасы төмендейді.Біздің филиал Қазақ­стандағы атеста­­ция­ланған көшет­тіктердің бірі, алдағы уақытта аталған бағымыздан супер-элита­­лық көшеттер дайындаймыз. Алда­­ғы 2024-2025 жылдарға халыққа, шаруа қожалықтарға, бағбандарға қажетті көшеттерге тапсырыс қа­был­даймыз», – дейді ол.

Әрине, апортты көбейтіп, баяғы даңқын қалпына келтіру оңай шаруа емес. Оның үстіне, қоғамда апортты үлкен өндірістік тұрғыда өсірудің перспективасы жоқ, тек Алматының бренді ретінде, тарихи мифология ретінде ғана қарас­­тырылмаса, на­рық­та бәсекелестігі төмен сорт деген пікірді айтып жүрген де мамандар бар. Десе де «алма піс, аузыма түс» деп қарекет­сіз жатудың да жөні жоқ. Апорт – жер бетіндегі хош иісі мен шырын­­ды дәмі қайталанбас бірегей жеміс. Қазақ­стан апорттың х­­алықара­лық нарықтағы құны мен атағын БҰҰ-мен бірлесе көтеруді көздеп отыр.

Бауыржан БАЗАР