Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министр­лігінің құрамында Жасанды интеллект ко­митеті құрылатынын айтты.
Қазақша түсінетін ChatGPT жасалады
753
оқылды

«Жасанды интеллект әбден сәнге айналып кетті. Жасанды интеллект 2022 жылдың аяғында белсенді шықты. Ал былтырғы даму процесін ғылыми орта «ойын жылы» деп атап кетті. Бәрі ойнады, көрді, таңғалды. Енді биыл салмақты әңгіме болатын түрі бар. Жасанды интеллект саласына бүкіл алпауыт компаниялар кірісіп кетті, триллиондаған инвес­тиция құйыла бастады. Осы соңғы 5 жылдың ішінде 27 мемлекет өздерінің ұлттық жасанды интеллект стратегияларын қабылдады», – деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ ол бұл жарысқа Қазақстан да қосы­лып кеткенін айтты.

«Биыл стратегия қабылданады. Жасанды интел­лект бойынша арнайы комитет құрылады, супер­компьютер алынады. Біздің институттарымыз әзірлеген ауқымды тіл моделі шығады. Ол модельді суперкомпьютерде жаттықтырамыз да, қазақша түсінетін өзіміздің тұңғыш ChatGPT пайда болады. Қазір бүкіл араб елдерінде өздерінің тіл модельдерін жасап жатыр. Оларға жеңілдеу. Өйткені араб тілінде шыққан ғылыми еңбек, жазба әдеби мәдениет көп. Өкінішке қарай, өзімізді қанша мақтасақ та, бізде ондай мыңдаған жылдық кітапхана жоқ. Мә­дениетіміз де, өркениетіміз де ауызша. Сондықтан Мә­дениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп бүкіл БАҚ-тың, киноқордың мұрағаты негізінде осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Соны жеңіл­дету үшін Оксфорд университеті көмектесті», – деді министр.