Б. Момышұлы ауылының орталық аудандық ауруханасына түрлі дәрежедегі дене жарақатымен 25 адам жүгінді.
Жамбыл облысында ірі жол апаты болып, 26 көлік соқтығысты
Фото: Жамбыл облысы ТЖД-нен алынды
1,732
оқылды

Жамбыл облысында ірі жол апаты болып, бірден 26 көлік соқтығысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Полиция қызметкерлерінің жол қозғалысы ережелерін сақтау, қолайсыз ауа райында жолға шықпау туралы бірнеше рет ескертулеріне қарамастан, жүргізушілер ережені бұзуды жалғастыруда: жылдамдықты асырып, қашықтықты сақтамайды, жазғы шиналармен жүреді, бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларына әкеп соғады.

«2024 жылы 31 қаңтарда сағат 10.47-де Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылының маңында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» республикалық маңызы бар автожолының 567-шақырымында ауа райының қолайсыздығына байланысты (көктайғақ, көрінудің шектелуі, боран) 26 автокөліктің (4 жолаушылар автобусы, 4 жүк көлігі және жеңіл көліктер) қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды», – делінген хабарламада.

ЖКО салдарынан қаза тапқандар жоқ.

«Б.Момышұлы ауылының орталық аудандық ауруханасына түрлі дәрежедегі дене жарақаттарымен 25 адам жүгінді», –  делінген хабарламада.

Тараз қаласынан 593-тен 534 шақырымға дейінгі бағыттағы автожол екі жағынан да жабық. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеуде, оқиғаның мән-жайлары анықталып жатыр.