Өңірде іске қосылған бірегей жобалардың бірі – қазақстандық мұнай жабдықтары зауыты. Былтырғы жылдың басында өндіріс орнында жаңа цех іске қосылған болатын. Зауытта мұнай кен орындарына қажетті құбырлар, бұрғылау мен фонтанды арматуралар шығарып, еліміздің мұнай компанияларын отандық өніммен қамтамасыз етіп отыр. Инвестициялық жоба құны 7 миллион долларды құрады. Кәсіпорында екі жүзге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Зауытқа 2019 жылы келдім. Биылдан бастап токарь болып жұмыс істеймін және шебердің міндетін атқарамын. 2018 жылы іске қосылған үшінші цехта 9 адам еңбек етеміз. Мұндағы станоктың көбі адам көмегімен жұмыс істейді. Бір станок материалды жонып берсе, екіншісі теседі, үшіншісі резьба істейді. Солай жүйелі түрде жұмыс істейміз. Ал былтыр іске қосылған 4-цехтағы станоктың көбі компьютермен жабдықталған. Бағдарлама құрылғаннан кейін құрылғылар автоматты түрде өзі жонады», – дейді цех шебері Азамат Шәмшиев.
Сондай-ақ Жол картасы аясында өңірімізде бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде Заречный елді мекенінде емхана ғимараты жаңартылып, екі қалалық мектепке жапсарлас құрылыс жұмыстары жүргізілді. Ұн комбинаты мен сүт өнімдерін шығаратын зауыт жаңғыртудан өтті. Биыл облыс орталығында бес жаңа мектептің құрылысы басталады. Инвестиция тарту арқылы қалада тамақ қалдықтарын қайта өңдеу зауытын салу жоспарда бар.