Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында 30 қаңтар күні төтенше жағдай жарияланды. Оған себеп, Ботақара кентінде 12 пәтерлі тұрғын үйде газ жарылды. Адам шығыны да бар.
Ботақарада газ неге жарылған?
500
оқылды

Үйдің шатыры, қабырғасы мен едені, соның ішінде бірінші қабаттағы пәтерлер толығымен құлады. Сонымен қатар басқа пәтерлер де ішінара зақымдалған.

Жарылыс салдарынан 5 адам зардап шекті. Олар аймақтың медициналық мекемелеріне жеткізілді. 

 – Оқиға салдарынан зардап шеккен 2 ересек науқас Бұқар жырау аудандық ауруханасында стационарлық ем алуда. Екі пациенттің біреуі өте ауыр жағдайда (80% күйік шалған), екіншісінің жағдайы ауыр, бірақ тұрақты (26% күйік шалған). Екі бала амбулаториялық емделуге жіберілді, бір бала облыстық Балалар клиникалық ауруханасына қанағаттанарлық жағдайда жеткізілді. Пациенттерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде, – деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.

Тұрғын үйде жалпы 46 адам тіркеуде тұрса, жарылыс кезінде 35-і пәтерінде болған. Апаттық-құтқару жұмыстары кезінде үйінділерден қаза тапқан екі адам және жарақат алған бес адамды алып шықты. Жұмыстарға 139 адам және 32 техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта апаттық-құтқару жұмыстары аяқталды.

«Қазір қираған пәтерлердің тұрғындары туыс­тарының үйінде тұрып жатыр, бірақ оларды әрі қарай орналастыру мәселесі төтенше жағдай аясында шешіледі. Бүгін біздің жергілікті атқарушы орган төтенше жағдай жариялады. Сондықтан тұр­ғын­­дармен сөйлесеміз, жалға берілетін пәтерлердің ақысын төлейміз. Болашақта сарапшылардың шешімінен кейін бұл үйді қалпына келтіру мүмкін емес десе, үй салуды ойластырамыз, – деді Бұқар жырау ауданының әкімі Абылай Сұлтанғали. 

Сондай-ақ зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетілетінін баса айтты. Сонымен қатар қазір келтірілген шығынды бағалайтын комиссия құру жұмыстары жүргізілуде. Әкімнің айтуынша, үйді KazMIRR мамандарының көмегімен тексеріп жатыр. 

– Үйінділер тазартылды. Жергілікті атқарушы органдар барлық қажетті техниканы дер кезінде қамтамасыз етіп, соның арқасында бес адам аман қалды. Крандар мен үш экскаватор әкелінді. Қазір төтенше жағдайлар қызметі мен полиция қызмет­керлері сараптама жүргізіп жатыр. Жарылыстың болу себебі – газ баллонының дұрыс жұмыс істемеуі. Оқиғаға кім кінәлі екенін құқық қорғау органдары анықтайды, – деді Қарағанды облысы­ның Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Аманбек Бейсембаев.

Жарылыс болған үй орталық қазан­дыққа қосылмағаны да белгілі болды. 

 «Аудан орталығында осындай қайғылы жағдай болды. Біріншіден, Рахметовтер әулетіне қайғыра көңіл айтамыз. Облыс басшылығымен бірге зардап шеккендерді пәтермен қамтамасыз ету қолға алын­ды. Тұрғын үй 2014 жылы пайдалануға берілген. Ауданда осы тәрізді 12 үй бар және оның екеуі орталық қазандыққа қосылмаған. Бұл пәтерлер – жылу жүйесіне біртін-біртін қосылып келе жатқан үйлер. Қазандық кейіннен салынды, сондықтан да қосылмаған», – дейді Бұқар жырау ауданының әкімі Абылай Қайратқалиұлы.

Жарылыстан кейін Төтенше жағдайлар депар­таменті Қарағанды облысының тұрғындарын тұрмыстық газды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды. Сонымен қатар екі қабаттан жоғары тұрғын үйлерде газ баллондарына тыйым салынатынын айтып, ереже бұзғандарға 7 АЕК (25 844 теңге) мөлшерінде айыппұл қарас­тырылған, тағы да қайталанған жағдайда – 10 АЕК (36 920 теңге) төлейтінін де жеткізді.

Ал кеше облыстық Денсаулық сақтау басқар­масының хатшысы Айнұр Әбдиева жансақтау бөлі­мінде жатқан баланың жалпы бөлімге ауыс­тырыла­тынын, ал екі ересек емделушінің әлі жансақтау бөлімінде жататынын, жағдайы ауыр екенін айтты.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ