Түркістан облысындағы білім саласының олқылықтары жайлы жиі еститін болдық. Жуырда ғана «Мақтаарал және Бәйдібек аудандық білім бөлімінің есепшілері 1,8 млрд теңгені жым­қыр­ды» деген ақпарат тараған.
Білім саласындағы былық
коллаж: Елдар ҚАБА
751
оқылды

Қаржылық мониторинг агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті облыс прокуратурасының үйлестіруімен және әкімдіктің атсалысуымен екі аудандағы былықты анықтады. Қазір Мақтаарал аудандық білім бөлімінің есепшілерін 1,2 млрд теңге және Бәйдібек аудандық білім бөлімінің есепшілері 600 млн теңге көлемінде сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз иемдену фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.

Бұл туралы мәлімет таратқан агенттік­тің ресми өкілі Әлібек Әбділов тің айтуын­ша, аталған 2 аудан бойынша мемлекетке келтірілген шығынның жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеден астам екен. Ол 2020-2023 жылдар аралығында «1С: Бух­гал­терия» есеп бағдарламасында жалпы білім беретін мектептер қызметкерлерінің карточкалық шоттары мен жеке сәйкестен­діру нөмір­лерінің (ЖСН) орнына олармен үлестес тұлғалардың ЖСН енгізген айыпталу­шылар анықталғанын атап өтті. «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында іс бо­йынша айыпталушыларға қатысты тергеу әрекеттері мен тінту жұмыстары жүргізіліп, жылжымалы және жылжымай­тын мүлікке тыйым салынды. Қазір осы іс бойынша жауапкерлер 120 млн теңге кө­лемінде кел­тіріл­ген шығынды өз еркімен өтеп берді. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, өзге де мәлі­меттер жария етілуге жат­пайды», – деп атап өтті ресми өкіл. 

Ал бұған дейін осыған ұқсас қылмыстар Сарыағаш пен Шардарада, жуырда Келес ауданында анықталған-ды. Қаржылық мониторинг агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті «Келес ауданының білім бөлімі» ММ бухгалтерлерін сеніп тап­сырылған мүлікті заңсыз иемденді де­ген күдікке ілінгенін жақында ғана мә­лімдеді. 

Келестік білім саласының қызметкер­лері 2021-2023 жылдар аралығында білім беру мекемесінің қызметкерлерінің көрі­неу жалған мәліметтерін базаға енгізген. Мақтаарал және Бәйдібек ауданы секілді мектеп қызметкерлерінің карт-шоттары мен жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) есепшілермен байланысты азаматтардың ЖСН-іне ауыстырылғаны анықталған. Қазіргі мемлекетке келтірілген залал 400 млн теңгеден асады. Көрсетілген фактілер бо­йынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, күдікті адамдарға қатысты сот қа­мауда ұстау түріндегі бұлтартпау шара­сына санкция берді.

Одан бөлек, қазығұрттық бір топ ауыл тұрғыны мен мұғалімдер бұрынғы мектеп директорының қайта келуіне қарсы болып, наразылыққа шықты. Олар анау-мынау себептермен емес, бұрынғы мектеп директорының білім ұясындағы қыз-қырқынға тиісіп, кей­біреуінің отбасын шайқалтуына себеп­кер болғанын айтып шулады. Тіпті, мектеп медбикесі өзіне-өзі қол салуға дейін бар­ған. Қазығұрт ауданы Қызыл ата ауылын­дағы жалпы орта мектепте 9 жыл мектеп директоры болған азамат моральға қайшы келетін әрекеттері үшін жұмыстан шыққан екен. Ауыл тұрғындары оның қызметке қайта келуі үшін сотқа арызданғанын ес­тіп, мектепке қайта келіп қалар деген кү­дікпен ұлардай шулаған. Мектеп ауласына жиналған наразы топ, БАҚ өкілдеріне осынау күдіктерін жасырмай айтып берді.  

Осылайша, облыстағы білім саласына қатысты ушыққан мәселелер бірінен кейін бірі ақпарат кеңістігіне шығып, бүгінде республиканы шулатып жатыр. Тағы бір жағымсыз хабар, жұмыссыз қалған мектеп күзетшілерінің өтемақысы да төленбей қалған. Кезінде Білім және ғылым минис­трінің бұйрығымен мектептер терроризмге осал нысандар санатына жатқызылып, оларды қорғау жеке күзет органдарына берілгендіктен, облыстың білім саласын­дағы 1 473 адаммен еңбек шарты бұзылады. Прокуратура өкілдері жұмыс берушінің еңбек заңнамасын бұзып, 934 қызметкерге жалпы сомасы 115 млн теңге болатын тиіс­ті өтемақы төлемегенін анықтаған. Бұл да болса, өңірдегі білім саласының имиджіне нұқсан келетін бірден-бір фактордың қатарына енеді. 

Осыған орай, әлеуметтің пікірі де то­лас­тамай тұр. Қоғам белсендісі Ахметжан Аятжан: «Болып жатқан жемқорлық фак­ті­лерінде кінәлілер шынымен тек бухалтер ме?! Жоқ! Оған жол беріп отырғандар да, ақшаны бөлісіп отырғандар да жазасыз қалмауы қажет!» – деп пікір қалдырған. Ал шымкенттік ұстаз, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы да түйені түгімен жұ­ту­ға жалғыз бухгалтердің күші жетпейтінін айтады. «Ел аузында тарап жатқан әңгіме рас болса, бүгінге дейін Түркістан облысының Білім басқармасына қарасты тек 5 ауданның білім бөлімдерінен ұрлан­ған қаржы 7 млрд теңгеге жеткен (Қазақ­станда қателеспесем, 166 аудан бар). Дипломдары бар, заманауи техно­логиямен жарақтанған білімді саналатын 400 педагогтің көз алдында Қазақстан халқын ат төбеліндей ғана бухгалтерлер ақымақ қып тонап келген дегенге кім сенеді? Білім басқармасы басшылары қайда қарады? Бухгалтері тонап жатқанын сезбейтін аудандық білім бөлімдерінің басшылары соншалықты ақымақ па? Мақ­таарал ауданы білім бөлімінің бухгалтері асылып қапты деген суық сөз тарады... Оншақты күн бұрын Жетісай ауданында бір мектеп­тің завхозы өзіне-өзі қол са­лыпты деген әңгіме шыққан.. Бухгалтер­лердің де әке-шеше, туыс-бауыр, бала-шағасы бар. Соларды аңыратып қойып, қарап отыра береміз бе?» – деген өзінің жанайқайын жеткізді. 

Шынында да, соңғы жылдары өңірдің білім саласындағы бейберекетсіздік қо­ғам­да үлкен пікірталас тудырып жүр. Осын­дай кейбір топтардың келеңсіз әре­кеттерінің салдарынан саладағы жетістік­тер суға сіңіп барады. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітедінің» кері...

Н. САЙЛАУҚЫЗЫ