Елордада ерекше қажеттілігі бар 2,5 мыңға жуық адам тұрады. Соған қарамастан, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта құру мәселесі әлі де толық шешімін тапқан жоқ. Әсіресе, қоғамдық көлік пен инватаксиге қолжетімділік мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау алаңында өткен дөңгелек үстелде айтылды.
Астанадағы ерекше қажеттілігі бар тұрғындар «AMANAT» партиясына жүгініп, инватакси тапшылығы мәселесін шешуге көмек көрсетуді өтінді. Бұл ретте, партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі Көлік министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және Астана қаласы әкімдігі өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Сұраныстың көптігіне қарамастан, қалада тек 6 инватакси бар. Ол – гидравликалық көтергіші бар арнайы көліктер. «Сарыарқа» ауданы әкімінің инклюзия жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Жанат Қабдолланың айтуынша, инватаксилер таңғы сағат 9-дан кешкі сағат 6-ға дейін ғана жұмыс істейді. Бұл ерекше қажеттілігі бар адамдардың жүріп-тұруын айтарлықтай шектейді.
«Мұндай кестемен түнгі көрсетілімге киноға да бара алмайсың. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар адамдар көлікке өз күшімен отыра алмайды. Мәселен, электр арбаға таңылған адамдарды айтуға болады. Менің арбамның салмағы 120 келі әрі жиналмайды. Бұл жыл сайын қайталанып жатқан мәселе, себебі біз қыста сыртқа шыға алмаймыз. Өйткені боранда аялдамаға жете алмайсың, ал мамандандырылған арнайы такси барлығына бірдей жете бермейді», – деді ол.
Астана қаласының тұрғыны Әсемгүл Әбдірахманова ерекше қажеттілігі бар адамдардың қоғамдық көлікті кеңінен пайдалануы үшін коммуналдық қызметтердің жұмысын жақсарту қажет деп санайды. Омбы қар жүріп-тұруында ақауы бар мүгедектерге кедергі келдіреді.
«Көліктер 2010 жылдан бері жаңартылмаған. Жолай бұзылып қалатын кездер де болады. Амал жоқ, өз есебіңнен қарапайым таксиге ауысып отыруға тура келеді. Кейде диспетчерге хабарласу да қиын. Қоғамдық көліктерге келетін болсақ, 10 жылда айтарлықтай өзгеріс болғанын байқадым. Қазір жүргізушілер пандусты түсіріп, жағдай жасайды. Яғни оң өзгеріс бар», – деді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, былтыр Астана және Алматы қалаларында ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін инватакси қызметін көрсету кезінде такси агрегаторларын пайдалану бойынша қанатқақты жоба сынақтан өткізілді. Бұл қызмет бір жылда 53,9 мың рет пайдаланылды. Екі қалада аталған қанатқақты жобаға 639 адам қатысты. Жоба аясында азаматтар Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы инватакси негізінде жеңіл автокөліктерге тапсырыс бере алады.
2024 жылы елордада инватакси қызметіне шамамен 1,2 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб мәлімдеді.
«Егер Яндекс Go-мен кооперация сәтті жалғасатын болса, мемлекет қаражатты қалай тиімді бөлу керек екенін анықтау үшін белгілі бір сапар санын күніне 3-4 рет белгілеуді ұсынамыз. Такси бағасы маусым сайын өзгеретінін ескерсек, қыста тариф бағасы қымбаттайды», – деді ол.
«AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Әлия Садырбаеваның айтуынша, елордада инватакси тапшылығын шешу – өзекті мәселенің бір парасы ғана.
«Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жүгінген ерекше қажеттілігі бар адамдардың өтініші олардың әл-ауқатын жақсартуға ерекше назар аударуды қажет ететінін көрсетеді. Былтырдың өзінде 4,2 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Біздің міндетіміз – барлық азаматтарға, әсіресе жүріп-тұруында ақауы бар адамдарға қолжетімді, қолайлы орта қалыптастыру», – деді ол.
Айта кетейік, ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау – «AMANAT» жұмысындағы басты басымдықтың бірі. Мәселен, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында былтыр медициналық мекемелердің электрондық құжаты негізінде мүгедектікті белгілеу процесі заңнамалық түрде бекітілді. Сонымен қатар, 5 мыңға жуық әлеуметтік нысан бейімделіп, даму кемістігі бар және олардың туындау қаупі бар жас балаларға арналған 8 ерте араласу орталығы ашылды. Сондай-ақ, мектептерде инклюзияны қолдаудың 61 кабинеті ашылды. Бұдан бөлек, биыл 1 қаңтардан бастап I топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін, II топтағы адамдардың жәрдемақысы 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін, III топтағы азаматтардың жәрдемақысы 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін өсті.
Талқылау қорытындысы бойынша, іс-шараға қатысушылар партияға жүгінген Астана тұрғындарын Көлік министрлігі жанындағы жұмыс тобына мүшелікке кіргізу туралы келісімге келді. Аталған жұмыс тобы мүгедек адамдарды тасымалдау қызметіне қатысты қолданыстағы ережелерге бірқатар түзету әзірлейді.