«AMANAT» мүшелері Өскемен қаласы­ның шалғай аудандарында тұратын ба­ла­лардың көлік мәселесін шешуге көмектесті.
Балалар енді автобуспен келеді
1,166
оқылды

Өскемен қаласының іргесіндегі «Комму­наль­ник» және «Озеленитель» саяжайларында тұратын балалар мектепке жете алмай, машақат көріп келген еді. Олар аялдамаға жету үшін қараңғыда орман арасымен екі шақырым жол жүруге мәжбүр болды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бүл­діршіндерге зорлық-зомбылық жасаған адамдар да, қауіп төндірген қаңғыбас жануарлар да бо­лыпты. Тұр­ғындар саяжайдан облыс орталығына қатынайтын автобусты іске қосу қажет екенін айтып, Өскемен қаласының әкімдігіне және өңір­лік білім басқар­масына бір емес, бірнеше рет жүгін­ген көрінеді. Алайда одан еш нәтиже шықпаған. Мәселені «AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы шешіп берді.

«AMANAT»-қа жүгініп едік, мәселеміз оңынан шешілді. Қол ұшын созып, көмек көрсетті. Енді балаларға арналған арнайы автобус бар. Бүлдір­шіндеріміз мектепке қауіп-қатерсіз жетеді. Бұған дейін балалар жаяу жүретін еді. Жол бойында оларға күш көрсеткен, әлімжеттік жасаған оқиға­лар да болды. Тіпті, баламызды мектепке жіберу­ден қорқатын едік. Енді бұлай алаңдамаймыз», – деді жергілікті тұрғын Ольга Шахова.

«Біз мектеп директорынан да, әкімдіктен де көмек сұрадық. Алайда ешкім ештеңе істеген жоқ. Тек «AMANAT» партиясы ғана мәселемізге мән беріп, балаларға арналған автобусты іске қосуға ұйытқы болды», – деді жергілікті тұрғын Махаббат Ахмадиева.

Енді таңғы сағат 7-де оқушыларды сабаққа алып кетіп, түс мезгілінде үйге жеткізіп салады. Кешке сағат 19:40-та ата-аналар аялдамаға келіп, екінші ауысымда білім алатын оқушыларды күтіп алады.

«Біз аялдама орнатып, автобус бұрылатын алаңды тазарттық. Сондай-ақ балалар аялдамаға алаңсыз жетуі үшін көше шамдарын орнаттық. Жаяу жүргіншілер көпірі де қоса қамтылды. Мә­селені шешуге облыстық мәслихат депу­таттары, №18 мектеп басшылығы да атсалысты», – деді «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыс­тық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Аманбай Нүркенов.

Берік БЕК