Өскелең ұрпаққа тәлім мен тәр­бие беріп, рухани болмысын қалып­тастыратын құралдың бірі – балалар әдебиеті. Десек те, бүгінде балалар шығармашылығына қалам тербеп жүрген ақын-жазушыларымызды саусақпен санауға болады. Оның өзі де балалар әлеміне түбегейлі жол аша алмай келеді.
Қуат Адис: Балалар әдебиетіне бетбұрыс жетіспейді
1,228
оқылды

Себебі интернет желісі қарыштап дамыған бүгінгі қоғамда балалар әдебиетінің өз деңгейінде насихатталуы кемшін қалып, балғындарға арналған мөл­дір шығармалар оқырмандарын тап­пай келеді. Оның басты себебі неде? Осы төңірегінде  балалар шы­ғар­машылығына қалам тербеп жүрген сырбойлық ақын, Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Қуат Адиспен әңгімелескен бола­тынбыз.

– Балалар әдебиетіне баспалдақ қалап,  шығармаларыңыз түрлі жинаққа, оқулыққа  еніп жүр. Әрдайым болашақ ұрпақтың жанына қажет кіршіксіз тұнық дүниелерге қалам тартып келесіз. Осы орайда қазақ балалар әдебиетінің бүгінгі аяқалысын қалай бағалайсыз? 

– Ең алдымен, кешегі көшпенді ғұмыр кешкен халқымызда ата-әжелеріміздің немерелеріне айтқан ертегісі, аңыз-әпсаналары, қисса-дастандары – қазіргі ба­лалар әдебиетінің тұма бастауы бол­ғанын айтқым келеді. Сол арқылы баланы адамгершілікке, адалдыққа, әділдікке, мейірімділікке, елжандылыққа, батыр­лыққа тәрбиелейтін. 

Ал енді кешегі кеңес заманын алып қарасақ, «Бар жақсылық – балаларға» деген ұран болды. Мұның астарында қазақ балалар әдебиетін дамыту ісі тұрды. Сол кездері алдыңғы буын қаламгер ағалары­мыз балаларға арнап жоспарлы түрде тәрбиелік мәні бар өлеңдер мен қызықты әңгімелерді көптеп жазды. Нәтижесінде, бүлдіршіндеріміздің кітап оқуға деген құлшынысы да асқақ еді. Одан қалды «Балдырған» журналы талай өреннің досы, ақылшысы, тәрбиешісі әрі бағдаршасы болды. Қазір  смартфондар арқылы бала­ның қажеттілігін қанағаттандырып жүрміз деп тоқмейілсіп кеттік. Бала тәр­биесінің баспалдағы балалар әдебиетінен бастау алатынын назардан тыс қалдырдық. Оны айтамыз, тіпті баласына бір сәт көңіл бөліп, оның әлеміне терең бойлайтын ата-аналар да аз. Бәрі күйбең тірліктің қамы­мен жүр. Баланың әрбір сөзі мен іс-қимыл әрекеттері ата-ананың назарынан тыс қалды. Соның салдарынан телефонға телмірген ұрпақ қалыптасып келеді. Сон­дық­тан бүгінгі балабақша тәрбиешісінен бастап мектеп мұғалімдері мен әрбір ата-ана осы жайды ескеріп, мемлекет тара­пынан балалар әдебиетіне көңіл бөлінуі тиіс деп есептеймін.  Әрбір баланы еліміз­дің ертеңі деп түсініп, сол мемлекеттің келе­шегін жасау бүкіл қоғамның мойнын­дағы міндет екені ескерілуге тиіс. 

– Балалар шығармашылығына қалам тербеу қаншалықты қиын?

– Балалар шығармашылығына қалам тербеу үлкен жауапкершілікті қажет етеді деп білемін. Мазмұнды дүние жасау үшін өзіңе де бір сәт балаға айналуыңа тура келеді. 

Балалардың ішкі жан дүниесі – мөлдір, кіршіксіз таза әлем. Екінші жағынан балалар өте байқампаз әрі талапшыл келеді. Сондықтан жазу үстеліне отырғанда бір сәтке балаға айналасың, яғни балаша сөйлеп, балаша ойлайсың. Болмаса ұйқас қуып жаза бергеніңнің бәрі бекер. 

Жалпы, тәуелсіздіктен кейін қазақ балалар әдебиеті кенжелеп қалды. Оған балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен аласапыран заман себеп болды. Сол өтпелі кезеңде бала түгіл ересектердің өзінің кітапханамен байланысы үзілді. Тіршілік тауқыметімен барлығы базарға сүрлеу салды. Еліміз ес жиып, еңсесін тіктегесін ғана балаларға арналған дүние там-тұмдап болса да шыға бастады. Алайда әлі де шешімін күткен мәселелер шаш етектен.  Соның ішінде дайын дүниені баспадан шығару ісі қиындап тұр. Бір кітапты шы­ғару үшін талай табалдырықты тоздырып, қайырымды жандарды іздеп сабыласың. Қолы ашық кәсіп иелері мен жергілікті әкімдерден қолдау күтесің. Бұл қоғамда әлі де балалар әдебиетіне деген көзқарас түзелмегенін көрсетеді. Осыдан кейін балалар әдебиеті қалай дамиды?  

Енді мектеп оқулықтарына ой жүгіртер болсақ, балалардың тілін бұрап, ойын шатастыратын шумақтар аз емес. Менің де үлкен поэзиядан балалар поэзиясына келуіме оқулықтардағы осындай олқылық­тар себеп болды. Нәтижесінде, балаларға арнап бес алты жылдан бері қалам тартып  келемін.  Осы ретте балалар дүниесін жаз­ғанда бүлдіршіндеріміз құлақ құрышын қандырып, құмартып тыңдайтын, ой-өрісін дамытуға тың серпін беретін  туын­дыларды жазуға баса мән берілуі керек деп есептеймін. Жоғарыда айтқанымдай, шипай-шатпақ шумақтар жеткіншектері­міздің ойын шатастырып, рухани дамуына кері әсерін тигізеді. Өзім де әркез осындай кемшіліктерді жібермеуге тырысамын.

– Осы күнге дейін бірнеше кітабыңыз жарыққа шыққанын білеміз. Жоғарыда кітап шығарудың машақаты көп екеніне тоқталдыңыз. Қазақ балалар әдебиетінің насихатталуы кемшін екенін де айтып өттіңіз.  Осы орайда сіздің жинақтарыңыз балалардың қолына жетіп жатыр ма?

– Менің балалар әдебиетіне қадам басқаныма көп болған жоқ. Сондықтан ауыз толтырып мақтанатындай дүниелерім бар деп айту қиын.

Бұған дейін, яғни 2014 жылы Алматы қаласындағы «Фолиант» баспасынан «Қоңырбек пен Содырбек» атты алғашқы жинағым жарық көрді. Кейіннен 2017 жылы Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт» баспасынан «Кемпірқосақ» атты кезекті кітабымды жарыққа шығардым. Сондай-ақ «Көңіл керуені», «Дәрумендер дауасы» атты кітаптарым да оқырмандар қолына тиді. Осы орайда айта кету керек, бұл кі­тап­тардың бірін өз қаржымнан шығарсам, екіншісі демеуші есебінен басылды. Бұл кітаптарды табыс табу мақсатында жа­рыққа шығарғаным жоқ. Кітапханалар мен білім ошақтарына тегін тараттым. Мақсатым – кішкентай оқырмандарымның балалар шығармашылығына қолжетім­ділігін арттыру. 

Қазір шығармаларым «Жыр маржаны» деп аталатын қазақ поэзиясының 10 том­дық антологиясына және бірнеше ұжым­дық жинаққа енген. Сондай-ақ өлеңдерім балалар әдебиетінің антологияларына, мектеп оқулықтарына енгізілді. Шығарма­ларым республикалық балалар мен жас­өспірімдерге арналған басылымдарда, әдеби порталдарда жиі жарияланып тұрады. Осы орайда балалар әдебиетіне тыңнан қосылған өлеңдерім орыс тіліне аударылып,  2023 жылы Мәскеу қаласынан шыққан қазақ ақындарының үш томдық антология­сына енгізілгеніне ерекше тоқ­талғым ке­леді. Сонымен қатар QR код ар­қылы сөй­лейтін танымдық кітапша­ларым да жарық көріп, республикаға таралды. Қазірде аталған кітапша төменгі сынып мұғалімдері мен балабақша тәрбие­шілерінің көмекші құралына айналып отыр.

– Жас оқырмандарыңызбен жиі кездесіп тұрасыз ба? Қазіргі балалардың талғамы қандай? 

– Бұған дейін еліміздің көптеген өңі­рінде арнайы шақыртумен болдым. Онда мектептер түрлі кездесу ұйымдастырды. Ең алғаш осыдан үш жыл бұрын Алматы қаласындағы үш мектеп балалармен кез­десу ұйымдастырды.  Тағылымы мол кез­десуде оқушылармен емін-еркін әңгіме­лесуге мүмкіндік аласың. Балғындардың жан дүниесіне терең бойлайсың.  Осындай кездесулерде  оқушылардың өлеңдеріңді жатқа айтып тұрғанын көргенде ерекше күйге бөленесің. Бүлдіршіндеріміздің ба­қытты  келешегін қалыптастыруға там­шыдай болса да үлес қосып жатқаныма тәубе етемін. Бұдан өзге, еліміздегі көп­теген мектеп онлайн кездесу өткізіп тұра­ды. Осы арқылы жас оқырмандарым­мен жақынырақ тілдесіп,  олардың талғамын түсінуге тырысамын. 

Жалпы, балғындар тым жаңашыл, ашық та еркін сөйлейді. Қазіргі балаларды кез келген нәрсемен қызықтыру мүмкін емес. Өйткені олар телефон арқылы түрлі қы­зықты күнде көріп жүр. Сондықтан олар­ды жаңаша бағыттағы дүниелермен ғана үйіріп әкете аласыз. Соған орай мен де бүлдіршіндердің ішкі қалауына қарай тақырыптарымды түрлендіріп отырамын.  Мәселен, «Сәпен мен Планшет», «Миың­ды сақта» секілді бірнеше өлеңім бар. Бұл өлең жолдары баланы ғылым-білім үйрену­ге, жаңа заманға бейімделуге шақырады.

Жалпы, әрбір ата-ана өз  отбасында балаларына жаңа технологиялардың адамзатқа пайдасы мен оразан  зияны бар екенін қатар ұғындырып отыру қажет деп ойлаймын. Балалармен әрбір кездесуде осыны жиі айтып жүремін. Жас өрендер­мен түрлі кездесу жиі ұйымдастырылып тұрады.

– Сұхбатыңызға рақмет! Шығарма­шылық табыс тілейміз!

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы