Өңірде заманауи спорт кешендері мен дене шынықтыру алаңдары салынып, қолданыстағы нысандар жаңғыртылуда. Бұл бір жағынан, тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай қалыптастырса, екінші жағынан, балалар мен жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттыруға жол ашады. Әсіресе ауылдық елді мекендерде спорт нысандарының қолжетімді болуы бұқаралық спортты дамытудың маңызды тетігіне айналып отыр.
Бұқаралық спорттың дамуы ең алдымен қолжетімді спорт инфрақұрылымына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Ақтөбе облысында спорт нысандарын көбейту мен жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Қалада ғана емес, ауылдық елді мекендерде де жаңа спорт кешендері мен дене шынықтыру алаңдары салынып, тұрғындардың жүйелі жаттығуына жағдай жасалуда.
Спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі бойынша Ақтөбе облысы республикада екінші орында тұр. Облыс әкімдігінің мәліметінше, 2024-2025 жылдары 19 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілген. 2026 жылдың соңына дейін тағы 13 жобаны аяқтау жоспарланған. Соңғы үш жылда бюджет қаражаты есебінен 31 нысан іске қосылса, оның 24-і ауылдық жерлерде орналасқан.
Аймақтағы ірі жобаның бірі – жаңа футбол стадионының құрылысы. Мемлекет басшысының футболды дамыту және өңірлердегі спорт инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмалары аясында Үкімет резервінен жобаға 6,5 млрд теңге бөлінген. Қаланың батыс бөлігіндегі 25 гектар аумақта бой көтеріп жатқан стадион 35 мыңға дейін көрермен қабылдай алады. УЕФА-ның төртінші санат талаптарына сай жобаланған кешенде футбол алаңынан бөлек, спортшыларға, командалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған инфрақұрылым қарастырылған. Құрылысты 2028 жылдың қыркүйегінде аяқтау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ қаланың «Алтын Орда» әлеуметтік-іскерлік орталығында 5 мың көрерменге арналған әмбебап спорт кешені салынуда. Жалпы ауданы 31 мың шаршы метрден асатын нысанда орталық спорт аренасы, 50 метрлік бассейн, гимнастика, баскетбол және волейбол залдары, жаттығу бөлмелері болады. Кешен түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге және тұрғындардың бірнеше спорт түрімен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді.
Балалар спортын дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Алға қаласында №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылып, онда сегіз спорт бағыты бойынша үйірмелер ұйымдастырылған. Бұл жасөспірімдердің спорттық қабілетін шыңдап, болашақ чемпиондарды даярлауға жасалған мүмкіндік десек болады.
Спорт баршаға қолжетімді болуы керек деген қағиданы басшылыққа алған өңір басшылығы ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған инфрақұрылымды дамытуға да көңіл бөлуде. Биыл жылдың басында пайдалануға берілген «Қуат» инклюзивті спорт кешені – осы бағыттағы маңызды жобаның бірі. Жалпы аумағы 4 855 шаршы метрді құрайтын нысанда 106 жаңа жұмыс орны ашылған. Кешенде жүзу бассейні, әмбебап спорт және күрес залдары, жаттығу құрылғылары орнатылған бөлмелер, үстел теннисі залы мен ашық спорт алаңдары бар. Мұнда келушілер спорттың 20-дан астам түрімен айналыса алады. Олардың қатарында паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және басқа да спорт бағыттары қамтылған. Жүзу, жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, үстел теннисі, парадзюдо, голбол, бочча, арбадағы теннис, футзал, күрес, шахмат және тоғызқұмалақ секілді спорт түрлеріне жағдай жасалған. Инклюзивті спорт кешендерін салудың маңызы тек дене шынықтыру мүмкіндігімен шектелмейді. Олар ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың қоғам өміріне белсенді араласуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және өз мүмкіндіктерін көрсетуіне жол ашады.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде шамамен 8,5 млн адам немесе халықтың 44,5 пайызы дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысады. Мемлекет 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 50 пайызға жеткізуді көздеп отыр.
Ақтөбе облысында да тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бүгінде өңірдің 418 мыңнан астам тұрғыны дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысады. Жарыстар, марафондар, спартакиадалар мен спорт фестивальдері тұрғындардың белсенділігін арттырып қана қоймай, спортты күнделікті өмір салтына айналдыруға ықпал етеді. Әсіресе балалар мен жасөспірімдерге арналған тегін секциялар мен спорт үйірмелерінің жұмысы маңызды. Мұнда дені сау ұрпақ тәрбиелеумен қатар, болашақ чемпиондарды даярлаудың алғашқы баспалдағы қалыптасады.
Өңірде республикалық және халықаралық жарыстар өткізу дәстүрі қалыптасып келеді. Ақтөбелік спортшылар әлемдік додаларда ел намысын қорғап жүр. Биыл өңірде алғаш рет шаңғы роллерінен FIS Roller Ski Asian Cup Азия кубогы және жастар арасындағы шаңғы жарысынан Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылды. Халықаралық жарысқа Қазақстан, Моңғолия және Таиландтан 134 спортшы қатысты. Азия кубогында Ақтөбеден 14 спортшы бақ сынаса, ел чемпионатында өңір намысын 25 спортшы қорғады. Мұндай додалардың өңірде өткізілуі жергілікті спортшылардың тәжірибесін шыңдап, халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге шаңғы роллерінен жарыстар өткізу қысқы спорт түрлерінің маусымаралық дайындығын жетілдіруде де маңызды саналады.

Ақтөбе өңірі әлемдік спорт ареналарында ел абыройын асқақтатқан талай чемпионды тәрбиелеп шығарды. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша облыс спортшылары әлем және Азия чемпионаттарында 10 медаль жеңіп алды. Оның үшеуі – алтын, үшеуі – күміс, төртеуі – қола. Жүлдегерлер қатарында грек-рим күресінен әлемнің екі дүркін және Азияның үш дүркін чемпионы Қуанышбек Жаңажол, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Әли, дзюдодан ересектер арасындағы Азия чемпионы Әділет Алмат бар.
Ақтөбелік спортшылардың халықаралық аренадағы жетістіктері мемлекеттік деңгейде де бағаланды. Ерлік Сертай семсерлесуден командалық жарыстағы алтын медалі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Ал ММА спортшылары Еркінғали Бүркіталин мен Қадырбек Шынбаев халықаралық жарыстардағы алтын жүлделері үшін «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды. Бұл жеңістер – спортшылардың табандылығы мен жаттықтырушылар еңбегінің нәтижесі. Сонымен қатар олар өңірде қалыптасқан спорт мектебінің әлеуетін көрсетеді.
Ақтөбе облысында спорт саласын дамыту жұмыстарының ауқымы кең. Жаңа нысандар салу, бұқаралық спортты қолдау, балаларға жағдай жасау және халықаралық жарыстар өткізу бір-бірімен сабақтас бағыттарға айналған. Ал алдағы міндет – бар мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, спортпен тұрақты айналысатын тұрғындар санын арттыру және аймақ спортының әлеуетін одан әрі нығайту.
Тілек ҚАБЫЛ
