Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда депутаттар сенатор Ақмарал Әлназарованың өкілеттігін тоқтату туралы мәселені қарады. Сондай-ақ күн тәртібіне шығарылған заңдарды ратификациялап, депутаттық сауалдарын жолдады.
Президент жүктеген міндеттер – депутаттар назарында
317
оқылды

Палата Төрағасы, алдымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы белгілеп берген әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысты міндеттерге тоқталып өтті. Мәулен Әшімбаев Президент тапсырмаларын іске асыру жолында барлық мүдделі тарап күш жұмылдырып, өзара іс-қимылды арттыру қажет екенін айтты.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев белгілеп берген міндеттер депутаттардың ерекше назарында болуы керек. Палатаның іс-шараларын ұйымдастыру кезінде де жан-жақты ескеруіміз қажет. Сенат жүктелген міндеттерді іске асыруға қажетті заңнамалық шешімдерді Мәжіліспен және Үкіметпен бірлесіп қабылдайды. Сондықтан барлық мемлекеттік органдармен қоян-қолтық жұмысымызды жалғастыра береміз. Алдағы уақытта елімізді одан әрі дамыту жолында жаңа Үкіметпен бірге нәтижелі еңбек етеміз деп сенемін», – деді Сенат Төрағасы.

Отырыс барысында депутаттар Мемлекет басшысының Жарлығымен Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалған сенатор Ақмарал Әлназарованың өкілеттігін тоқтату туралы қаулы қабылдады. Мәулен Әшімбаев әріптесіне заң шығару ісіне қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Сонымен қатар сенаторлар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібін айқындау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Бұл заң Еуразиялық экономикалық одақ ішінде және ҚҚС төлеудің ашық тетігі бар үшінші елдермен де салық салудың тең жағдайын жасауға ықпал етеді. Ол үшін хаттама ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағында көрсетілетін электрондық қызметтер үшін жанама салық мәселелерін реттейді. Осылайша, заң салық салынатын базаны кеңейтуге, сондай-ақ бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Палата отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң да мақұлданды. Аталған келісім екі ел арасындағы заңсыз көші-қонға қарсы шаралар қабылдау мақсатымен әзірленген. Осы құжат арқылы реадмиссияның құқықтық негіздері мен шарттары айқындалады. Келісімді ратификациялау тараптардың құзыретті органдарының заңсыз көші-қонға қарсы шаралар бойынша ынтымақтастығын арттыруға және екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға оң ықпалын тигізбек.

Одан бөлек, сенаторлар маңызды мәселелерге қатысты депутаттық сауалдарын жолдады.