«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай атамыз айтқандай, мүшәйраға мектеп оқушылары да өздерінің балауса жырларын ұсынды. Негізгі кезеңге 50 ақын қатысты, олардың ішінен 9-ы ақтық кезеңге өтті. Сайыстың қорытынды кезеңі Сауран ауданы Шорнақ ауылында өтті. Қазылар алқасының шешімімен Сауран ауданының ақыны Ердәулет Бұхарбай бас жүлдеге ие болды. Оған 500 мың теңге ақшалай сыйақы табысталды. Ал І орынды түркістандық Дәурен Тілеухан иеленсе, ІІ орын Нұрғиса Төремұратқа бұйырды. Ал қос ІІІ орынды Роза Сұлтанәлиева мен Арқалық Әмалият иемденді.
Сонымен қатар өзге ақындар арнайы номинацияларға ие болды. Атап айтқанда, Сауран ауданы әкімінің арнайы жүлдесін Жанәділ Сейданов, жазушы, журналист Нұрмахан Оразбеков атындағы номинацияны Азамат Әлібек иеленді. Ал ақын Өмірбай Сәуірбаев атындағы номинация Лаура Тастанбекке бұйырса, қара өлеңнің қабыланы Қаныбек Сарыбаев атындағы номинацияға Дәурен Айманбет лайық деп танылды. Олардың бәріне ақшалай сыйақы табыс етілді.